Айта кету керек, жаңа цитометр жұмыс барысында жасушаларды зерттейтін флуоресцентті ағынды цитометрия әдісін пайдаланады. Өз кезегінде сынақ нәтижелеріне адам факторларының әсерін азайту мақсатында DxFLEX цитометрі автоматты үлгі жүктеушімен жабдықталған. Жаңа цитометрдің өнімділігі 23 минутта 32 түтікті қамтиды, яғни зерттеу нәтижелерін жылдам алуды қамтамасыз етеді. Әрі Леви-Дженнингс графиктерін пайдалану жолымен құралдың параметрлеріне ішкі зертханалық бақылау жүргізуге мүмкіндік кеңейеді.
Шымкент қаласы ЖИТС-тің алдын алу, оған қарсы күрес жөніндегі орталығының бас дәрігері Б.Сырбектің айтуынша, бүгінде Шымкент қаласының ЖИТС орталығында 1853 науқас диспансерлік есепте тұр. Науқас жағдайының ауырлығы, қосалқы аурулардың болуы, антиретровирустық терапияны қолдануы ескеріле отырып, зертханалық бақылаулар жүргізіледі. Жаңа анализатордың көмегімен алынған зерттеу нәтижелері дәрігерге пациенттің иммундық жағдайы туралы толық клиникалық ақпарат алуға, қажет болған жағдайда, емдеу шараларына уақтылы өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді. Бұдан өзге, зертхана жұмысында жаңа заманауи зерттеу әдістерін енгізу клиникалық диагностиканы жақсартуға, емдеу тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Сонымен бірге DxFLEX цитометрін тек АИТВ-мен ауыратын науқастарда ғана емес, басқа иммун тапшылығы жағдайлары, аутоиммунды, аллергиялық патологиялар, онкологиялық аурулар диагностикасында қолдануға болатынын айта кеткен абзал.