Еліміздің оңтүстігінен арнайы ат арытып жеткен театрдың төр қалаға тартуы – Бердібек Соқпақбаевтың «Қайдасың, Гауһар?» драмасы.
«Елу жылдық тарихы бар Қ.Жандарбеков атындағы театрдың шығармашылық ізденісі жылдармен бірге жанданып, жақсарып келді. Жас режиссерлердің де театрымызға деген қызығушылығы, актерлермен бірлесе жұмыс істеуге бағытталған құлшынысы қуантады. Тек, әрине, жер шалғайлау болып, көптеген өнер оқиғалары мен театр фестивальдерінен қалып қойып жатамыз. Осы жолы сәті түсіп, 1–5 қазан аралығында Өскемен қаласында өтетін Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған ХХХ республикалық драма театрлар фестиваліне дәл осы қойылымымыз шақырту алды. Арқаға алып-ұшып жеткен бетіміз осы. Алла жазса, Астанадағы гастрольдік сапарымыз аяқталған соң бірден Өскемендегі фестивальге қатысуға аттанамыз», деді театр директоры Орал Камал.
Иә, биыл ғасыр тойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына жаңашыл бағытта көз тіккен театрлар түрлі инсценировка мен импровизацияға ерік беріп, соны сараптауымен сүйсіндіріп жүр. Ал Жетісай драма театрының әкелген бұл қойылымы қаламгердің әйгілі шығармасының алғаш рет театр сахнасына шығуымен де құнды. Сезімге толы сыршыл шығарманы сахна қалыбына салып, спектакль жасаған жас режиссер – Шағуан Үмбетқалиев, сценография авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Срайылов.
Шынымен-ақ кейінгі кезде өткен ғасырдың екінші жартысындағы прозаның инсценировкаға айналып, сахнаға көшіп жатқаны көңіл қуантады. Еліміздің көптеген театры Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин сынды қаламгерлердің әңгіме, повестерін сахнаға көшіріп, ұлттық драматургиямызға тамаша олжа салып жүр. Соның бірі – осы «Қайдасың, Гауһар?». Бұған дейін жазушының «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат» шығармалары бірнеше театрда сәтті сахналанса, көрерменімен алғаш қауышып отырған «Қайдасың, Гауһардың» да көрушісіне өзіндік айтары мол. Оны ардагер әріптесіміз, журналист Анар Төлеуханқызы өз тебіренісінде былай баяндады: «Алғашқы сәттерінен бастап бүкіл өн бойынан тазалықтың лебі ескен, балаң махаббаттың алғашқы бүршік атуы, опера көрмек түгілі атын естімеген «Чио-Чио-Санды» тыңдау, бәрі-бәрі бірінші рет болатын көріністер өте нанымды, шынайы бейнеленеді. Ауылдан шыққан бозбаланың даланың саф ауасындай тап-таза көңілі, соғыстың қиын уақытында қаланың «тәлкөшкесінен» киім сатып алуы (онысы әйелге арналып тігілген) бәрі де сол баяғы оқыған повесіңдегідей тұп-тура баяндалып жатыр. Ойың шарқұрып, еш қиналмайсың, «режиссердің ойы қандай, әртістердің мизансценада айтпағы не?» деп те толғанбайсың. Қарапайым бейнеленген сол баяғы оқыған повесіңнің беттерін ақырындап қайтадан парақтап жатасың».
Біздің де бұған алып-қосарымыз жоқ. Артық-кемі жоқ дәл осы суреттеу мен дәл сол әсер біздің де көз алдымыз бен көңіл түкпірінен қатар өтіп жатты. Жазушының табиғатынан айнымаған дәл өзіндей шынайылығы жетісайлық театрдың ойынынан да айқын сезіліп тұрды. Бәрі де қарапайым, жып-жылы, мөп-мөлдір. Бірақ бір ғана жетіспегені – сахна заңдылықтарына сай инсценировканың солғындығы, яғни оқиғаның әлі де біраз ширатуға сұранып тұрғаны дер едік. Өйткені прозаны оқу бір бөлек те, оны қойылым ретінде сахнадан тамашалау мүлдем басқа заңдылықтар мен ережені талап етері сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде жетісайлық драманың әлі де бір қайнауы ішінде кеткендей. Сюжеттің, драма динамикасының тағы да дамытуға сұранып тұрғанын байқадық. Костюмдегі стилистика мен талғам мәселесі де ізденісті қажет етеді. Музыкалық безендіру мен актерлердің ішкі сезім күйін жеткізудегі сәттер аралығында үндестік үйлесімін бірізділікке түсірудің де қажеттілігі байқалды. Десе де шығармадағы кейіпкерлер мен сахнадағы рөл сомдаушылардың арасындағы жас айырмашылығы әлдеқайда алшақ болғанымен, ересек актерлер кейіптеген жасөспірімдер бейнесі шынайылығымен баурады. Қойылым емес, сол баяғыдай кітапты қайта оқып отырғандай күй кештік. Бұл ойымызды спектакльден кейінгі сұхбатымызда кітап пен сахнадағы бейнелерді салыстыра талдаған журналист Анар Төлеухан да қуаттады: «Әртістердің рөл сомдауы шынайы. Тек сен оқыған кітапта Жәнібек 9-сыныпты бітіріп, соғыс уақытында мұғалім тапшылығынан «дүрдей» мұғалім атанғаны болмаса бозбала-тын. Жақанның сәл-пәл үлкендігі болуы тиіс-ті. Гауһар да, Шолпан да уыздай жас еді. Ал сахнадағы бейнелер жас көрінбеді. Оның себептері де бар шығар, бәлкім театр әртістері қатарында жастар аз болар. Дегенмен жастар сомдаса, тіптен қатып кетер еді. Сонымен қатар драмада повесте жоқ бейне бар. Ол – Гауһардың інісі. Менің пайымымда сәтті-ақ қосылған бейне. Қай кезде де інісінің әпкесін қызғана қоруы, жас жігіттің әпкесі үшін кішкентай баланың көңілін аулап, сыйлық беріп сөйлесуге «рұқсат» алуы да кәдімгі өмір ғой. Алайда бұл рөлге де баланы тартса керемет болар еді дейсің. Жетісайлықтар осы қойылым арқылы өткен ғасырдағы қазақ қыз-жігіттері арасындағы сыйластық, махаббат, құрмет тәрізді аяулы сезімдерді қалай аялай білгенін өте тамаша көрсете біліпті. Тазалыққа құрылған, тұп-тұнық махаббат бүгінгі егде жасқа келген көрерменнің өткен шақтарын сағына еске алдыратындай, ал бүгінгінің жастарына махаббатты аялай білудің үлгісін көрсеткендей екен», деп сөзін түйіндеді журналист.
Жарты ғасырлық тарихы бар Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының жып-жылы қойылымы көңілге көктем орнатқан кеште жанды жадыратқан тағы бір жағымды жаңалық – Астана қаласы әкімдігіне қарасты Жас көрермендер музыкалық театрының директоры мен Түркістан облысы әкімдігінің Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры арасындағы әріптестік достық, яғни меморандумға қол қою сәті болды.
– Қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың бұл тамаша повесі желісінде жазылған дүние елордадағы сахнада тұңғыш рет сахналанып отыр. Ерекше оқиға деуге болады. Өнер – қай жерде де өнер, ол өңірде болсын, елордада болса да өз мүмкіндіктерін барынша көрсетеді. Ал бүгінгі қол қойылған меморандум – қос театрдың шығармашылық ізденісіне тың серпін береді деп сенемін, – деді Астана қалалық Жас көрермендер музыкалық театрының директоры, көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров.
Екі театр арасындағы шығармашылық байланыс алдағы уақытта сәтті жалғасын тауып, шалғайдағы театрдың шығармашылығына соны серпіліс сыйлап қана қоймай, сапалы қойылымдарымен елордалық көрермендерге жиі тарту жасап тұратынына шын иландық һәм риясыз қуандық.