Баға • 08 Қазан, 2024

Бағаны заңсыз көтерудің зардабы

85 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейде нарықты уысында ұстап отырған кәсіпкерлер халықты ойлаудан қалған ба деп қаласың. Ірісін былай қойғанда, шағын кәсіп иелері де әр затты әртүрлі бағада өткеріп жатады. Бір затты әлдебір дүкеннен төмендеу бағаға сатып алсаң, басқа дүкенде шамалы қымбат бағада сатылымда тұратыны рас. Біз осындай ұсақ-түйекті әңгіме қылып жүргенде, ірі кәсіпорындар бағаны әлденеше есе көтеріп жатады екен.

Бағаны заңсыз көтерудің зардабы

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Әзімов адам шошырлық деректер келтіреді. Департамент қызметкерлері бәсекелестікті қорғау саласында бір­неше мәрте заңнаманы бұзылғанын анықтапты. Тіпті ұят ұғымын кері ысырып қойып, бағаны әлденеше есе өсіріп жібергендер де бар.

«Есепті мерзім ішінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзға­ны үшін 5 әкімшілік іс қозғалды. Нәти­же­сінде, 8 749 475 теңге көлемінде монопо­лиялық кіріс тәркіленіп, 2 888 438 теңге айыппұл салынғанын айта кеткен жөн. Тергеп-тексеру барысында сұйық оттегін өндіру және өткізу кезінде «Қазфосфат» ЖШС өзінің үстемдігін теріс пайдаланып, бағаны 36 460 теңгеден 102 320 теңгеге дейін немесе 180 пайызға көтергені анықталды. Нәтижесінде, субьектіге қатысты 8 344 170 теңге монополиялық кіріс тәркіленіп, 1 203 300 теңге айыппұл салынды. Қаражат толықтай бюджетке қайтарылды. Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру бойынша тиісті нұсқама берілді», дейді департамент басшысы.

Бәсекелестікті қорғау саласындағы заң­наманы бұзудың алдын алу мақ­са­тын­да 6 тергеп тексеру тағайындалған. Оның 5-еуі аяқталған. Тауар нарығын­да­ғы бәсекелестіктің жай-күйін зерделеу мақсатында 10 мәрте талдау жұ­мы­сы қолға алынған. Департамент қыз­мет­керлері агроөнеркәсіп, отын-энер­гетика кешені, өндірістік және басқа да салалар бойынша зерделеу жұмы­сын жүргізген. Жалпы, атқарылған жұ­мыс қо­рытындысына сәйкес бағаны тұрақ­тан­дыру бойынша тиісті нұсқама енгізілген.

«Судың да сұрауы бар» деген сөз бекер айтылмаса керек. Алайда саланы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған мекеме де заңды белден басатын көрінеді. Департамент өкілдері олардың да кемшіліктерін анықтаған.

«Монополиялық жағдайды теріс пайдалану арқылы жеке, заңды тұты­нушыларға «суды қосу мен ажы­рату» қызметі бойынша жоғары баға белгілегені үшін «Жамбыл су» шаруа­шылық жүргізу құқығындағы КМК-на тергеп-тексеру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде, монополияға қарсы заңнаманы бұзу деректері анықталып, 429 043 теңге айыппұл салынып, бюжетке қайтарылды», дейді департамент басшысы мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Жалпы, жол жөндеу, жол салу дегенді тендерден алған қаржыға «қол салу» деп түсінетіндер аз емес секілді. Қулығына құрық бойламайтын ондай серіктестіктердің біразының әлденеше жыл бұрын тамырына балта шабылған еді. Әйткенмен, салада әлі де болса бәсекелестік заңдылығына шекеден қарайтындар бар сияқты. Мұны жауапты департамент басшысы ұсынған деректен де аңғарғандай болдық.

«Автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау қызметімен айналысатын «Берікболсын жолдары» мен «Көпбосын» ЖШС-ға қатысты тергеп-тексеру жұмысы жүргізілді. Аталған қызметтерге мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижелерін бұрмалау бөлігінде бәсекелестікке қарсы картельдік келі­сімнің белгілері расталды. Нақтырақ айтсақ, «Берікболсын жолдары» мен «Көпбосын» ЖШС 2019-2023 жылдар аралығында 14 лотқа бірге қатысып, жалпы сомасы 337 496 504,98 теңгенің жұмысын жеңіп алған. «Көпбосын» ЖШС 9 лот бойынша жеңіске жетсе, «Берікболсын жолдары» ЖШС 5 лотты жеңіп алған. Екі субьектінің қай жеңгені тапсырыс берушінің бағасынан сәл төмен баға қойса, екіншісі тапсырыс берушінің бағасын қою әрекетімен өзара жалған бәсекелестік тудырып отырған. Атқарылған жұмыс нәтижесінде, «Берікболсын жолдары» ЖШС-ға қатысты 2 435 576 теңге монополиялық кіріс тәркіленіп, 598 156 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал «Көпбосын» ЖШС-дан 12 657 000 теңге монополиялық кіріс тәркіленіп, 2 915 214 теңге көлемінде айыппұл арқалайды», дейді.

Материалдардың нәтижесі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу мақса­тында Қаржылық мониторинг агент­тігінің Жамбыл облысын­дағы эконо­микалық тергеп-тексеру депар­тамен­тіне жолданды. Серіктестердің іс-әрекет­терінен қылмыстық жаза белгілері анық­тал­маған жағдайда субьектілерге қатыс­ты әкімшілік іс қозғалып, нұсқама енгізіледі.

Қалай алып қарасақ та, бәсекелестікті қорғаудың маңызы зор. Дегенмен бағаны заңсыз көтеретін түрлі мекеме мен серіктестіктер әрекеті халықтың шымбайына бататыны анық.«Келіскен жерде жеңіс тең» ұстанымын ұстану арқылы табысын еселегісі келетіндердің тамырына балта шабатын кез де келген шығар. Кім білсін...

 

Жамбыл облысы