Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
«Бас-басына би болған, өңкей қиқым...»
Қазақстан – демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет. Еліміздегі азаматтардың заңдық тұрғыда құқығын қорғап, қажетін өтейтін сот, прокуратура, полиция, ұлттық қауіпсіздік қызметі секілді мемлекеттік органдар Ата заңда көрсетілген басты міндеттерін қалтқысыз атқарып жатыр. Мұндай кезеңде жоғарыдағы құзыретті органдардың қоғамдық тәртіп пен мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау, үкім шығару секілді басты міндеттерін өздеріне де «тиесілі» санайтын қанаттас құрылымдардың құрылуы мүмкін емес. Бұл – талқыланбайтын аксиома.
Бірақ ел арасындағы дау-жанжал, ұрлық-қарлық мәселелерін ауыл үйден ұзатпай шешкелі жүрген түрлі ынталы топтардың бар екенін, қазір олар бірін-бірі би сайлап, аты дардай ұлт танымындағы қасиетті лауазымды иеленіп алғанын әлеуметтік желілерден байқап жүрміз. Сондай-ақ Әділет органдарына ресми тіркелгені бар, тіркелмегені бар «Әлем билер алқасы», «Қазақ билер алқасы» деген секілді бірнеше қоғамдық бірлестіктің құрылып жатқанынан да жұрт хабардар.
Қазақстан азаматтары ортақ мақсаттарға жету үшін бас қосып, қоғамдық бірлестікке бірігуге заңдық тұрғыда толық хақылы. Қоғамдық ұйымның құжаттары мен «Жарғысында» қолданыстағы заңға қайшы ой-пікір, мақсат-мүдде болмаса, бірлестіктің ресми тіркеуден өтуі де – қалыпты жайт. Яғни әділет мекемелерінің ол бірлестіктерді ресми тіркеп, ұйым ретінде жұмыс істеуіне рұқсат бергеніне қарсы уәж айтудан аулақпыз. Десе де бізді «Бұл бірлестіктер қазақтың ұлттық танымындағы «би» деген қасиетті ұғымның қадірін кетіріп, жібермеді ме?» деген сұрақ мазалайды.
Мұндай заңды сауал қоюымызға аталған қоғамдық ұйымдар әр облыс, әр аудан, әр ауылдан, тіпті қандастарымыз мекендейтін шет елдерден де бір-бірден «сайланбалы билерін» тағайындап жатуы себеп болып отыр. Ел аумағындағы 84 қала, 200 кент, 2 036 ауылдық округтің әрбіріне би сайлап шығуға қоғам мұқтаж ба? Қазір аталған ынталы топ мүмкіндіктері жеткен елді мекендердің деніне би сайлап та қойды. Ол билер кейде Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді аруақты бабаларымыздың санадағы сом тұлғасын кішірейту ойынын ойнап жатқандай көрінеді.
Қазақтың дәстүрлі қоғамында билер дауыс берумен сайланбаған. Ханның да жарлық шығарып, би тағайындауға хақы жоқ. Ұлтымыз білім-білігімен бұқараны мойындатып, сөзге шешен, ділмарлығымен көзге түсіп, дау-дамайлы елдік істерде тек әділдігімен танылған тұлғаны ғана би деп танып, оның бұқараны демократия жолымен басқаратынына сенгенде ғана қолына биліктің тізгінін ұстатқан.
Қазақтың сан ғасырдан бері салт-дәстүр, ұлттық таным, тарихи жадымен бірге қалыптасқан билер институтының осы қағидаттарын аяқ асты етіп, жүзге жетер-жетпес адамның кеңесімен барша бұқара жете танымайтын біреуді «қазақтың бас биі» деп сайлай салуы, дұрысы аз ғана ынталы топтың «тағайындауы» саяси сауатты қоғамның ісі деуге бола ма? Әлгі қоғамдық бірлестіктерге біріккен «көп би» халқымыздың төбе биі атанған Төле билердің ұлық дәрежесіне жалпақ жұртқа есім-сойы мүлдем беймағлұм бір азаматты теңестіріп қоюы «өгіздей болуға ниетті бақаның тырбаңына» ұқсамай ма? Алдағы он жылдықтарда жұртымыз «Бас-басына би болған, өңкей қиқым» деген Абайдың күйін кешпей ме?
«Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі...»
Рас. Жеріне жеткізіп айтар сөз ауызға түспесе, Абайға арқа сүйейміз. Құнанбай баласының адамзат бойындағы пайда, мақтан, әуесқойлық секілді мінездерді шайтанның ісіне теңеуі бүгінгі жаңа қазаққа тікелей қатысы бардай әсер етеді. Ынталы топтың сайлау өткізген болып, өздеріне таңып алған «қазақтың бас биі», «облыстың аға биі» деген секілді лауазымдар «әуесқойлық» пен «мақтанға» асықтықтан туған аңсар дүние секілді. Атақ, даңқ, мақтау мен марапатқа құмартқан нәпсінің көмейін аты дардай лауазымдармен тығындау әсте мүмкін емес.
«Қазақ билер алқасы» ұйымының білек сыбана кіріспекке бейілді бастамаларын сүзіп шыққанда кәдімгі ауыл арасындағы ақсақалдардың «қазақтың бас биі», «ауылдың аға биі» атанбай-ақ өзара кеңесіп шешіп жүрген істерінен айырмашылығы жоқ екенін аңғардық. Тіпті «Ақсақалдар кеңесі» секілді ұйымдар бидің шенді шапанын жамылмай-ақ еліміздегі сан алуан проблемаларға қатысты ресми органдарға ұсыныс беріп, талай күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатып жүрген жоқ па?
«Қазақ билер алқасы» ұйымы «қазақтың бас биі», «ауылдың аға биі» дегендерді сайламай-ақ, «Ел ағаларының алқасы» деген секілді санаға да, құлаққа да салмақ салмайтын атаудың айналасына біріксе, өздері айтқан ұлттық құндылықты дәріптеуге де, ұрпақ тәрбиелеуге де, ел арасындағы ұсақ бұзақылықтарды заңға жеткізбей шешуге де, тіпті дәстүрлі билер институтын жаңғыртуға да даңғыл жол ашпас па еді?
«Оларға жол – арамның сөзін ұқпақ...»
Қош! Қоғам Абайдың «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деген тәліміне бой ұсынып, бәріне қол сілтей салсын. Бірақ сол өлеңнің «Оларға жол – арамның сөзін ұқпақ» деген екінші жолын қайда қоямыз?
Қазақстанда 2007 жылдан бері Алқа билердің қатысуымен өтетін сот жүйесі жұмыс істей бастады. Содан бері мемлекетімізде кейбір қоғамдық резонанс туғызған қылмыстық істерді Алқа билер қарап, ортақ әділ үкім шығаратын жүйе қалыптасты. Бастапқыда алқа билер өлім, я өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін қылмыстық істерді қараса, қазір алқа билердің «үкіміне» тапсыруға болатын қылмыстардың саны 44-ке дейін артты.
Яғни қарапайым бұқара сот жүйесіндегі осы «алқа билер» ұғымын, қоғамдық бірлестіктің «билер алқасы» деген атымен шатастырып, жаңылтпаштың жігін ажыратпауы мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Мұның астарынан Абай айтқан «Оларға жол – арамның сөзін ұқпақ» деген ойдың сұлбасын көруге болатын сияқты.
Осы орайда заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлінің сөзіне құлақ түрдік.
– Батыста «құқықтық плюрализм» деген түсінік бар. «Құқықтық плюрализм» ұстанымы бір саяси-қоғамдық жүйеде түрлі құқықтық мәдениеттер мен әралуан жөн-жоралғы, салт-дәстүрлердің қатар өмір сүруіне жағдай жасайды. Қазіргі төрткүл дүниені мультимәдениетті қоғам ретінде қараған жөн. Мәселен, дамыған мемлекеттер жер бетіндегі діндердің, әртүрлі салт-дәстүр ұстанатын халықтардың ішкі сенімі мен ұлттық танымына қатысты құқықтық мүдделерін Конституцияға қайшы келмейтін тәртіппен реттеп отыр. Бізге де сол құқықтық мәдениеттің түбі орнайтыны анық, – дейді заңгер.
Ол саяси-қоғамдық жүйеде түрлі құқықтық мәдениеттердің қатар дамуына қарсылық көрсетуге болмайтынын, әлдебір бастамашы топ республикалық деңгейде дәстүрлі билер институтын жаңғырту мақсатында қоғамдық ұйым құрып жатса, оған да демократиялық көзқараспен қарауымыз қажеттігін айтты.
Әлемде түрлі дауды бітімгершілікпен шеше білу құқықтық мәдениеттің ең жоғарғы көрсеткіші саналады. Дамыған елдерде адамдар арасындағы дау-дамайдың 90 пайызы бітімгершілік пен шешіледі.
«Елімізде дәстүрлі билер институты шынымен жаңғыратын болса, олар біріншіден, ағайын арасындағы кикілжіңдерді шешіп, медиация ісімен, яғни араздасқандарды татуластырумен айналысуына болады», дейді Қ.Дәуітәлі.
Сонымен қатар заңгер: «Дәстүрлі билер институты «аралық сот» міндетін атқарып, қолданыстағы заңдарымызда қаралмаған кейбір қоғамдық қатынастарды тараптардың келісімен ала отырып шешеді, олардың шығарған шешімінің үкім ретінде заңдық күші болмаса да, ел арасындағы татулық-бірлікті сақтап қалуға септесері анық», деген пікірде.
Мәселен, заңгер қазақта енші бөлу деген дәстүр болғанын, бір отбасы балаларының қара шаңырақтағы дүние-мүлікті бөлісу құқығы қолданыстағы азаматтық заңнамада да, мұрагерлік заңнамада да қарастырылмағанын, бір ғана некені мойындайтын заңымыз көп әйел алған азаматтардың екінші, үшінші әйелдерінің құқықтық мүдделері мен олардан туған балалардың мұрагерлік құқығын заңмен әділ реттей алмайтынын, азаматтық қоғамды дамыту үшін билер институты осындай күрделі істерді шешуге міндеттеу керек екенін тілге тиек етті.
P.S. Ғасырларға созылған отарлық дәуірі ұлттың салт-сана, таным-түсінігі негізінде қалыптасқан ел билеу дәстүрін, яғни қазақтың билер институтын жойып тынды. Сол институтты қайта жаңғыртып, жалпы халықтық сипат алатын қоғамдық игілікке айналдыруға белсеніп жүрген еріктілер «қазақтың бас биі» деген лауазым мен заңгер айтқан ел ісінің қайсысы алда тұру керегін түсінсе екен дейміз.