Проактивті, атаулы тәсілді жетілдірудің салмақты құралы халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасының жақсаруына пәрменді ықпал ететіні сөзсіз. Еске салып өтсек, Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқықтары жөнінде күнделікті электрондық хабарлама рөлін орындаумен қатар, әлеуметтік саясаттың орта, ұзақ мерзімді міндет-бағыттарын айқындауға қызмет етеді. Отбасы жағдайын жан-жақты бағалаудағы мемлекеттік күш-жігерді оңтайландыру халықтың әлсіз топтарын анықтауға көмектеседі. Қолдау шаралары тіпті интернет платформаларына қолжетімділігі шектеулі азаматтарға да автоматты түрде жүзеге асырылады. Карта отбасының әл-ауқат деңгейін әлеуметтік, тұрғын үй жағдайы, денсаулығы негізінде есепке алады.
Қазірдің өзінде онда отбасының аумақтық орналасуы, денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау, басқа да өмірлік қажеттіліктері туралы мәліметтер қамтылған. Әділ де тиімді әлеуметтік қолдау жүйесін қалыптастыруға бағытталған бастама арқылы бүгінде карта дерекқорына 20 млн азамат немесе 6 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған. Бұл мемлекеттік қаражаттың дұрыс бөлінуіне, нақты уақыттағы деректерге негізделген әлеуметтік көмек көрсетудің дәлдігін арттыруға мүмкіндік ашады.
Қарапайым әрі оңтайлы ОЦК жұмысын қазір жұртшылық жақсы біледі. Азаматқа қолдау шарасы қойылған қандай да бір өмірлік жағдайда, Мобильді азаматтар базасында көрсетілген нөмірге 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Алушы өтінімді ресімдеуде ХҚКО немесе басқа мекемеге жүгінбей-ақ, уақытын едәуір үнемдей отырып, жылдам жауап алады. Өтінішті ресімдеу, әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде жүргізіліп, келісім расталғаннан кейін белгіленген қаражат алушының банктік шотына аударылады. Биыл жыл басынан бері мемлекеттік қызметтерді белсенді көрсетудің нәтижесінде 251 мыңнан астам адам SMS-хабарлама алып, оның 115 мыңы жәрдемақы мен төлемдерді өтінішсіз алу мүмкіндігін пайдаланған.
ОЦК арқылы мемлекеттік қолдауға құқығы бар ел тұрғындары қосымша өтініш берусіз мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің бірнеше түрін ресімдей алады. Оған: бала туу, бала күтімі жөніндегі жәрдемақы; еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлем; асыраушысынан айырылғандағы әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы; мүгедектігі жөніндегі жәрдемақы; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы; көпбалалы отбасыларға жәрдемақы; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған көпбалалы аналарға жәрдемақы; атаулы әлеуметтік көмек, тағы басқа төлемдер кіреді. Бұдан бөлек, зейнетақы жасына жеткенге дейін 2 ай бұрын зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы, берілген/ұзартылған «қандас» мәртебесінің аяқталу мерзімі, жұмыс іздеу, тегін оқудан өту, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары жөнінде автоматты хабарламалар тетігі іске қосылған. Инновациялық жоба биыл Дубайдағы Дүниежүзілік үкімет саммитінде «Инклюзивті цифрлық трансформация» санатында үздік деп танылып, беделді GovTech сыйлығын иеленгені мәлім.
Отбасының тәуекелдерін, әл-ауқат индексін белгілеумен, өмірлік қиын жағдайдың деңгейін талдаумен қатар, ОЦК мемлекеттік органдар мен әкімдерге әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу барысында өңірлердегі жағдайды саралауда да маңызды рөл атқарады. Қазір ОЦК деректері арқылы жүргізілген отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын бағалау негізінде әкімдерге дағдарысты күйдегі (D), шұғыл әрекетті қажет ететін (E) отбасылар санын азайту жөнінде KPI – тиімділіктің негізгі көрсеткішін анықтау қажет. Жылдық индикаторларды айқындай келе, осы санатқа жатқызылған отбасылар санын азайту жөнінде өңірлердің рейтингін есептеу мақсатында тиісті әдістемелер әзірленді. Бұл ретте әкімдердің іс-қимылы пайыздық мәнде төмендеудің жылдық көрсеткішіне қол жеткізуді ескеру арқылы бағаланбақ.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар деректері жаңартылмаған отбасылар мен D, Е санатындағы отбасылар санын азайту мақсатында табысы, активі, медициналық сақтандыруы жоқ адамдарды анықтауға, оларды тұрғылықты жеріне тұрақты тіркеуге, қолдау көрсетіп, кеңес беруге кірісті.
ОЦК Smart Data Ukimet арқылы мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Қолданыстағы цифрлық платформаны жаңғырту мемлекеттік, мемлекеттік емес ақпараттық ресурстармен қосымша қажетті интеграцияны жүзеге асыруды, әлеуметтік қызметкерлерге мобильді қосымшалар әзірлеуді көздеп отыр. Әлеуметтік картаны жаңғырту барысында қызметтердің интеграцияланған моделі адамдарға тиімді қолдау шараларын көрсетуде, өмірлік қиын жағдайдан тез арада шығаруда әртүрлі мекемелердің жұмысын шоғырландыруға, ешкімді артта қалдырмау қағидатын орындауға, деректерді жинау мен қайта өңдеуге, мониторинг саласындағы мемлекеттік функциялардың қайталануына жол бермеуге, қоғамның нақты проблемалары мен қажеттіліктері негізінде бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыруға екпін береді.
Ең бастысы, қоғамның әрбір мүшесінің мұқтаждығы шешіліп, мақсатты шаралар игерілген кезде, отбасын өмірлік циклдің барлық кезеңінде қолдау институтын құру да шындыққа айналады.