Пікір • 08 Қазан, 2024

Тарихи шешімге үлес қосуды парыз санадық

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл референдумдағы өзгерістің бірі – саяси партиялардан байқаушы ретінде қатысу үшін аккредитациядан өту белгіленген. Шілде айында Орталық сайлау комиссиясы осындай бұйрық шығарыпты. Біз мұны білмей қалыппыз. Ал «Сайлау тура­лы» заң талабы бойынша партиялардан келген сайлаушылар аккредитациядан өтпейтін еді. Бірақ референдум алдында бұл ереже қапелімде өзгертілген. Сондықтан осы референдумның қалай өткеніне терең баға бере алмаймыз. Өйткені біз байқаушы ретінде оған қатыса алмадық.

Тарихи шешімге үлес қосуды парыз санадық

Сурет: inbusiness.kz

Меніңше дауыс беру учаскелері жақсы ұйымдастырылған. Біздің учаскемізде БАҚ-тан және үкіметтік емес ұйымдардан байқаушылар отырды. Адамдар жақсы көңіл күймен келіп, дауыс беріп жатты. Олар бұл іс-шараның маңызын түсінгеніне шүбә жоқ. Өйткені АЭС салу тақырыбы бір жылдың ішінде көп талқыланды. Әсіресе, кейінгі 2-3 айда әлеуметтік желіде де, бұқаралық ақпарат құрал­да­рында да көп жазылды, айтылды. Сондықтан халықтың бәрі бұдан хабардар екеніне сенімдімін. Олар да осы тарихи шешімге өз үлесін қосуға талпынып, дауыс беру учаскесіне келіп, таңдау жасап жатты.

Біз алдында референдумға сай­лаушылардың қатысу мөл­шері 60 пайызға дейін барады деп ойлағанбыз. Алайда ресми ақпаратқа сүйенсек, 60 пайыздан асып кетті. Бәлкім, мұның бәрі кейінгі кездері жаппай жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі шығар.

Мен өзім де еліміздің бірқатар өңірінде болып, халықпен жүз­дестім. Ол басқосуларда АЭС құры­лысына қатысты түрлі өзекті сұрақтар қойылды. Әсіресе халықты АЭС-тің қауіп­сіздігі, қоршаған ортаны қор­ғау, құрылыс барысында болуы ықтимал жемқорлық, оған кадр даярлау және тәжірибенің жоқтығы секілді мәселелер алаң­­дататынын білдік. «Ақжол» партия­сы осы мәселелерге байланысты Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті, «Қазақ­атом­өнеркәсіп» басшыларын шақырып, ұлттық кеңестің арнайы үш сағаттық пленумын өткіздік. Халық тарапынан айтылған өткір сұрақтарды біз мамандарға да қойдық. Сонда бір таңғалғаным, бастапқыда АЭС құрылысына қарсы болып отырған кейбір әріптестерім де жиынның соңында АЭС салуды бірауыздан қолдап дауыс берді. Өйткені біз оның керек екеніне көзімізді жеткіздік. Сондықтан біз референдумды қолдайтын Халық штабы құрамына да кіріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тікелей араластық.

Қазір электр энергиясының тапшылығы елге инвестиция тар­туға, инвестициялық жобаларды іске асыруға, жаңа технологияларды енгізуге кедергі болып отыр. Халықпен жүздесулерде де бастапқыда олардың тарапынан қарсылықты, жайсыздықты көрсек, барлығын орны-орнымен түсіндіре келе АЭС керек екеніне көзі жеткенін байқадық. Жалпы айтқанда, біз өткізген кездесулерде адамдардың шамамен 85 пайызы елімізде атом электр стансасын салуды қолдайтынын білдірді. Иә, арасында АЭС құрылысына мүлдем қарсы шыққан адамдар да табылды. Бұл да олардың құқығы. Әр азамат өз көзқарасын білдіруге толық хақы бар. Референдум да сол үшін ұйымдастырылып, жүзеге асты.

 

Азат ПЕРУАШЕВ,

Мәжіліс депутаты