Өнер • 09 Қазан, 2024

Барокко дәуірінің жауһары

51 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Астана Опера» сахнасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұсынылған Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» операсының премьерасы өткен аптаның ғана емес, жалпы театрдағы жаңа маусымның ең жарқын оқиғаларының бірі болғаны анық. Айтулы шығарма классикалық барокко музыкасын, бірегей заманауи режиссерлік тұжырымдаманы һәм отандық опера шеберлерінің кәсіби кемелдігін бір арнаға тоғыстырған айтулы оқиғаға айналды.

Барокко дәуірінің жауһары

Сахнаға сән кіргізген «Қаһарлы Орландоның» басты жаңалығы – қазақ театрларында алғаш қойылуы дер едік. Бұ­ған дейін әйгілі Антонио Ви­валдидің «Жыл мезгілдерін» ұйып тыңдаған көрермен енді ке­меңгер композитордың тағы бір кереметіне жан суарып, көңіл сүйсінтті. Оғлан Орландоның ой орам­дары мен сезім шарпысуы оқиға өзегіне айналған тамаша туынды тыңдаушысына естен кетпес ерекше әсер сыйлағаны сөзсіз.

Опера сюжеті сұлу Анже­ли­ка­ға деген жауапсыз махаб­ба­тының салдарынан есінен адасатын басты кейіпкер – жауынгер Орландоның айналасында өрбиді. Құштар сезімді бастан өткеретін Орландо қызғаныш пен ызаға беріліп, ақылынан алжасады. Оның басынан кешкен оқиғалары мен ауыр дертінен бөлек, шиеленіске толы басқа да махаббат желілері өрбіп, ақыр аяғында операның негізгі кейіп­керлерін бақытқа алып келеді.

– Антонио Вивальди өзінің аспаптық шығармаларымен таны­мал болғанымен, ол көпте­ген вок­алдық туындылар, оның­ ішінде опералар да жазды. Біз­дің сахнадағы «Қаһарлы Орлан­доның» премьерасы осының жарқын көрінісі болғаны анық. Жалпы, камералық опера бароккодан бастау алады, дәл осы бағыт опера өнерінің одан әрі дамуына негіз болды. К.Монтеверди сынды ерте кезеңдегі композитор­лардың арқасында біз бүгін тамашалап жүрген опералар, мә­селен, Дж.Верди, Дж.Пуч­чини немесе Ж.Бизенің туын­дылары пайда болды. Бұл ұлы ком­позиторлардың барлы­ғы да ерте кезеңдегі опера шебер­лерінен үйреніп, олар­дың ба­роккоға салып кеткен дәстүрлерін жалғастырды. Бүгін­де театрымыздың сахнасында «Piccolo театры» жобасы аясында Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» немесе жас Джоаккино Россини жазған «Жібек саты» опералары жү­реді. Айтулы туындылар – Ан­тонио Вивальдидің «Қаһар­лы Орландосы» секілді ерте кезеңдегі туындыларға салын­ған дәстүрлердің жалғастыру­шылары. Нәтижесінде, театры­мыздың көрермендерге опера өнерінің қайнар көзін паш етіп қана қоймай, сол арқылы ло­гикалық тізбек құра отырып, түп тамырға бойлап жатқанын көреміз, – деді қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин.

п

Аз-кем опера тарихына бойлап көрсек, А.Вивальди «Қаһарлы Орландоны» 1724 жылы жазған. Оған операны дүниеге әкелуге Лудовико Ариостоның сол кезде-ақ әдеби жауһар ретінде танымалдылыққа ие болған аттас эпостық поэмасы шабыт берген. Композитор кейіпкерлердің эмо­циялық тереңдігі мен оқиғалардың драмалық өзек­ті­лігін атап көрсету үшін жаңа операда музыканың мүмкіндіктерін барынша қолданған. Опера Венецияда пайда болды. Ол кезде Вивальди «Sant'Angelo» театрында жұмыс істейтін. Вокал әдемілігі мен әсерлі арияларға қатты назар аударуды талап еткен жалпы дәстүрлерге қарамастан, композитор кейіпкерлер мінезінің дамуына және симфониялық сүйемелдеуге баса ден қойды. Вивальдидің музыкасы үйлесімді шешімдердің күрделілігімен, әсіресе, Анжеликаға деген жауапсыз махаббатының салдарынан ақылынан адасқан бас­ты кейіпкер Орландоның ес­сіздігін атап көрсететін тембр­­лер мен ырғақтардың қарама-қай­шылығымен ерекшеленді.

– Бұл операда біз өзімізге үйреншікті болған арфа, литавр мен тромбондар жоқ камералық оркестрді көреміз. Мұнда негізінен флейта немесе гобойдың сирек сололары бар ішекті аспаптар тобы жұмылдырылған. Оркестрдің дәл осындай жеңіл құрамы бізге музыка тілінің қалай дамығанын бақылауға тамаша мүмкіндік береді. Вивальдидің вокалдық партияларға деген көзқарасы да қызықты. Композитор контртенорды, контральтоны белсен­ді қолданып, колоратураларды орындайтын төмен дауыстар­ға айрықша көңіл бөледі. Бұл жер­де колорату­ра – біз ойлағандай да­уыс жо­ға­­рылығының сипатта­масы емес, оның жылжымалылығы еке­нін айта кету маңызды. Осы­лай­­ша, тенор да, баритон да ко­­ло­ратуралық дауыстар бола ала­­ды. Операдағы аспаптық және во­кал­дық желілер арасында шек­­сіз әрекеттесу байқала­ды. Бұл Вивальдидің композитор ретіндегі ерекшелігі мен жа­­ңашылдығын айшықтай­ды, деп камералық оркестрді бас­қарған қоюшы дири­жер Аб­зал Мұхитдин Виваль­­ди музы­касындағы қарама-қай­шылық­ты, яғни құштарлықтың екпін­ді дауылынан бастап, лирикалық баяу сәттерге дейін атап көрсетті. Оның жетек­шілігімен оркестр операның барлық эмоциялық қыр-сырын сәтті жеткізді.

Сондай-ақ қойылымның режиссері Алла Симони­шви­лидің солистермен атқар­ған қажырлы еңбегі де зор қо­шеметке лайық. Жаңа му­зы­ка­лық тұжырымдама авторы­ның сахналық пайымдауы тарихи мазмұн мен барокко музыкасын біртұтастық биігін­де асқақтатты. Онда дәстүрлер мен жаңашылдық жарасымды үйлесім тапты. Камералық зал сахнасы мұндай ауқымды опера үшін тым шағын болғанына қарамастан, режиссер спектакль кезіндегі әртістердің орнын ептілікпен ойластырып, соның арқасында сахнаның әр бұрышында тіршілік қайнап жатты. Танымал сценограф Манана Гунианың декорация­лары мен костюмдері бұрын өткен дәуірдің атмосферасын керемет жандандырды. Толып жатқан еріген майшамдар, канделябрлер, құпия күштің атмос­ферасын жасаған басқа да дүниелер таңғалдырды. Әскери костюмдер батырлық рухын жеткізсе, тастармен безендірілген кестелі сәнді көйлектер, қиял-ғажайып кейіпкерлердің костюм­дері суретшінің танымал әлем­дік классикаға деген өз­геше көзқарасын паш етті. Ал Сер­гей Кулак жасаған жарық эффек­тілерінің сиқыры таңданысты тіпті күшейте түсті. Соның әсерінен оқиға сахнада емес, бейне бір алып құтының ішінде болып жатқандай әсер сыйлады.

Елді ерекше сезімге бөлеген опера премьерасында сахнада ­танымал солистер, атап айтқан­да, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Салтанат Ахмето­ва, Лейла Аламанова (Брадаман­те), «Құрмет» орденінің кава­лері Айзада Қапонова, Әсем Семби­на (Анжелика), Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова (Аль­чина), Расул Жармағамбетов, Сұлтан Бақытжан (Орландо), Артур Габдиев, Абылай Бекен (Медор), Нарұл Тойкенов, Батыржан Смақов, Талғат Аллабиринов (Руджеро), Алтынбек Әбілда, Ермек Қасым (Астольфо) бастаған талантты әртістер ансамблі сәтті өнер көрсетті.