Денсаулық • 10 Қазан, 2024

Иммундық жүйені бақылаудың тың жолы

119 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық ғалымдар «Дені сау ұлт» ұлттық бағдарламасы аясында халық саулығын жақсартуға септесетін AI негізіндегі стартап әзірледі.

Иммундық жүйені бақылаудың тың жолы

«ImmuniGuide» медициналық стар­табы – иммундық жүйені бағалауға арнал­ған бірегей платформа. Нұрлыбек ­Өдербаев пен Игорь Понамарев сынды бі­лікті мамандар әзірлеген осы инно­ва­ция­лық өнім онкологиялық клини­када сәтті іске қосылды. Иннова­ция­лық медицина ғылыми-клиникалық орталығы дәрігерлерінен құралған топтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – халыққа тегін әрі қолжетімді скрининг ұсыну. Платформа жалпы қан сараптамасының нәтижелеріне негізделген иммунологиялық де­ректердің кең ауқымын қамтиды. Жа­сырын инфекцияларды анықтап, организмнің ауру-сырқауға, екпеге, физикалық жүктемелер мен стрес­ке әсерін бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар иммунитетті қалыпта ұстап, нығайтуға қатысты ұсынымдар береді.

«Ойымызда жобаның алғашқы ұшқыны 2016 жылы пайда болды. Содан бері платформаны әзірлеуге 8 жылдан астам уақыт жұмсадық. Осы аралықта 4 авторлық құқық алып, сауда маркасын тіркеп қана қоймай, платформаның құрылымын қайта қарап, жасанды интеллектіні кіріктір­дік. Биыл шілдеде өнім өндіріске сәтті енгізілді, белсенді қолданып жат­қан клиникалар мен емханаларда жақсы көрсеткіштер байқалады. Платформа ұсынған нәтижелердің дәлдігі орташа есеппен 98,7%-ды құрайды», дейді «ImmuniGuide» негізін тең қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, дәрі­гер-онколог Нұрлыбек Өдербаев.

Жобаның басты артықшылығы – медициналық деректерді жоғары жылдамдықпен, дәлдікпен өңдей алатын жасанды интеллектінің кірігуінде. Бұл – егжей-тегжейлі жекелендірілген есептерді кез келген тілде ұсынуға мүмкіндік береді. Ғалымдар денсаулық сақтау саласын дамытуға септесетін отандық өнімдерін халықаралық алаң­ға шығаруға дайын. Оның үстіне жоба шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып үлгерген. Мысалы, қазірде Малайзия тарапымен платформаны сол аймақта сынақтан өткізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алда ғалымдар технология аясын кеңейтіп, оны Азияға ғана емес, Еуропа мен АҚШ елдеріне жеткізуді көздеп отыр.