Қоғам • 10 Қазан, 2024

Отандық сот жүйесін дамыту стратегиясы әзірленді

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Сот әкімшілігі бір жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан сот менеджментінің моделі жетекші шетелдік сарапшылар мен ұйымдардың назарын аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық сот жүйесін дамыту стратегиясы әзірленді

Озық шетелдік практиканы ескере отырып, ҚР сот әкімшілігін дамыту стратегиясының жобасы әзірленген. Оны «дөңгелек үстелде» талқылауға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, адвокаттар қауымдастығы өкілдері, заңгерлер жиналған.

ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, ХСӘҚ (МАСА) президенті Луис Пальма және Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) президенті Франческо Депаскуаль Қазақстанның сот менеджменті моделінің прогрессивтілігін және соттардың IT-өнімдерін атап өтті.

Айта кетейік, халықаралық сот ұйымдарының қызығушылығы - ҚР сот әкімшілігі саласындағы көшбасшылардың бірі ретінде беделін тану.

Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Фолькер Фробарт ҚР автономиялық СӘ-нің құрылуы оның басқа мемлекеттік және сот органдарымен өзара іс-қимылын одан әрі заңнамалық тұрғыдан реттеуді талап ететін батыл қадам екенін анықтаған.

Стратегия, ең алдымен, Мемлекет басшысының сот әкімшілігі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру, сот төрелігін тәуелсіз жүзеге асыру үшін жағдай жасау және сот жүйесі мен соттардың қызметін жетілдіру бойынша жүйелі реформаларды әзірлеу жөнінде алға қойған міндеттерді сапалы орындауға арналған.

Бұл туралы өз сөзінде ҚР СӘ басшысы Н.Ахметзакиров СӘ-нің қызметі сот жүйесіне деген сенімді арттыруға және ұзақ мерзімді келешекте «Соттар болашағына» өтуге жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

Стратегиялық бағыттар ретінде тиімді сот менеджменті, соттарды сапалы қамтамасыз ету және жүйелі даму айқындалған. Мұның бәрі соттардың тәуелсіздігін нығайтуға және заң үстемдігі қағидатын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сындарлы пікірталасқа қатысушылар алдағы уақытта бірлескен жұмыс үшін бірқатар нақты іс-шараларды белгілеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының SEPEJ президенті Франческо Депаскуалемен және MASA президенті Луис Пальмамен кездесуінде сот әкімшілігін дамыту мәселелері талқыланған еді.