99 жастағы ақсақал туралы бір үзік сыр
Асқақ Алтайдың алқымында жатқан Өрел ауылында Дөлден Ауғанбаев есімді батагөй ақсақал тұрады. 1917 жылы туған қария аумалы-төкпелі дүниенің ащы-тұщы кезеңдерін өткеріп қана қоймай, жас ұрпаққа батасын беріп отырған бәтуалы қарт.
Катонқарағай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов: «Өрелде бір сағат бойы жаңылмай бата беретін ақсақалымыз бар», дегенде таңданысымызды жасырмаған едік. Алтайдың қатаң да құзар шыңдарында шыңдалған қарияның жады тастай екенін көзіміз көрді. Бата сұрап барған бізге бір сағат болмаса да, жарты сағатқа жуық бата берді.
– Бісмілдә деп, қарағым,
Ақ батамды берейін,
Батаның бәрін терейін,
Осы келген балама,
Бата беріп көрейін, – деп бастаған ақсақалдың ақ батасын зердеге тоқысаңыз, ғажап тіркестердің, тәлімдік сөздердің түрлі үлгілеріне кез боласыз. Мәселен:
– Бұрама темір, сом алтын,
Отқа салса күймесін,
Суға салса батпасын!
Құдай берген дәулетің,
Тепкілесе қайтпасын!, – десе, енді бірде:
– Маңдайыңа бақ қонып,
Нұрыңды елге шашып жүр!
Ағын судай тасып жүр!
Бұлбұл құстай сайрап жүр,
Бәйшешектің гүліндей,
Көңілің өсіп жайнап жүр!, – деп қайырады.
Жамбыл жәкеміздің жасын жасап, жанары суалса да, жады суалмаған ақсақал жас кезінде жыршы, жарапазаншы болыпты. Үй-үйді аралап, батырлар жырын жатқа соғатын ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысының майданынан бір-ақ шығады. Қан-қасап шайқастардың бірінде жараланып, туған жеріне 1946 жылы оралған екен. Бірқатар орден-медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін мал шаруашылығын дамытуға үлес қосады.
Ақсақал бүгінде кіндігінен тараған 13 бала, 33 немере, 36 шөбере, 19 шөпшектің ортасында отыр. Қатонқарағай ауданының құрметті азаматы атанған қарт бір айдан бері денсаулығы сыр беріп, ауырып қалғанын, бір сағат бойы беретін батасынан жаңылып қалып жатқанын айтты. «Күлсең, қарияға күл», деген осы.
Қосағы Қамила Ұлтарақова 91 жасқа келген екен. Екеуі бір шаңырақ астында 67 жыл бойы ғұмыр кешіп келе жатыр.
– Мал бақтық, жан бақтық, бала таптық. 7 ұл мен 5 қызды өсірдік. Әкем, оның екі інісі қырқыншы жылдары соғысқа кетті. Шиеттей ұлы мен 8 қызы қалған едік. Солардан менен басқа ешкім жоқ. Төркінім таусылды, – деп көз жасын бір сығып алды әже. Жалпы, Өрелде заманында Еділқан, Мылқыбай, Құтбай деген кісілер ғасыр жасап, дүниеден озған екен. Ал Қамила ана ұзақ жасаудың сырын сабырлылықта, еңбекте деп түсіндірді.
– Екеуміз шәй дескен жоқпыз. Біріміз от жақсақ, біріміз шаруа қарап, бала бағып, септесіп өмір сүрдік. Құдайдың жазғаны шығар, осы жасқа жеттік, – деді. Дастарқанда бата орнына тост айтатын бүгінгі қартамыстарды көргенде, Дөлден атадай болса ғой деген ой келеді...
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы.