Фестивальге сарапшылар кеңесінің шешімімен іріктеуден өткен 10 театр қатысып, бақ сынасты. Бірнеше күн қатарынан болған қойылымдарды еліміздің танымал театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Алғашқы күні театр фойесінде конференция ұйымдастырылып, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Нұрлан Санжарұлы секілді белгілі тұлғалар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сауалдың көбі Қожаның рөлін сомдаған Нұрлан Санжарұлына қойылды. Конференциядан соң да жиналғандардың көбі «Қожаны» қаумалап алған. Бұл жерде ол Өскеменде оқығанын айтып, азды-көпті естелігімен бөлісті.
Фестиваль шымылдығын Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық Қазақ музыкалық драма театры Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» қойылымымен ашып, Астананың Жастар театры «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық» көрінісімен жапты. Иә, екеуі де мерейтой иесі Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде сахналанған. Сөйтіп, жабылу салтанатында еліміздің төрт бұрышынан жиналған театр әртістері марапатталып, қошемет көрсетілді.
– Осындай үлкен өнер додасы Өскеменде, Шығыстың төрінде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Жалпы, қандай да шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға әрқашан дайынбыз, – деді ШҚО мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Кәсенов.
Сонымен, марапаттау барысында «Екінші пландағы үздік әйел» рөлі «Мұғалім» қойылымындағы Нариманның әжесін сомдаған Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Әлихан Ыдырышеваға берілді. Әр марапаттаудан кейін жергілікті әншілер әннен шашу шашып, бишілер мың бұрала өнер көрсетумен болды.
«Екінші пландағы үздік ер адам» аталымы бойынша республикалық Неміс драма театры қойған «Wolgakinder» спектаклінде Васька рөлін ойнаған Заңғар Ахметқазыға ұсынылды.
«Үздік режиссерлік шешім» аталымы бойынша Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры марапатталып, 1 млн 500 теңгенің сертификаты табысталды. Айта кетейік, әр аталым иегері ақшалай сыйлыққа ие болды.
Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлыққа қазылар шешімімен «Менің атым – Қожа» қойылымы лайық деп табылды. Айтып өткендей, фестивальдің алғашқы күнінде Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры «Қожаны» сахнаға алып шығып, көрерменді бірде күлдіріп, бірде мұңайтқан.
– Осы бес күн өнер мерекесі болды. Біз жыл сайын республикалық фестивальді еліміздің әр қаласында өткіземіз. Ал балаларға арналған фестиваль екінші рет қана болып отыр. Биыл Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арнадық. Театр өнері өрлей берсін, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Театр өнері басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева.
Сондай-ақ жабылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығы, яғни 2 млн 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Оған Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры қойған «Қар қызын» лайықты көріпті.
Көзіқарақты көрермен Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивалінде жүзден жүйрік шыққан қай театр екен деп тағатсыздана күтті. Гран-при жүлдесі хабарланғанға дейін жергілікті өнерпаздармен бірге жас жұлдыз Қобыланды Болат өнер көрсетті.
Сонымен, ән-шашулардан соң сахнаға шыққан актер, кеш жүргізушісі Нартай Сауданбекұлы жеңімпазды хабарлауға ортаға қазылар алқасының төрағасы, театр сыншысы, профессор Сания Қабдиеваны шақырған. Ол фестиваль туралы өз ойын қысқаша қайырып, жеңімпаз театрды, яғни Ә.Мәмбетов атындағы мемлекетік драма және комедия театры өкілін ортаға шақырып, сертификат табыстады, құрмет көрсетті. Осылайша, драматург Ақберен Елгезектің шығармасы негізіндегі «Болмаған балалық шақ» қойылымы «Үздік спектакль» аталымын жеңіп алды. Жетім баланың тағдырынан сыр шертетін автобиографиялық туынды автордың көмескі тартқан балалық шағын суреттейді. Автордың қиялындағы ғұмыры, көрген тауқыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күндері көрсетіледі. Әкесінен жастайынан айырылған ол қоршаған ортадан пана іздеген. Сөйте жүріп, бүгінгі заманның тұлғасына айнала білді. Осындай тағдырлы қойылымды көрермен жүрегіне жеткізген театр ұжымының еңбегі еленді, ескерілді. Ду қол шапалақпен, өнерге деген ыстық махаббатпен фестиваль шымылдығы жабылды. Көрермен қауым бес күн қатарынан өнер көрсеткен әртістермен қимай-қимай қош айтысты.
Өскемен