Қоғам • 11 Қазан, 2024

Жарымжан жандардың қорғаны

198 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Былтыр шілдеде бірнеше жыл әзірленіп, пысықталған Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Осы жаңашылдықтың ізімен жыл ішінде бірнеше игі бастама қолға алынды. Мемлекеттің әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдері едәуір өзгерді. Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Деректер цифрландырылды.

Жарымжан жандардың қорғаны

Әлеуметтік кодекс күшіне енген шақтан бастап елде мемлекеттік әлеумет­тік қорғау инспекторларының институты пайда болды. Бірден айтайық, әлеуметтік қорғау инспекторларын еңбек құқығын қорғайтын еңбек инспекторларымен шатастыруға болмайды. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының құзыретіне мүгедектігі бар адамдар­ды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеумет­тік қыз­мет­тер көрсету, әлеуметтік қам­сыздандыру саласындағы заңнаманың сақ­талуын бақылау кіреді. Біздің қаузап отыр­ған тақырып – осы инспекторлардың жұ­мыс барысы. Жыл басынан бері еліміз­дің барлық өңірі мен үш ірі қалада мем­лекет­тік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 344 тексеру жүргізген. Оның 582-сі про­фи­лактикалық бақылау аясында бол­са, 572-сі жоспардан тыс, 1 190-ы прокура­тура­ның талабымен іске асыпты. Тек­серу нәти­желерінде анықталған бұзушы­лық­тарды жою туралы 826 ұйғарым берілген. 

Әкімшілік жауапкершілікке тар­тыл­ғандарға сомасы 199 млн теңге ша­масында, ұзын-саны 798 айыппұл са­лынған. Әкімдіктер, жергілікті атқа­ру­шы органдардың бөлімдері мен бас­қармалары, мемлекеттік мекеме­лер, ар­наулы әлеуметтік қызметтер көр­сету орталықтары, оңалту орталықтары, ­ауруханалар, санаторийлер, балабақ­ша­лар, мектептер, колледждер, лицейлер, дүкендер, сауда үйлері, мәде­ниет үйлері, банктер, кафелер, мейрамха­налар, қонақ үйлер, полиция пункт­тері, басқа да ұйымдарда мемлекеттік бақылау жүргізілген. Осының бар­лы­ғы қағаз жүзінде қалатын немесе жеңіл-желпі қарайтын іс-шаралар емес, мүгедектігі бар адамдарға жайлы орта қалыптастыруға септігін тигізетін нақты міндеттер.

Мысалы, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау ко­митетінің Абай облысы бойынша депар­таменті мүгедектігі бар тұрғынның өті­нішін негізге алып, «мүгедектігі бар адам­дарға қолжетімділіктің болмауы» фак­тісі бойынша азық-түлік дүке­нін жос­пардан тыс тексерген. Соның нә­ти­же­сінде, кәсіпкерлік нысанның қо­жа­­йыны айыппұл түрінде әкімшілік жауап­­кершілікке тартылған, анықталған бұзу­­шылықтарды жою туралы нұсқама беріл­­ген. Кәсіпкер кемшілікті нұсқамада белгіленген мерзімнен кешіктірмей реттеуге тиіс.

Астана қаласы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас­шысы, мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторы Болат Төреханов Әлеуметтік кодекстегі кейінгі өзгерістер мүгедек­тігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасауға, әлеуметтік қорғау инспекторларының құзыреттілігін кеңейтуге ықпал еткенін айтады.

– Әлеуметтік кодекс былтыр қабыл­данды. Дегенмен біз халықты әлеумет­тік қорғау саласындағы бақылау жұмыста­рын оған дейін де үйлестіріп келдік. Осы бағытта 2016 жылдан бері жұмыс істейміз. Бірақ ол кезде «Мүгедектігі бар адамдарды қорғау туралы» заңды бас­шы­лыққа алатынбыз. Әлеуметтік кодекс қабылданған соң заң күшін жойды. Құзыреттілігіміз кеңейді. Алайда кез келген мекемеге бас сұғып, мүгедектігі бар адамдарға қандай жағдай жасағанын орынсыз тексере алмаймыз. Алдымен тексеру актін прокуратурада тіркеуі­міз қажет. Прокуратура біздің тексеріс­тің заңдылығын қарап, құжатты тіркеп береді. Егер тексеру туралы құжатсыз, өз еркімізбен бақылау жүргізсек, біздің іс-әрекетіміз заңға қайшы болады, – дейді Б. Төреханов.

Елордадағы «Еуразия», «Хан Ша­тыр», «MEGA Silk Way» сынды ірі сау­да орын­дарында да кәсіп иелері әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Бұл айыппұлдар кәсіп иелерінің санатына қарай салынады. Шағын кәсіпкерлік нысандарына – 120 АЕК, орта кәсіпкерлерге – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік ұйымдарға – 400 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл көзделген. Әлеуметтік инспекторлар айыппұл салынды, іс бітті демейді. Нұс­қамаға сәйкес қате-кемшіліктің орны толғанын тағы бір мәрте тексереді, нақ­тылайды. Мемлекеттік әлеуметтік қор­ғау инспекторлары профилактикалық бақылау жұмыстарын Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен тізіммен жүргізеді. Мұның өзін алдын ала прокуратура арқылы тіркеу қажет. Заңдылығы солай.

Әлеуметтік испекторлардың айтуынша, құқық бұзушылықтар мемлекет­тік мекемелерде де анықталып жатады. Емхана, мектептерге де айыппұл салынады. Мысалы, жуырда мүгедектігі бар Ажар есімді Астана қаласының тұрғыны еңбек инспекторларына арызданған. Сол шағым негізінде әлеуметтік қорғау инспекторлары Есіл аудандық полиция басқармасына тексеріс жүргізген. Мүгедектігі бар қала тұрғынының құқы­ғын қорғаған. Оқиға былай болыпты, мүге­дектігі бар қала тұрғыны аудандық полиция басқармасына шақыртумен арбамен келген. Алайда басқармада лифт істемеген соң оны қызметкерлер өздері үшінші қабатқа көтеріп шығарыпты. Әлеуметтік инспекторлар Есіл аудандық полиция басқармасына барып, жағдайды қарап, бұзушылықты анықтап, айыппұл салған.

Әлеуметтік инспекторлар Астана қа­ла­­сындағы «Араби» тұрғын үй кеше­нінің тұрғыны Орынкүл Өтенованың арызы негізінде тексеріс жүргізіп, құқығын қорғаған. Ол подъезде пандус жоғын айтып арызданыпты. Амалы таусылған пәтер тұрғыны арбадағы мүгедектігі бар баласын баспалдақпен көтеріп, үйге кіргізіп жүрген. Онда да подъезд ма­­ңында біраз дамылдап, өткен-кеткен ер-аза­маттардан арбаны демеп жіберуді сұрайды екен. Бұл мәселе жөнінде де заң­дық тұрғыда шешім қабылданған.

– 2016 жылдан бастап тұрғын үйлерді пайдалануға берерде сәйкестік туралы декларация тапсырылатын болды. Яғни жаңа тұрғын үйлер, нысандар салынып, пайдалануға берілгенде сәйкестік декларациясына қол қойылады. Оған әкімдік­тің маманы да қол қояды. Қол қоймас бұ­рын сол нысанда мүгедектігі бар адамға қолжетімділік жағы қарастырылға­­­нын растайды. Құжатта мүгедектігі бар адам­­­­дардың пәтерге еркін кіріп-шығуы­на қатысты бірнеше талап бар. Сол талаптар орындалған болса, әкімдік қызметкері пәтер пайдалануға берілсін деп қол қояды. Өкінішке қарай, заң­ның қабылданғаны­­на 9 жылға жуықтаса да, әлі кемшілік­тер анықталып жатыр. Астана қаласында мұндай кемшіліктер өзге қалалардан аз, дегенмен де бар. Қазір мүгедектігі бар азаматтарға жайлы, ке­дергісіз орта қалыптастыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Әкімдіктерде жұмыс тобы бар. Олар да нысандарды жоспарлы бақылайды. Партиялық бақылау­лар да жүргізіледі. Ал біз бақылаушы орган болып есептелген соң, талап етеміз, нұсқама беріп, жауапқа тарта аламыз. Бірақ негізсіз, заңсыз ешкімге тиісе алмаймыз, – дейді мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторы Болат Төреханов. 

Ақмола облысының мүгедектігі бар тұрғыны Талғат Уаисовтің айтуынша, өңірде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барынша жайлы жағдай жасалып келеді.

«Мүгедектігі бар азаматтардың ны­сан­дарға кіруге қолжетімділігі мәселесі жылдан жылға жақсарып келеді. Нысан иелері мен кәсіпкерлердің өзін мүгедек­тігі бар адамдардың алдында жауапты сезініп, мәселеге бей-жай қарамауы – құптарлық іс. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан нысандар да бірте-бірте тұтынушыларға бағдарланып келеді. Биыл Көкшетаудың орталық базарында күрделі жөндеу жүргізілді. Бұрын осы базарда мүгедектігі бар жандардың жүріп-тұруына кедергілер болса, қазір біз базарға, базардың ішіндегі екінші, үшінші қабатқа еш кедергісіз кіре аламыз. Облыстағы өзге де мекемелер, әлеуметтік орындар осы қарқынмен мүгедектігі бар жандарға бейімделеді деп үміттенеміз», дейді Т.Уаисов.

Халықты әлеуметтік қорғау сала­сын­­дағы реттеу және бақылау коми­тетінің Ақмола облысы бойынша депар­таментінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Әсемгүл Әубәкірова:

– Әлеуметтік қорғау инспекторы лауазымы былтыр енді. Бүгінде Ақмола облысында 4 мемлекеттік әлеу­мет­тік қор­ғау инс­пекторы жұмыс істейді. Олар об­лыстағы 17 аудан, 3 қаланы қам­­ти­ды. Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық Ко­дексінің 83, 84 баптарына сәй­кес мүгедектігі бар адамдардың әлеу­мет­тік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігін қам­тамасыз етпеу, арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдендірілген көлемін көрсетпеу, мүгедектігі бар адамдардың жеке оңалту бағдарламасын орындамауға қатыс­ты әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 67 тексеріс жүргіздік. Оның ішінде про­филактикалық бақылау – 39, жоспардан тыс бақылау – 28, прокуратура талабымен 2 тексеріс жүргізілді. Мүгедектігі бар адамдардың құқығын бұзған 36 мекеме мен кәсіпкерлерге нұсқамалар берілді, 6 643,9 мың теңге сомасына 12 айыппұл салынды, – дейді.

Қазір Ақмола облысында 4 мемле­кеттік әлеуметтік қорғау инспекторы жұмыс істесе, Астана қаласында 3 инспектор бар. Бұл бір ғана облыс, қаладағы жағдай емес, бүкіл өңірдегі ахуал осындай. Әлеуметтік инспекторларға өтініш, шағым көп түссе, үш-төрт адамның бар­лық шақыртуға, тексеруге үлгеруі екі­талай. Демек, әлі де болса адам күші, яғни әлеуметтік инспекторлар қажет. Сондай-ақ әлеуметтік инспекторлардың құзыреті тағы да кеңейсе, жұмыс біршама ширайтынға ұқсайды. Мүгедектігі бар жандарға арналған белгілерді оңды-солды орнатуға болмайды. Мысалы пандустардың бойлық еңсесі – 5 градус болуы қажет деген талап бар. Кейбір жағдайларда ол – 8 градусқа дейін барады. Бұл дегеніңіз, егер пандустың биіктігі 1 метр болса, ұзындығы 12 метр­ге шамалануы керек деген сөз. Өкінішке қарай, дәл осы талапты әлеуметтік нысан иелерінің көбі сақтай бермейді. Бір пандусты орнатудың бұдан басқа да бекітілген стандарттары көп. Талаптың бірі сақталып, екіншісі сақталмаса болмайды. Мұның өзі мүгедектігі бар адамның нысанға кіруіне кедергі келтіреді.

Бағдаршамдағы дыбыстық дабыл беру құрылғылары көбіне қаланың орталық көшелерінде қамтылған. Біраз қалада мұндай құрылғылар атымен жоқ. Халыққа қызмет көрсететін нысандардың барлығында дерлік есту, көру қабілеті бұзылған тұлғалардың кіріп-шығуына жағдай жасалмаған. Айта берсек, кем­шілік таусылмайды. Ал оларды реттеу­де мемлекет, азаматтық қоғам мен қо­ғамдық бірлестіктер күш біріктіруі қа­жет. Бұған ұйымдасып іс тындырудың озық үлгісін көрсеткен өңірлер мысал. Қате-кемшіліктердің әрбірін осылай жеке-жеке реттемесе, қандай да бір ұйым, кәсіпкерлік нысандардың басшылары әлеуметтік жауапкершілік салмағын сезініп, мүгедектігі бар жандарға жағдай жасауға өздігінен ынталы болатын күн әзірге алыс секілді.