Білім • 12 Қазан, 2024

Оқу бағдарламаларын жетілдіру – уақыт талабы

120 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту жөнінде тақырыптық отырыс өтті. Жиында қазіргі оқу бағдарламасына қатысты бірқатар ұсыныс пен цифрлық технологияны кеңінен пайдалану сынды мәселелер көтерілді.

Оқу бағдарламаларын жетілдіру – уақыт талабы

Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік еткен отырысқа депутаттармен қатар білім саласы мамандары, сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Басқосуда Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев әр 5-7 жыл сайын оқу бағдарламаларын қайта қарау керектігін, бұл білім беру жүйесінің қоғамның уақыты мен қажеттілігіне дер кезінде жауап беруіне ықпал ететінін атап өтті.

– Жаңа мемлекеттік стандарттарды енгізу білім беру саяса­тындағы жаһандық тренд­терді көрсетеді. Яғни сыни ой­лау, аналитикалық дағды­лар және проблемаларды шешуге инновациялық көз­қарас секілді құзыреттерді дамы­туға бағытталған. Оқу бағдар­­ла­маларын қайта қарау­да отан­дық және халық­ара­лық үр­діс­тер ескеріле­ді. Бұл оқу­шы­лардың академия­лық білі­мін ғана емес, функ­ционал­дық сауатын, ақпарат­тық-комму­никациялық технологияларды жоғары деңгейде меңгеруін қалыптастыруға арналған. Білім стандарттары шеңберінде оқу үдерісіне цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Әр оқушы бастауыш білім беру кезеңінде меңгеруі керек білімге, білікке және дағдыларға қойылатын талап­қа сай қамтылған. Бұған тіл және әдебиет, математика, информатика, жаратылыстану, технология және өнер, дене­шынықтыру сияқты негізгі оқу пәндері бойынша пәндік құзы­рет­­ті­лікті дамыту кіре­ді. Бұл тәсіл оқушылардың акаде­­­мия­­лық және өмірлік дағды­­­ла­рын жү­йелі қалыптас­тыру­ға мүм­­­­кін­дік береді, – деді Қ.Жұмашев.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүше­сі Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрлігі Ы.Ал­тын­­сарин атындағы ұлт­тық білім академиясы­мен бір­ле­сіп оқу бағдарламалары­ның жаңа стандартын жа­сауға кіріс­кенімен әлі нәтиже байқалмай отырғанына тоқталды.

– 2015 жылы жаңа стандарт енгізіліп, 2016 жылы мек­теп­теріміз сол негізде оқи бастады. Меніңше, білім сапасының күрт төмендеп кетуі құндылықтарымыз­дың білім саласында біртұ­тас ұйыспауынан болып отыр. Сонымен қатар қазіргі таңда ауыл мектептері мен қала мектептерінің білім сапасындағы айырмашылық тереңдеп бара жатыр. Бізде 500-ден аса инновациялық мектеп бар, бұл – зияткерлік мектептер, білім инновация лицейлері, Binom мек­тептері. Онда балалар өте жақсы білім алады. Бірақ көпшілігі оқуға шетелге кетеді. Қазақстанға келіп, еңбек нарығына жұмыс істейтін – ауыл мектебінің балалары. Ал жай мектептер мен осы инновациялық мектептердің білім бағдарламаларын салыстыратын болсақ, өте үлкен алшақтық бар, – деді Ж.Сүлейменова.

Отырысқа қатысушылар жаңа білім стандартын жетіл­діруге қатысты сауалдарын ортаға салып, тәрбие жұмыс­тарын ұйымдастыру, бастауыш мектеп оқушыларына орыс тілі пәнінің бағдарламасын жеңіл­дету, қазақ тілі граммати­касын біріздендіру, кітаптардың көле­мін бір стандартқа келтіру, балалардың жасына лайық тапсырмалар беру, оқушы­лардың логикалық, цифрлық дағдыларын жетілдіру және басқа да мәселелерді жан-жақты талқылады.