Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, облыс орталығында жаңа жұмыс орындарын құру бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр. Қала билігі тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында жаңа өндіріс орындарын ашудың маңызы зор екенін алға тартады.
Жергілікті атқарушы билік қала экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету мақсатында инвестиция тартуға басымдық беріп отырғанын айта кеткен жөн. Б.Орынбековтің айтуынша, алдағы уақытта жалпы құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Қолға алынған жобаларды жүзеге асыру арқылы 944 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Бірер күн бұрын Тараз қаласында «Алель Агро» акционерлік қоғамына қарасты өндірістік инкубатор іске қосылды. Дерекке жүгінсек, өндірістік инкубатор жылына 38 миллион балапан басып шығаруға қауқарлы екен. Өндіріс ошағы 50 азаматты жұмыспен қамтиды.
«Кез келген мемлекеттің әлеуметтік әлеуеті артуын бірінші кезекте өндірісті өркендетудің маңызы зор. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету де жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуымыз керек. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Қазір осы бағыттағы ірі жобаларды жүзеге асыруда нақты жұмыс атқарып жатырмыз.
Ел билігінің жан-жақты қолдауының нәтижесінде облыс орталығы Тараз қаласы да инвестиция игілігін сезініп отырғанын атап өткен жөн. Облыс орталығында жалпы құны 35 миллиардқа жуық қаржыны құрайтын бірнеше инвестициялық жоба бар. Бұл жобалар жүзеге асырылған кезде 944 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжап отырмыз.
Бұдан бөлек, жалпы құны 48 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны іске асыруға қатысты арнайы келіссөздер жүргізілуде. Бүгін өз жұмысын бастаған «Алель Агро» акционерлік қоғамының облыстық филиалы қаламыздағы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, дамудың жаңа белесіне бастайды деген сенім зор», дейді Тараз қаласының әкімі Б. Орынбеков.
Жоғарыда айтқанымыздай, жылына 38 миллион балапан басып шығаруға қауқарлы өндіріс ошағында қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай қарастырылған. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі келтірген дерекке жүгінсек, жалпы құны 2 миллиард 689 миллион теңгені құрайтын өндіріс орны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Инкубаторға қажетті шикізат компанияның ішкі өндірісі арқылы жүзеге асырылады.
Жалпы алғанда, жергілікті атқарушы билік қалада жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Мәселен, осы жылдың алғашқы 8 айындағы қорытынды дерекке сенсек, жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендепті. Статистикалық көрсеткіш қолға алынған өзге шаралардан бөлек, қалаға тартылған инвестиция есебінен де жоғарылағанын айта кеткен ләзім.
ТАРАЗ