Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Аймақ тұрғындарын қара отынмен қамтамасыз етуге арналған 740 мың тоннадан астам көмір қоры бар. Бүгінде 55 сату нүктесінде сауда қызу. Оның 41-і теміржол тұйығында, ал 14-і қоймадан сатылып жатыр.
Қазіргі уақытта аймақ тұрғындары көмірді сатып алуда белсенділік танытып отыр. Сату нүктелерінде жұмыс штаттық тәртіппен ұйымдастырылады. Күн ызғарланған сайын сұраныс та артып келеді. Бұл іске жауапты мамандар көмір қорының жеткілікті екенін айтады.
– Қазір қорда 43 мың тонна көмір бар. Оның 17 мың тоннасы – Қарағанды қаласында. Өңірді көмірмен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе жоқ. Шұбаркөл көмірінің тоннасы орта есеппен 19 мың теңгеден. Мәселен, Пришахтинскідегі сату нүктесіндегі баға – 14 750 теңге. Айта кетейік, көмір бағасының өзгеруіне тасымалдау нүктелерінің қашықтығы да әсер етеді, – дейді өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ақдидар Рымбек.
Жылына 150 мың тонна өнім өндіретін «Рапид» көмір шахтасында жұмыс қызу. Бұл көмірдің түрі басқалардікіндей емес, жерасты әдісімен өндіріледі. Сәйкесінше, бағасы да жоғары. Атап айтсақ, бір тоннаның бағасы 24 мың теңгеден басталады. Соған қарамастан күніне 15 жүк көлігі тиеліп, жеткізіліп жатыр.
– Бұл көмір шахтасы сонау өткен ғасырдың 20-30 жылдары жұмыс істеп тұрып, 1968 жылы жабылып қалған. 2001 жылы Үкіметпен келісімшарт жасасып, 2032 жылға дейін жалға алдық. Әрі қарай жалға алу уақытын созу мүмкіндігі де бар. Ол жылдары техника дамымаған. Тіпті арнайы көмір өндіруге арналған құралдар да болмаған. Ата-бабаларымыз осы шахтадан мүмкіндігінше қажетті көмір қорын игеріп, жауып кеткен. Қазір біз сол кісілерден қалған қорды арнайы техниканың көмегімен өндіріп жатырмыз. Сол себепті біздің жылдық мөлшеріміз аз әрі қымбат, – деді «Рапид» ЖШС директоры Андрей Белов.
Ал Пришахтинскідегі «Тепло в дом» көмір қоймасында тек Шұбаркөл көмірі сатылады. Қоймадан бір тонна көмір алатын болсаңыз – 19 мың теңге. Дәл осы көмір түрін «Шұбаркөл Көмір» АҚ разрезінің өзінен барып сатып алсаңыз, ондағы баға 8 790 теңгеге шығады. Ал Қарағандыдағы сату нүктелеріндегі баға – 14 750 теңге. Яғни баға өзгергенімен, бекітілген шекті сомадан аспайды.
– Күніне қоймаға 24 вагон көмір түседі, 30-50 жүк көлігі келіп көмір тиеп алып шығады. Ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ. Күні-түні жатып кезек күтетіндер жоқ әзірге. Қойма қызметкерлері жақсы қызмет көрсетеді. Соңғы тұтынушыға дейін үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Қарбалас әлі алда. Былтыр елдің бәрі соңынан алып еді. Сол кезде кезек күтіп қалған жүк көліктері көп болған. Биыл да сол жағдай қайталанатын сыңайлы. Сондықтан аймақ тұрғындарын ертерек қам жасауға шақырамын, – дейді «ПСВ86» ЖШС көмір қоймасының директоры Никита Аносов.
Қарағандыда қара отынның қоры жеткілікті. Алаңдауға негіз жоқ. Ал бағаға әкімдік тарапынан тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр.
Қарағанды облысы