Экология • 15 Қазан, 2024

Экологиялық жобаларға бет бұрған алюминий зауыты

203 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ жеріндегі мол боксит шикі­за­тын өндіруді жолға қою не­гізінде 60 жыл бұрын салын­ған Павлодар алюминий зауыты бүгінде табысты жұмыс істеп тұр. Еліміздегі алюминий тотығын өндіретін жал­ғыз ірі кәсіпорын. Өндіріс орны соңғы жылдары технологиялық қайта жа­рақталуды айтпағанда, қор­ша­ған ортаға оң әсерін тигі­зе­тін экологиялық жобаларды іске асыра бастады.

Экологиялық жобаларға бет бұрған алюминий зауыты

Алюминий тотығы қалай өндіріледі?

Павлодардың Шығыс өнеркәсіп аймағындағы төбесі көк тіреген  мұржаларды сырттан келгендер бірден байқайды. Бұл – өңірдегі 8 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған Павлодар алюминий зауыты. «Қазақстан алюминийі» АҚ бүгінде Кереку өңіріндегі ең ірі деген өндірістердің қатарынан саналады. Кәсіпорын Қостанай, Павлодар облыстарындағы кеніштерде өндірілетін боксит пен әктастан алюминий тотығын шығарады. Компания құрамына Павлодар алюминий зауыты, ЖЭО-1, Қостанайдағы Краснооктябрь кен басқармасы, Баянауыл ауданындағы «Керегетас» әктас кеніші кіреді.

Жуырда зауыт әкімшілігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырып, кәсіпорын аумағында баспасөз турын ұйымдастырды. Өндірістік үдеріс пен экологиялық іс-шаралар баяндалды.

Акционерлік қоғамның құрамындағы кәсіпорындар біртұтас технологиялық кешенге жататындықтан, минералды шикізат өндіру, өңдеу жұмыстары экономикалық тұрғыдан барынша тиімді әдістермен жүзеге асырылады. Кәсіпорын шежіресінен қысқаша сыр шертер болсақ, осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын, яғни 1958 жылдың күзінде Павлодар қаласының оңтүстік-шығысында алып құрылыстың алғашқы қазығы қағылды. Одақтың түкпір-түкпірінен келген жастар алып құрылысты алты жыл бойы тоқтаусыз жүргізді. Ақыры, 1964 жылдың қараша айында жаңадан іске қосылған ірі зауыттың алғашқы өнімі – алюминий тотығын тиеген тұңғыш эшелон Ресейдің Новокузнецк қаласына жөнелтілді. Павлодар алюминий зауыты жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ сапасы төмен бокситтен алюминий тотығын өндіру мақсатына бейімделіп құрылған болатын. Сол мақсатта бұрын-соңды өндірісте қолданылмаған «Байер- күйежентектеу» тәсілі ойлап табылды. Дүние жүзіндегі алюминий тотығын өндіретін зауыттарда оған дейін «Байер» технологиясы ғана қолданылып келген. Ал «Байер-күйежентектеу» технология­сын тұңғыш рет Павлодар зауытының ғалымдары мен мамандары өндіріске енгізді. Міне, осындай озық технология әдісімен Павлодар алюминий зауытында өндірілген алюминий тотығына 1976 жылы мемлекеттік сапа белгісі берілді. Зауыт мамандары ғылымды өндіріспен ұштастырған ізденісті жұмыстарын одан әрі сәтті жалғастыра берді.

пр

Бізді зауыт менеджері Серік Ахметов әуелі кәсіпорынның шикізаты қордаланатын қоймаға алып келді. Қойма деген аты болмаса, бұл ашық далада үйіліп жатқан тау-тау бокситтер мен әктастар, өзге де құрамдас элементтер.

– Алюминий шығару өндірісінде алюминий тотығы – ең басты шикізат. Алюминий тотығын алудағы басты шикізат – боксит, әктас, сондай-ақ кальцийленген сода, каустик содасы, қалыптаушы көмір пайдаланылады. Жалпы, зауытымызда 13 цех орналасқан, оның үшеуі негізгі цехтар. Шикізатты дайындау қоймасы сырттан жеткізілген шикізаттар – боксит, әктас, көмір, кокс пен кальцийленген соданы қабылдайтын цех. Осы цехта аталған шикізат ұсақталып, орташаланып, одан әрі күйежентектеу мен гидрометаллургия цехтарына жөнелтіледі. Гидрометаллургия цехында алюминий тотығын өндіру Байер әдісімен жүзеге асады. Байер әдісімен бокситтен алюминий тотығын алу өндірісі мынадай кезеңдерді қамтиды: бокситті ұнтақтау, боксит қойытпағын сілтімен еріту, қызыл шламды қоюландыру, жуу, алюминат ерітіндісін қайта сүзу, қызыл шламды сүзу, декомпозициялау жабдығынан өткізу, гидратты өндеу, буландыру, тауарлық шикізатты кальцийлеу. Жоғарыда аталған үдерістер мен күйежентектеу цехы технологиялық үдерістерінен өткен шикізат гидрометаллургия цехының №5 учаскесіндегі пештерінен дайын тауарлық өнім болып шығады. Дайын тауарлық өнім – алюминий тотығы, – дейді кәсіпорын өкілі.

Боксит ең әуелі мұнда жартылай ашық вагондармен жеткізіледі екен. Одан соң конвейерлер арқылы кен уатқышқа түсіп, кейін қоймаға жиналады. Бокситтің түсі қызыл. Құрамында кремний элементі өте жоғары. Мұндай бокситтің құрамындағы кремний мен темір өте нашар айрылады. Сондықтан кезінде «Байер-күйежентектеу» әдісі өндіріске қолайлы тәсіл ретінде енгізілген. Шикізатты дайындау цехының алаңына 600 мың тоннадай шикізат сақтауға болады. Қостанайлық бокситтің құрамында ылғал өте жоғары, жалпы салмағының 20 пайызына дейін жетеді. Соған орай бұл шикізаттан шаң-тозаңның ұшуы өте төмен деңгейде деп түсіндірді мамандар. Расында тау-тау болып үйілген бокситті қопарып жатқан ротордан, уатылған кенді әрі қарай тасып жатқан конвейерден артық ұшқан шаң-тозаңды байқамадық. Негізгі шаң-тозаң өндірістік үдерістерде басталады. Ал оларды технология барысында қармап қалу, яғни сүзгіден өткізу жүйесі құрылған.

Төрт-бес тонна боксит шикізатынан шамамен екі тонна тотық алынады, одан бір тонна ғана алюминий шығады. Гидрометаллургиялық цехта алюминий тотығының қалай алынатынына куә болдық. Үлкен күйдіру пештерінде алюминий тотығын алудың соңғы үдерістері жүреді. Пешке отын ретінде мазут қолданылып, ол бірнеше өңдеуден өтіп келген бокситті сұр ұнтаққа айналдырады.

«Гидрометаллургиялық цехта мұндай 5 күйдіру пеші бар. Бұлардың барлығы бір мезгілде жұмыс істемейді. Өнімнің көлеміне, сұранысқа сай 3-4 пеш бір уақытта жанып тұруы мүмкін. Ал жылына бұл пештерден біз 1,5 млн тонна алюминий тотығын аламыз. Пеш ішіндегі градус 800-ден 1 200 градусқа дейін жетеді», деп түсіндірді С.Ахметов.

 

Саланы дамытуға – 112 млрд теңге

Зауыттың бас экологі Мақсұт Жақыпов жентектеу пештеріндегі шаң тазалау жүйесін жаңғыртуға байланысты кәсіпорында қолға алынған экологиялық жобалар туралы баяндады. Бұл – өндірістің қоршаған ортаға ықпал етуін төмендетуге бағытталған ERG экостратегиясының бір бөлігі. Оның аясында алюминий зауыты барлық күйежентектеу цехындағы электр сүзгілерін реконструкциялайды. Олардың жалпы саны – 16. Жоба кезең-кезеңімен, 2030 жылға дейін жүзеге асады. 2019 жылы басталған игі жобаның нәтижесінде алғашқы электр сүзгілері тиімділігі жоғары гибриді сүзгілерге алмастырыла бастады. Осылайша, қолданыстағы электрлі статитикалық сүзгілеуді гибридті сүзгілеуге қандай да бір шығынсыз қайта құрудың ең тиімді шешімі болып отыр.

– Аталған жобаны жүзеге асырудың тиімділігі біз ойлағаннан асып түсті. Бұл аймақтың экологиясына түсетін салмақты едәуір жеңілдетеді. Қазір №4 цехтағы №7, №8 пештердің электр сүзгілері ауыстырылады. Реконструкциялау кезінде бұрынғы матадан жасалған сүзгілердің орнына гибридті сүзгілер қойылады. Гибридті сүзгілерде түтікті жүйе бар, ол шаң-тозаңды мейлінше көбірек тұтып қалуға мүмкіндік береді. Аталған екі пештегі сүзгілерді алмастыруға біздің компания 10,3 млрд теңге инвестиция салып отыр. Бұл жоба атмосфераға газдармен шығарылатын қатты бөлшектердің азаюына әсер етеді. Реконструкцияға дейін концентрациядағы шаң-тозаңның үлесі бір ньютон-метрде 1 800 мг-ді құраса, жаңа жабдықтар орнатылғанда ол 20 мг-ға дейін төмендейді. Яғни салмақ жағынан алсақ, қазір бір шаршыда 560 тонна болса, кейін шаршысына 0,29-ға дейін кемиді. Сонда жылына кәсіпорыннан газдармен шығатын зиянды қатты бөлшектердің үлесі жылына 360 мың тоннаға дейін азаюы керек. Еуропалық стандартта бір шаршыда 20 мг-ға дейін рұқсат етілген. Біздің технология бұл стандартты басып озады деп сенеміз, – дейді бас эколог.

Алюминий зауытының 2019-2030 жылдарға негізделген экологиялық жобаларына кәсіпорын 112 млрд теңге қаражат бөлуді жоспарлап қойған. Оның 22,2 млрд теңгесі бүгінде игерілді. Бұл қаражатқа жентектеу пештерінде 4 сүзгі, электр стансасындағы күл тұтқыш қондырғы, ионды сәулелегіштің ампульді көздері, трансформаторлардағы арнайы қондырғылар ауыстырылып, қоршаған ортаға түсетін қалдықтардың үлесін қадағалайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылды. Сондай-ақ жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, жасыл желектер отырғызу ісі жалғасып келеді. Бұған қоса қазіргі уақытта жалпы сомасы 19,8 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асу кезеңінде.

2019 жылы мұнда автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылып, өндірістің ауаға шығаратын зиянды қалдықтарын онлайн режімде бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Жүйе азот, көміртек оксидтері мен күкірт диоксидін, шаң сияқты ауаны ластау­шы заттардың көрсеткішін мониторинг арқылы бақылайды.

– Шығарындыларды азайту қамындағы жобаларымыз іркіліссіз жұмыс істеп тұр. Ал қаладағы жасыл желектерді көбейту іс-шараларынан зауыт тыс қалған емес. Қазіргі басымдық – ескі шүберек сүзгілерді металды сүзгілерге ауыстыру. Себебі металл сүзгілер жоғары температураға аса төзімді. Матадан жасалған сүзгілер 200 градусқа төтеп берсе, жаңалары 500 градусқа дейін шыдайды. Сондықтан гибридті сүзгілер тиімді. Біздің зауытта өңделетін боксит түрі сұрыптық жағынан төмен. Оны өңдеу барысында шаң-тозаңның белгілі бір мөлшерлері бар. Ал келешекте біз шикізатты күйдіру арқылы бокситті байыту технологиясына ауысуымыз мүмкін. Бұл мақсатқа қатысты компанияның өз жоспарлары бар, – дейді кәсіпорын директоры Айтуған Ахметов.

Компания экологиялық іс-шаралардың ең үлкен бағыты ретінде қаланы жасыл желекпен қамтуға көңіл бөліп отыр. Биылғы сәуір айында ERG тобы мен Павлодар облысы әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес, мемлекеттік орман қорына 1,7 қарағай көшеті егілді. Ал 2022 жылдан бастап жыл сайын табиғат қорғау іс-шаралары аясында 1 500 жасыл желек егіледі. Мұның сыртында «Таза Қазақстан» акцияларына, әлемдік экологиялық акцияларға белсенді қатысып келеді.

 

Павлодар облысы