Экономика • 15 Қазан, 2024

Ел экономикасы 9 айда 4%-ға өсті

110 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде экономиканың өсімі 4% -ды құрағанын баяндады. Нақты секторда оң динамика 5%-ды, қызмет көрсету саласында 3,8%-ды құраған, деп хабарлайды Egemen.kz Экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ел экономикасы 9 айда 4%-ға өсті

Фото: Vteme.kz

Министрлік мәліметінше, салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсеткен. Көлік қызметі 8,0%-ға, байланыс 6,4%-ға, сауда 6,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі 4,8%-ға өскені белгілі болды.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады. Инвестиция көлемі байланыста 81,7%-ға, білім беруде – 79,3%-ға, көлікте – 31,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 6,3%-ға, денсаулық сақтауда – 4,8%-ға өсті», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ал, қаңтар-тамыз айларында еліміздің сыртқы сауда айналымы $91,7 млрд-ты құраған. Экспорт $53,5 млрд-ты, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $17,8 млрд-ты, импорт $38,1 млрд-ты құраған. Жалпы алғанда, ҚР-ның оң сауда балансы $15,4 млрд-қа тең анықталған.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталғаны атап өтілді. Өндіріс көлемі 4,8%-ға, ал тау-кен өнеркәсібінде 1,2%-ға өскен.

«Биылғы жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 12,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінің көрсеткішінен 6,2%-ға артық.Ауыл шаруашылығы өсудің белсенді кезеңіне өтті. Дәнді дақылдарды жинаудағы үдемелі қарқынның арқасында сала өндірісінің көлемі 11,4%-ға ұлғайды. Өсімдік шаруашылығының өсім 17,8%-ды құрады»,делінген хабарламада.

Экономика министрінің айтуынша, экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларға баса назар аударуы қажет:

  • Игеру сомаларын қатаң бақылауға алып, инвестициялық бюджеттерді игеру;
  • Жылдың соңына дейін мұнай өндірудің жоспарланған көлемін орындау;
  • «Самрұқ-Қазына» холдингі отандық өндірушілердің тауарларын компания тобымен сатып алуын ұлғайту;
  • Астық жинауды толық көлемде аяқтау, «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамы және мүдделі мемлекеттік органдар астықты, оның ішінде экспортқа үздіксіз тасымалдау мен өткізуді қамтамасыз етсін.
Соңғы жаңалықтар

Енді жолдарға тұз себілмейді

Инфрақұрылым • Кеше