Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ
Ауылдан чемпиондар шығарамыз десек, осындай спорт нысандарының көптеп ашылуы маңызды. Жетісу облысы құрылғалы ондаған спорт кешені бой көтерген. Оның басым бөлігі ауылдарда орналасқан. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауыл халқының әлеуметтік деңгейін ғана көтеріп қоймай, спорт, білім саласында да бәсекеге қабілетті болуын көздеп отыр. Оның үстіне болашағы жоқ елді мекендердің саны күннен-күнге артып келеді. Бұл түйткілдің алдын алуда да осындай қадамдардың рөлі жоғары.
«Өңір аграрлы болғанымен, басқа да салаларды ұмыт қалдыруға болмайды. Әсіресе спортқа құмар ауыл балаларының бос уақытында не істейтіні маңызды. Күш-қуатын осындай спорт кешендерінде жұмсап, ертең еліміздің туын көкке көтерсе игі. Осы ретте облыс әкімдігінің бастамасына көңіл қуанады», дейді ауыл тұрғыны Әскербек Айтмұхамбет.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыста 17 жаңа спорт нысанының құрылысына 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Соның ішінде Алмалыдағы спорт кешені – биыл пайдалануға беріліп отырған алтыншы нысан. Жаңа спорт кешеніндегі волейбол, баскетбол, күрес, бокс залдары, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелеріне арналған бөлмелер барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Сол сияқты киім ілетін, жуынатын орындар қарастырылған. Ауласында шағын футбол, баскетбол, волейбол алаңдары бар. Нысан 50 орынға лайықталған. Бұл жаңалыққа ауыл тұрғындары да дән риза.
«Біздің ауыл әуелден спортқа жақын. Кезінде біздің өңірден Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев сияқты атақты палуандар шыққан. Мемлекеттің осындай қолдауынан кейін сондай даңқты спортшылардың жолын жалғайтын жастарымыз ауылымыздан көптеп шығатынына сенемін», дейді ауыл тұрғыны Зағиля Балабекова.
Ауылдағы спорттық секцияға қатысушы жас спортшылардың бірі Дархан Нұрахмет те пікір бөлісті: «Бұған дейін жаттықтырушымыз ауылымыздан 3 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына бізді өз көлігімен жаттығуға апарып жүрген. Қыстағы суықта барып-келу қиын болатын. Енді алысқа бармай-ақ өз ауылымызда жаттығатынымызға қатты қуанып отырмыз. Ауылымызда салынған спорт кешенінде бұдан былай тұрақты дайындала аламыз», дейді жас балуан.
Айта кетелік, Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылындағы жалпы аумағы 1 343 шаршы метр болатын бұл спорт кешенінің құрылысы өткен жылы басталған еді. Қыркүйек айының соңында Сарқан ауданының Бақалы ауылында да аумағы 3 200 шаршы метрлік жаңа стадион пайдалануға берілді.
Жетісу облысы