Әдебиет • 16 Қазан, 2024

Мақтымқұлы және қазақ өлеңі

130 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жарық дүниеге сүйіспеншілігі жер басып жүрген тірілерден артық ұлы ақын-жазушылар болғаны неткен бақыт. Баяғыда сүйегі қурап қалса да бір құдайдың құдіретімен олардың рухы күн сөнгенше тірі. 300 жыл бұрын бүтін бір елдің бағына жаралған аруақты ер Мақтымқұлы (1724-1807) өзі жырға қосқандай, «хақ тағала көзі түскен ер жігіт». Әлемде өлең мен көркем сөзден артық, одан асыл не болсын. «Ақын – Құдайдың дауысы» (Орхан Памук).

Мақтымқұлы және қазақ өлеңі

«Елім үшін өмір сүрем тым асқақ», «Арттағыға асыл хат» деп жаратушыдан дарыған биік миссия құдіретін тасқа бас­қандай айқын таңбалаған Мақтымқұлы Пырағы. Түрікмен халқының тірі сөзін ұлықтаған, оғыздың поэтикалық санасын жаңғыртқан дара. Мақтымқұлы өзін анық көре білген: «Мақтымқұлы, ірі ме ең, Тәңір тілін күрмеген?». Қазақтың Иман­жүсібі сәуле боп саулаған отты жырмен өз бейнесін тап басып айтты: «Қып­шақтың мың қатыны ұл тапса да, Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды!». Ер асылы солар болды. Егер олар осы заманда өмір сүрсе, Голливуд, керемет ак­терлер жолда қалар ма еді? Табиғи хариз­ма, ер азаматқа лайық бекзат тек­тілік, жалғаны жоқ болмыс, дегдарлық, таңдаулыға тиесілі несібе.

Мақтымқұлы сөз энергиясын тұң­ғиық сезген ақын: «Айтылған сөз – болар өрт», «сақта бізді ащы тілдің зәрінен». Сөз киелі, өмір мен өлім, тіршілік құпиясы сөзге байланған. Қазақта: «Айтылған сөз – атылған оқ», «Жақсы сөз – жарым ырыс». Хабарсыз кеткен аға-ініден тірідей айрылып, қиын-қыстау жаугершілік заманның қара бұлты сейілмей, елі үшін қайғы уытын шеккенімен туған хал­қының келешек тағдырын ақ батамен өрнектеген Мақтымқұлы:

«Үлде менен бүлде киер серісі,

 Жұпар шашар жидегі мен жемісі.

 Жайсаңдар мен жақсылар кіл ел іші,

 Жер жұмағы болар елі түрікменнің».

«Мен қалаған қабырға, біліп қой, жер кіндігі, Азат болар ол әркез, онда түрік­мен ордасы». Халық көкейінде тұн­ған қуатты тірі сөзге телінген ең асыл арман-мұрат һас ақынға ғана дариды. Абай Құнанбайұлы (1845-1904) 150 жылдай бұрын «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп ғылым-білімнен кем қалған, қараңғыда зарыққан елінің тағдырын ойлап күйзелді. Мақтымқұлы мен Абай ескілік меңдеген рулық жүйеде өмір сүрді. Екеуі де русыз сөз сөйлемеді, әйткенмен поэзияда өз тегін, шежірелік дерек, шыққан тайпасын жиі айтса да, әртүрлі тайпалардан құралған қаны бір халықты бөле-жармай біртұтас көруімен кемеңгерлік танытты. Әлеуеті бар халықтарда рухани толысу, есею уақыты басталарда ірілік, тұлғалық феномен пайда болуы табиғи заңдылық.

Ағылшын әдебиетінің негізін салған Джефри Чосер, неміс әдеби тілінің бастауында тұрған Мартин Лютер, жаңа дәуір әдебиетінің іргесін қалаған ірі тұлғалар – неміс фон Гете, орыс Пушкин, түрікмен Мақтымқұлы, қазақ Абай, саха Платон Ойунский – өз халқымен қоса адамзаттың бағына туған суреткерлер. XVIII ғасырда тармақ-тармақ сөз магиясы біртұтас әдебиет қорына құйыларын, поэзия адамзаттың ортақ қазынасы болғандықтан, келешекте дүниежүзілік әдебиет дәуірі туып, әр халықтан таң­даулы өкілдер екшеліп шығарын 1827 жылы 31 қаңтарда Гете анық болжаған. Да­нышпан Гете әдебиетке «асқан ұлы ақын» деген дәл ұғымды енгізді. Абай айт­пақшы, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы», құдай әулие қылмаса нағыз ақындық кісіге қонбайды. Ежелгі Рим ақыны Вергилий сияқты Мақтымқұлы мен Абай болашаққа ашылған алтын кілт иесі, поэ­зия пайғамбары еді.

Ақындар тағдыры қай уақытта болсын қасіретке толы. «Мақтымқұлы: Ол кім еді табанынан сойдырған? Дурды шахир: Несими ғой табанынан сойдырған» («Сұрақ-жауап»). Оғыз нәсілі Несими (1369-1417) әзербайжан әдебиеті бас­тауында тұрған ұлы ақын, кертартпа дінбасылар айып тағып, Мысыр сұлтаны оның терісін тірідей сыпырған.

Әкесі Дәулетмамед Азады суфий, ғалым, ақын, қос бауырына және әкесіне ар­наған Мақтымқұлы жырлары Эн­кидуды Гильгамеш жоқтағаны сияқты. Мақтымқұлы әкесін «Оғылым-Азадым» атты қалыбы диалог өлеңде сипаттай­ды, әке көкжиектен білім іздеген бала­сын алыс жол, қатерлі сапарға жібер­гісі келмей қиналады. «Ауған жақта мұ­­сылман да қатыгез» дейді жанашыр әке, үш ғасырдай уақыт өтсе де бұл сөз­дің уытты шындығы тарқамай тұр­ғаны өкінішті. Пырағы әкеге тартып ұл туарын, тектік қасиетті жырлады: «Жоқтайыншы Азадыны, Азадыға кім жетеді?»; «Баһарымның нұр таңы – қайда менің Азадым? Ел-жұртымның жыр-сәні – қайда менің Азадым? Ғөкленімнің ұрпағы – қайда менің Азадым?». Абай інісі Оспан, ұлы Әбдірахман өлгенде жазған бірнеше жоқтауда «Ата тегің мұндағы – Орта жүздің ұлығы» деп өз әке­сі Құнанбайды ұлықтап, тұқым тек­тілігін жырға қосты.

Мақтымқұлы Абайдан 121 жыл бұрын туған, бір-бірін білмесе де екеуара үндестік, конгениальдық құбылыс зор болмағы сүйінішті. Олардың эротикалық сарындағы биязы, әдептен аспаған, бүркемеленген лирикасында өте ұқсастық бары айқын. Мақтымқұлының «Неке», «Бұл күн», «Назды Ділбар» және Абайдың «Әлифби өлеңі», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі», «Көзімнің қарасы» сияқты лирикасы бұған айғақ. «Мақтымқұлы ғашық дертін, Өлеңімен емдер бұл күн». Түрікмен ша­йыр «Қараңғыда таң едім. ...Көзсіздерге көз едім, Сөзсіздерге сөз едім, Табаны таймас боз едім»; «Кім тың­дайды өкпемді, Рахымнан жоқ белгі» десе, қазақ шайыры «Қызыл тілім буын­сыз, Сөзімде жаз бар шыбынсыз, Тың­даушымды ұғымсыз, Қылып тәңірім берген-ді» дейді. Мұндай параллельдер, ой кемеңгерлігі қос тұлғада өте мол әрі жиі кездеседі. Япырау, қандай ұқсас таным үндестігі, дана теңдестік! Мақтымқұлы: «Дүние – ит, жақсыңды – қауып кетіп барады» десе, Абайда: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып». Ар­тық туған екеудің уайым-қайғысы, айнала надан елге налуы, күн астындағы аумалы-төкпелі дүниені айқын көруі, елім-жерім көркейсе деген азаматтық асыл мұраты бір-бірінен аумайды. «Мақ­тымқұлы, білгірсіп, Түземексің кімді ұрсып?! Маған келген мың қырсық, Кетті ме деп жылағын». Абай: «Өздеріңді түзе­лер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың»; «Бір қайғыны ой­ла­саң, Жүз қайғыны қозғайды». Мақ­тым­құлының «Наурыз», Абайдың «Жа­з­ғы­тұры» аталған шедевр өлеңдері кеңістік құдіреті сарынымен қоса тіл кестесі аса көркем табиғат лирикасы.

Мақтымқұлы мұрасын орыс тіліне арғы тегі қыпшақ Арсений Тарковский көп ау­дарған. Қан тартады. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, түрікмен топы­рағында туған дарынды ақын Дүй­сен­бек Қанатбаев ана тіліне (1940-2011) Мақ­тымқұлы жырларын сүйіп тәржімалады.

Сфрагида – әр өлеңнің соңында өз есімін белгілеп, атап жазу дәстүрін қазақтан гөрі түрікмен шайырлары жиі қолданды. XIV ғасырдағы әзербайжанның ұлы ақыны Несими туралы дастан жазған Нұрмұхаммед-Ғариб Андалиб, өзін махаббат падишахы атаған Молланепес және Мақтымқұлы, әр өлеңіне мөр басқандай өз есімімен бекітуі жарасымды. Парсы-тәжік классикалық поэзиясынан жалғасқан игі дәстүр.

Көшпелі елдерге тән ортақтық бар. Мақтымқұлы мен Абайда мұсылмандық эсхатология, тозақпен қорқыту жоқ. Мақ­тымқұлы «Көк тәңірі, о, Ахмет Ясауи, Ме­нің сақыпжамалымды көрдің бе?»; «Түркіс­танда Қожа Ахмет аты өшіп барады» деп қайғырады. Абайда имани жырлар терең.

Абайдың немере інісі Шәкерім өзін Мұтылған, яғни Ұмытылған атайды. Мақ­тымқұлының лақап есімі Пырағы, яғни Айрылған: «Жалында, өртен, Пырағы, Жастықтың болмас тұрағы»; «Мен Пырағы, жаны ғашық, Көпті көрдім арып-ашып»; «Көңіл шерін, Пырағы, тереңірек қозғашы, Менің осы сырымды / Кімге болсын талғап айт». Абайда: «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей». «Пырағы, көздің шырағы, Сөнгенше сұхбат құралық»; «Пырағы бұзбас сөз шырқын, Көреді-ау бәрін, көз, шіркін... Жыл өткен сайын қыз-қырқын, Ұят пен ардан тоналар»; «Пырағы, байқа, айдаһар, Жатпасын торып жолыңды» деп әйел затының опасыздығын ишаралайды. Абай: «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған, Сұлуы бұл заманның тек жатпаған», «Сен мені не етесің?», «Ойнасшы қатын болса қар, Аңдыған ерде қала ма ар?» деп жазғырады.

«Үш жүз алпыс әулие бар, Барсаң Хасар тауларына» деп Мақтымқұлы өлең­ге қосқан әулиелі Маңғыстау – екі халыққа ортақ өлке. Ежелден шөлейт құм­ды ен жайлап көшіп-қонған қазақ пен түрікмен сөз құдіретін, ақындықты қастер тұтқан. Нұрлан Оразалин «Жылат­паңдар ақынды! Ақын – елдің аруақ қонған арқасы!» деп жырласа түп-та­мыры бір қос бұтақ қыпшақ-оғыз түріктерінің таным-түйсігі.

Классик ақын Қадыр Мырза Әли «Мақтымқұлының зары», «Кеминенің шапаны» атты жырлар жазды. Мақтым­құлы медалін алған, «Бес мың жыл­дық тарихын түрікменнің, Бес-он күн­де айғақтап айтам қалай?..» деп Ашха­бад сапарынан тебіренген Ғалым Жай­лыбай түрікмен циклін жазды. Есен­ғали Раушановтың құстар туралы зоологиялық эсселерінде түрікмен халқы туралы ізгі ойлар бар. Светқали Нұржан Мақтымқұлының «Қайранда ғой, қайранда» атты өлеңін аударды. «Шын ғашықтар арнап Хаққа ышығын, Қайранда ғой, қайранда ғой, қайранда. ...Хирка киген Құл Қожа Ахмет – Піріміз, Сайрамда ғой, Сайрамда ғой, Сайрамда»; «Мақтымқұлы, тілге ділден ұшқын бер, Құлшылық қыл – таптаса да үстіңді ел. Тағаты жоқ, ғибадатсыз міскіндер, Ертең мәңгі арманда ғой – арманда». Бұл өлең түрікмен ақынының аллашыл болмысын және кіндік Азия халықтарына ислам дінін ашқан әрі елдік салт-дәстүрге лайықтап, қасиетті Құранды ана тілінде жырлап сіңірген Қожа Ахмет Ясауи әулиені пір тұтқанын айғақтай
түседі.

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы