Фото: ҚР Көлік министрлігі
Аталған акция тарихи-мәдени ескерткіштерді, шолу алаңдарын, кемпингтер мен жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын қамтыды. Сөз етілген нысандарда қоқыстарды жинау, аумақтарды тазарту және инфрақұрылымды күтіп-ұстау жұмыстары атқарылды.
Республикалық науқанға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК қызметкерлері, сондай-ақ олардың өңірлердегі филиалдарының қызметкерлері қатысты.
Еліміздің әр аймағында тазалау жұмыстарын жүргізу үшін бірнеше нысан таңдалды. Мәселен, Ақтөбе облысында жол қызметкерлері «Атырау – Ақтөбе» автомобиль жолының бойында орналасқан Есет батыр ескерткіші маңындағы аумақты тазарту бойынша сенбілік өткізді.
Түркістан облысында жолшылар Мақтаарал ауданындағы Алпамыс батыр ескерткішін абаттандырды. Солтүстік Қазақстан облысында «Астана – Петропавл» автожолында орналасқан «С – 80 тракторы» архитектуралық нысаны ретке келтіріліп, Шығыс Қазақстан облысында қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаевтың ескерткіші аймағында сенбілік өткізілді.