Кітапхана • 17 Қазан, 2024

Семейде зағип жандарға арналған кітапхана салынып жатыр

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семейде «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен зағип, нашар көретін азаматтарға арналған, еліміздегі жаңа үлгідегі тұңғыш кітапхана салынып жатыр. Кітап­ха­на құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, келесі жылы пай­далануға беріледі деп жос­парланған.

Семейде зағип жандарға арналған кітапхана салынып жатыр

Қордың қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Адиеваның ай­туын­­­­­ша, кітапхана осындай сипат­­тағы алғашқы, жалғыз мәдени мекеме болмақ. Аумағы мың шаршы метр­ге жуықтайтын ғимарат жылына 1000 оқырманға қызмет көрсете ала­ды.

Барлық тұрғыда қазіргі заман талаптарына сай арнайы кітап­ханада Брайль қарпіндегі кітап­тар мен дыбысталатын әдебиет­тен тыс, «Брайлист», «Жедел көмекші», «Тифлокомп» үйірмелерінде нұс­қаушы мамандар білім беру қызметімен айналысады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ жаңа рухани ошақта коворкинг-орталық шы­ғар­ма­шылық сұхбат аясында түрлі жас шамасындағы адам­дар­дың, оның ішінде жастар­дың басын қосады.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Абай облысының кітапханаларын жаңғырту» жобасы аясында қор тарапынан Семей қаласының қазіргі жұмыс істеп тұрған зағип, нашар көретін азаматтарға арналған ескі кітапханасына арнайы техникалық құрал-жабдық табысталып, Абай атындағы облыстық әмбебап кітап­ханада заманауи қоғамдық кеңістік ашылды.

Заманауи кітапханалар оның материалдық-техникалық жай-күйі, коворкинг аймақтарының қызметі халық сұранысына сәй­кес болуы қажет. Сондықтан жо­ба­ның негізгі мақсаты – білім беру­дің заманауи интерактивті, коммуникативті түрлерін құру арқылы оқырмандардың зияткерлік демалысқа деген қызығушылығын арттыру.

«Жоба аясында Семей қала­­сының кітапханаларына қайы­рымдылық көмек көрсетіліп келеді. Абай атындағы облыстық әмбебап кітап­ха­нада барлық қала тұрғынына, балаларға арналған тегін қоғамдық инновациялық роботтехника зертханасы, коворкинг-оқу залы мен ойын-шығармашылық алаңы ашылды. Ал нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана енді өз оқырмандарына бедерлі-нүк­телі қаріппен кітап шығаруға, қыз­мет­тердің кеңейтілген ауқымын көрсетуге, басқа да жерлерде іс-шаралар өткізуге қауқарлы», дейді жобаны іске асыру тапсырылған «Кемелді қадам» ҚҚ-ның төрағасы Гауһар Карменова.

Бүгінде облыстық кітапхана ересек оқырмандарды есептемегенде 2500-ден астам балаға қызмет көрсете алады.

«Кітапхананы жаңғырту нәти­же­­сінде балалар мен жасөспірім­дер­дің зияткерлік дамуына, олар­дың мәдени бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық жоспарлар мен креативті идеяларды жүзеге асыруына арналған жаңа, тартымды кеңістік пен алаң пайда болды. Жаңа орта жас оқыр­ман­дардың өздігінен білім алуына, кітапқа, шығармашылыққа деген қы­зығу­шылықтарын арттыруға сеп­тігін тигізетіні анық», дейді облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының директоры Мерей Қарт.

Әзірге ескі ғимараттағы арнайы кітапхана бүгінде 1000-ға жуық оқырманға қызмет көрсетеді.

«Кітапханамызды жаңа заманауи жабдықтармен жаңартудың маңыздылығы орасан зор. Брайль жүйесімен құжаттарды, кітап­тарды шығаруға арналған жабдық­тардың жиынтығы бізге ерекше құнды. Енді  балаларға бедерлі-нүктелі қаріппен мемлекеттік тілдегі танымал балалар әдебиетін оқуға мүмкіндік жасай аламыз», дейді арнайы кітапхана директоры Гүлнәр Гафиатуллина.

 

Алдаберген  Кемпірбай