Суреттерді түсірген – Қайрат ҚОНЫСПАЕВ
Компания өз қызметін кеңейту мақсатында «Bereke Bank» арқылы айналым қаражатын толықтыруға несие, «Даму өндіріс» бағдарламасы аясында «Halyk Bank» арқылы қаржыландыру алған. Сыйақы мөлшерлемесін «Даму» қоры субсидиялап, мемлекеттік қолдау көрсеткен.
Кәсіпорын менеджері Жұлдыз Әбішованың айтуынша, «Novus Polymer» – нарықтың осы сегментінде жұмыс істей бастаған алғашқы компаниялардың бірі. «Galwin» сауда маркасының профильдері Алматы қаласында еуропалық технологиялар негізінде «Krauss Maffei» өндірістік желілері мен «Greiner Extrusion Technology» экструзия саласындағы әлемге әйгілі компанияның матрицаларында дайындалады. Дозалау жүйесінің барлық жұмысы автоматтандырылған. Қолданылатын технологиялар мен бірегей жабдықтар қысқа мерзім ішінде стандартты, стандартты емес мөлшердегі жоғары сапалы профильдер, түстер шығаруға мүмкіндік береді.
«Біз терезе жақтауларына арналған профильдерді 2006 жылдан бастап шығардық. Қазір зауытта 2 020 жұмысшы бар. Биыл «Даму» қорының демеуімен қосымша жұмыс орындары ашылды. Қазір барлық қалада біздің ресми өкілдіктеріміз бар. Рас, ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекелестеріміз көп. Бірақ біздің өнім экологиялық таза шикізат құрамымен ерекшеленеді», дейді Жұлдыз Әбішова.
Тамшы түтіктері мен тамшылап суару жүйелерінің жаһандық өндірушісі – «Metzer Group» компаниясының еншілес ұйымы – «Ирригатор Қазақстан» ЖШС өз қызметін 2014 жылы бастады. Өнімдер тамшылатып суару саласында қолданылады. «Еуразиялық банк» арқылы кәсіпорын кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында қаржыландыруға ие болды. Қор жылдық 21,75% сыйақы мөлшерлемесінің 13,75%-ын субсидиялап, қолдау көрсетті Несие қаражаты Алматы қаласының индустриалды аймағындағы тамшылататын түтік, полиэтилен, тамшылататын құбырлар шығаратын қондырғылар әзірлейтін зауытқа жұмсалды.
Компания бас директоры Мұрат Ақшалов мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп фермерлерге ылғал үнемдеу технологияларын дұрыс қолдануға үйрету мақсатында білім беру бағдарламаларын жүргізгенін атап өтті.
«Бүгінде мемлекет бұл мәселеде фермерлерді белсенді қолдайды, ылғал үнемдеу технологияларын енгізуге субсидиялар береді. Бұл оларды кеңінен пайдалануға ынталандырады. Ауыл шаруашылығының климаттық өзгерістерге төзімділігін арттыру мен ылғал тапшылығы жағдайында су ресурстарын пайдалануды жақсартуды кешіктіруге болмайды. Тамшылатып суарудың заманауи технологиялары суару кезінде су ысырабын азайту мақсатында қолданылады. Мұндай жүйелер өсiмдiктерге су берудi неғұрлым дәл бақылауға мүмкiндiк бередi. Әсіресе құрғақшылық кезеңде ерекше маңызды», дейді.
Жеміс шәрбаттары мен жеміс-жидек пюресін өндіретін «SKbar» компаниясының алғашқы клиенттері мейрамханалар мен дәмханалар болды,. Елімізде шәрбат тұтыну мәдениеті өсіп келе жатыр. Адамдар жаңа дәмдерді татып көргісі келеді. Тиісінше, оған көп қаржы жұмсайды.
Жоба жетекшісі Закир Мұхамедовтің айтуынша, глюкозалы-фруктозалы шәрбат ағзаға жеңіл сіңеді. Қазір қаладағы дәмханалар мен кафе-барлардың біразы осы кәсіпорынның өніміне тапсырыс береді екен.
«Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 7 млн литр шәрбат, 1,5 млн литр пюре, 250 тонна мұз. Дәмдер палитрасы өте кең. Қазірге дейін 100 хош иіс пен дәмді шығару игерілді. Компанияда 100-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Шағын көлемнен бастадық. Қолда бар қаражатқа қараусыз қалған ғимаратты өндіріске дайындадық. Жаңа желі сатып алғаннан кейін өнімді жеткізу кезіндегі автомобиль тапшылығы проблемасына тап болдық. «Даму» қоры автокөлік сатып алу үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесін 19%-дан 8%-ға дейін субсидиялауға көмектесті. Бұл бізге жұмыс орындарын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бүгінде кәсіпорынның қуаттылығы 50%-ға жетті», дейді Закир Мұхамедов.
АЛМАТЫ