Қоғам • 17 Қазан, 2024

Армения Президенті Басқару академиясында дәріс оқыды

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізге ресми сапармен келген Армения Республикасының Президенті Ваагн Хачатурян Президент жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясында дәріс оқыды. Мемлекеттік қызметшілерге ол Арменияның мемлекеттік басқару құрылымын, тарихын, көлік-логистикалық әлеуетін, әлеуметтік-экономикалық саласын, инвестиция, жұмыссыздық мәселелерін айтып берді.

Армения Президенті Басқару академиясында дәріс оқыды

«Армяндық «Бейбітшілік тіре­гі»: Оңтүстік Кавказдың ұлттық артық­шы­лығы және тұрақты дамуының кепілі» тақы­рыбындағы дәрісін Армения басшысы өз тілінде оқыды. Ол әр ұлт ана тілінде сөйлеуі маңызды екенін айтты.

– Ресми кездесулерде мен де, Пре­мьер-министріміз де өз тілімізде сөйлейміз. Мұны өте маңызды деп санаймын. Бұл өзімізді көрсету үшін ғана емес, шын мәнінде, біздің тәуелсіз, бақуатты мемлекет екенімізді тағы бір мәрте дәлелдейді, – деді В.Хачатурян.

Армения президентінің айтуынша, өз еліндегі жұмыссыздық – 12 пайыз. Десе де мемлекетте жұмыс күші тапшылығы сезіледі.

– Отандастарымызға белгілі бір салада жұмыс істеу тиімсіз болып көрінеді, сондықтан олар жұмыс істегісі жоқ. Сол себепті жұмыссыздар деп есептеледі. Дегенмен біздің көші-қон саясатымыз бар және сол арқылы Үндістаннан, басқа да шет мемлекеттерден жұмыс күшін тартамыз. Негізі түрлі бағалауға сәйкес, жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан аспауға тиіс, – деді ол.

Академияда Армения Президентіне прокторинг элементтері бар Admission (қабылдау комиссиясы) ақпараттық жүйесі мен iCademium (LMS) жүйесі көрсетілді. Сондай-ақ Ваагн Хачатурян біліктілікті арттыру курстары тыңдаушы­ларының коммуникативтік дағдыларын арттыру мақсатында пайдаланылатын медиа-студияның мүмкіндіктерімен, үздік­сіз білім беру платформасы және қа­шық­тан оқыту курстарын жазуға арналған JALINGA бейнестудиясымен танысты.

Ваагн Хачатурян өз сөзінде Қазақстан мен Армения арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойыл­ғанына 25 жыл толғанын атап өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы дос­тық қарым-қатынас ұзақ жылға жалға­сатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл ака­демияның білім алушылары ақпаратты бірінші басшыдан алғаны маңызды екенін жеткізді.

Академияның Дипломатия институ­тының магистранты кездесуден алған әсерімен бөлісті.

– Армения Президентімен кездесу  өте қызықты әрі пайдалы болды. Армения экономикасының, көлік-логистика сала­сының, ауыл шаруашылығының дамуы туралы біраз ақпарат алдық, макро­эко­номикалық көрсеткіштерімен таныс­тық. Бұл – ерекше сипатқа ие кездесу. Президенттің академияға келіп, бізге дәріс оқуының өзі білімге назар аударатынын білдіреді, – деді Темірлан Сайлауұлы.

Президенттің дәрісіне Арменияның ресми делегациясы, оның ішінде Армения Республикасының Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Армения Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Армения Респуб­ликасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі, Армения Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, «Армения-Қазақстан» парламентаралық достық тобының жетекшісі, Президент әкімшілігі және БАҚ өкілдері, ҚР Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, магистранттар, докторанттар, сондай-ақ академия қызметкерлері қатысты.