Фото: ҚР ТЖМ
Қырғызстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 9 қазанда Қаныш-Қия ауылынан 14 адам арнебия өсімдіктерін жинауға тауға шығып, із-түзсіз жоғалған. 16 қазанда жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 8 адам тірі табылған. Қалған 6 адамды іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Оларды қар көшкіні басып қалған деген болжам бар.
Ведомствоның министрі Бообек Әжікеев зардап шеккендерді іздеу жұмыстары үшін тікұшақ дайындалып жатқанын айтты.
«Ауа райы қолайлы болған кезде, тікұшақ дереу іздеу орнына аттанады. Зардап шеккендердің нақты мекен-жайы анықталғаннан кейін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің 15-20 құтқарушы тобы аттанады. Ол 2-3 күнге созылады. Топ барлық қажетті құралдармен, соның ішінде үздіксіз байланыс пен ақпаратты хабарлау үшін спутниктік байланыспен жабдықталады. Содан кейін эвакуациялау үшін 6 атпен жабдықталған екінші құтқару тобы жолға шығады. Жағдай менің бақылауымда», деді басқарма басшысы.
Табылған адамдардың мәліметінше, 14 қазан күні сағат 18:00 шамасында Ақ-Сай асуында қар көшкіні жүріп, оның астында алты азамат қалған.