Байқау • 18 Қазан, 2024

Ән абызы ұлықталды

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кенен Әзірбаев әндерін ел арасында кеңінен насихаттауға арналған «Шырқа, даусым» республикалық байқауы биыл да өз деңгейінде өтті. Он екінші рет өткізілген дәс­түр­лі өнер додасына еліміздің әр қиырынан арнайы келген 18 үміт­­кер қатысып, кең тынысты Кенен әндерін шыр­қады.

Ән абызы ұлықталды

Байқаудың деңгейі 10 жыл бұрынғыға қа­рағанда айтарлықтай өскен. Ілгеріде қатысушылар Кенен Әзірбаевтың «Көк­шолақ», «Шырқа, даусым!», «Қайран жастық» секілді санау­лы әнін ғана орындайтын. Сол кезде ұйымдастырушылар «боз дала бозторғайы» атан­ған композитордың өзге шы­ғармалары қалтарыста қал­ғанын айтып жататын.

Кейінгі уақытта осы бір олқылықтың орны тола бастады деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, осы жолы байқау қатысушылары Кенен әндеріне терең бойлай бастағанын бай­қадық. «Бал құйылды даладан», «Қазақстан аймағы», «Алатау алабында», «Бұлбұлға», «Боз­торғай», «Гигигай» секілді Ке­нен Әзірбаевтың өзге де көп­теген тамаша әнін байқауға қатысқан өнерпаздар шырқау шегіне жеткізе шырқап, тың­дармандардың алғысын ар­қалады.

Әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған бай­қауға қатысқан дәстүрлі ән­ші­лердің қай-қайсысы болсын, боз дала бозторғайының тамаша туындыларын шырқау шегіне жеткізе орындағанын айта кеткен жөн. Үлкен да­йын­дықпен келгендері бірден аң­ғарылды. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Алтынбек Қоразбаев бастаған қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңайға соққан жоқ.

Кіл жүйрік топқа түскен өнер аламанында ешкім жүл­десіз қалмады. Үздік үштіктің қатарына енбеген қатысушылар арнайы Алғысхат, дипломдармен және 50 мың теңге кө­лемінде сыйақымен марапатталды. Ал «Кенен ата» қоры та­ғайындаған арнайы сыйлық Қос­танай облысынан келген Жас­ұлан Өтемұратовқа бұйыр­ды.

Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен қостанайлық Айбике Таңа­тарова, жамбылдық Бекарыс Көштаев үшінші орынға лайық деп танылып, 200 мың теңге сыйақыға ие болса, Алматы қаласының үкілі үміті Нұрдана Сәлімханға жүлделі екінші орын және 400 мың теңге сый­ақы берілді. Жамбыл облы­сының атынан қатысқан Мерей Абуева бірінші орын иегері атанып, 700 мың теңге қаржылай сыйақымен марапатталды. Қазылар алқасы бас жүлде мен 1 миллион теңге жүлдеге Түркістан қаласынан келген Аружан Сағындықты лайық деп тапты.

 

Тараз