Салтанатты іс-шараны Esil University ректоры Аяпберген Таубаев ашып, бұл конференция экономика саласының даму қарқынын талқылауға тамаша мүмкіндік екенін атап өтті. Келелі кеңеске жоғары оқу орындарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Индонезия, Малайзия, Мажарстан, Ресей және Өзбекстаннан келген шетелдік қонақтар қатысып, қаржы-экономика тақырыбында пікір алмасты.
Ғылыми жиын барысында Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров «Ақша-кредит жүйесінің қазіргі мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, еліміздің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету мақсатында ақша-кредит саясатын жаһандық өзгерістерге бейімдеу қажеттігіне баса назар аударды. Сондай-ақ конференция аясында заң ғылымдарының докторы, Esil University құқық кафедрасының профессоры Алпысбай Жүсіпов «Заманауи білім берудегі құқықтық инновациялар» тақырыбында сөз сөйлеп, цифрлық трансформация жағдайында оқыту жүйесін жаңғыртудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Айта кетейік, «Сейітқасымов оқулары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл бесінші мәрте өткен жиында 202 баяндама ұсынылса, шетелден келген ғалымдардың халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға бағытталған 30 ғылыми еңбегі талқыланды.