Парламент • 18 Қазан, 2024

Парламенттік дипломатия өңірлік байланысты нығайтады

73 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия II форумында баяндама жасады. Бұл іс-шара бірінші Astana Think Tank Forum-2024 аясында ұйымдастырылды. Онда әлемнің 20-дан аса елінен келген 50-ге жуық сарапшы орта державалардың қазіргі жаһандық деңгейдегі стратегиялық және дипломатиялық рөлін талқылады.

Парламенттік дипломатия өңірлік байланысты нығайтады

М.Әшімбаев жаһандық дамудың қазіргі кезеңі геосаяси шиеленіс­тер­мен және халықаралық қаты­на­с­­тардағы тұрақсыздықпен қатар келіп отырғанын атап өтті. Мұн­дай жағдай қауіпсіздік пен тұрақ­ты дамуды қамтамасыз етуде орта державалардың рөлі мен жауап­кершілігін арттыра түседі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның пленар­лық отырысында орта елдердің артып келе жатқан рөліне жан-жақты тоқталды. Негізінен ірі держава­лардың көлеңкесінде қалып келген орта елдер бүгінде аймақтық және жаһандық тұрақтылық пен әлемнің орнықты дамуын қамтамасыз етуде алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл олардың икемділігіне, диалогке бейімділігіне және сындарлы өзара іс-қимылына қатысты екенін атап өткен жөн. Кейінгі жылдары Қазақстан өзекті жаһандық және өңірлік проблемаларды жеңілдетуге конструктивті өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық саясатын дәріп­теп келеді. Бізде жаһандық күн тәртібін ілгерілетуде және өзек­ті мәселелерді шешуде орта держава­лардың жеткілікті деңгейде тиімді бола алатынын көрсететін нақ­ты нәтижелер де бар», деді Сенат төрағасы.

М.Әшімбаевтың айтуынша, бұрынғы тәсілдер мен институт­тар өздерінің тиімсіздігін көрсет­кен қазіргі жағдайда әлемге ынтымақ­тастықтың жаңа форматы мен қақтығыстардың алдын алатын және оларды оң шешетін тың тетіктер қажет. Осыған орай палата спикері Қазақстанның диалогті нығайту және әлемнің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолындағы бастамаларына ерекше назар аударды.

«Қазақстан 20 жылдан аса уақыт бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп келеді. Бұл бастама осы уақыт ішінде диалог мәдениетін дәріптеу және кедейлік, теңсіздік, экстремизм, ксенофобия, жаһандық жылыну сияқты ортақ проблемалар мен сын-қатерлерге қарсы тұру жолында дін лидерлерінің күш-жігерін бірік­тіретін пәрменді тетікке айналды. Мемлекет басшысының бейбітшілік­ті сақтау идеяларын ілгерілету, өзара сыйластық пен ынтымақтастық мәде­ниетін нығайту жөніндегі күш-жігері арқылы VII Съезде әлемнің рухани көшбасшылары бір үстел басына жиналып, ортақ мүдде жолында бірлесіп әрекет ету мәселесін талқылауға мүмкіндік алды. Өткен аптада біз дінаралық диалогтің сабақтастығын сақтауға арналған Жас діни лидерлердің алғашқы форумын өткіздік. Қазақстан кейін­гі жылдары мемлекетаралық және басқа да жанжалдарды шешуге белсенді қатысып келеді. Осылайша, еліміз қазірдің өзінде жауапты мемлекет ретінде әлемнің тұрақты және қауіпсіз дамуына өз үлесін қосып отыр. Бұл орайда Орталық Азия елдерінің ұстанымдары өте ұқсас екенін де айта кеткен абзал», деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасы халықаралық мәселелерде Орталық Азия өңірлері­нің субъективтілігі артып келе жатқанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ аймақтағы ынтымақтастықты нығайтудың негізгі тетіктеріне назар аударды. Бұл ретте парламентаралық өзара іс-қимыл және барлық мүддені көздейтін салалардағы байланыстарды нығайту мәселелері сөз болды.

«Қазіргі таңда парламенттік дипломатия өңірлік күн тәртібін ілгері­летудің және аймақтық коо­пе­рацияның құқықтық базасын нығайтудың катализаторына айналып келеді. Орталық Азия елдері арасында бизнес, су және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызы зор. Аталған бағытта көлік дәліздерін де дамыту өзекті болып қалып отыр. Аймақ ортақ тарихи және мәде­ни құндылықтарға табан тіреу арқы­лы жаңа күш пен бірлікке ие бола­ды. Өзара сыйластық, сенім және прагматизм қағидаттарына негіз­делген біздің бірлескен күш-жігеріміз Орталық Азияның әлемнің қарқынды дамыған, өсіп-өркендеген, болашағы зор өңірлердің біріне айналуына жол ашады деп сенемін», деді М.Әшімбаев.

Іс-шараға отандық және шетелдік жетекші талдау орталықтарының басшылары, зерттеушілер, сарапшылар мен дипломаттар қатысты. Форум барысында Өзбекстан Президенті жанындағы стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Элдор Арипов, Тәжікстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерт­теулер орталығы өңірлік қауіпсіз­дік мәселелерін зерттеу басқармасының басшысы Шарифзода Саидхомид және «Caspian Policy Center»-дің (АҚШ) Каспий мәселелері жөнін­дегі аға ғылыми қызметкері Эрик Руденшиолд сөз сөйледі.

Жалпы, 16-17 қазан күндері Астана халықаралық форумы аясында «Құбылмалы жаһандық тәртіптегі орта державалар: қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды нығайту» тақырыбына арнал­ған алғашқы Astana Think Tank Forum-2024 форумы өтті. Іс-шараны Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Екі күнге жалғасқан форумда халықаралық сарапшы­лар Атлант мұхитынан Тынық мұхи­ты­на дейінгі кеңістіктегі өзара іс-қимылдың геосаяси, экономикалық және стратегиялық аспектілеріне назар аударды.