Кеңес төрағасы Мелес Сейітжанов қала әкімдігі тарапынан өңірге инвесторлар тартылып жатқанын, ол үшін барлық тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді. Сондай-ақ жаңа индустриялық аймақтар құрылғанын, соңғы жылдары шаһар сәулет жағынан жақсара түскенін, әсіресе туризмді дамыту үшін көптеген жұмыс атқарылғанын атап өтті. Ол инвестиция саласында осы күнде біраз ірі жобалар қолға алынғанын айтып, соның нәтижесінде ауқымды өндіріс орындары ашылғанын тілге тиек етті.
Осы жиында кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева сөз алып, Шымкенттегі АЭА-ның қала экономикасын өркендетуге қосқан үлесін баяндап берді.
«2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Қазіргі таңда бұл – басты стратегиялық құжат. Сондықтан ол барлық мүдделі тараптар мен экономикалық аймақтардың жұмысын жүйелейді. Осы тұста айта кету керек, «Оңтүстік» АЭА тек мегаполистің емес, еліміздегі табысты арнайы экономикалық аймақтардың бірі саналады. Оған салынған инвестиция – 60 миллиард теңге болса, өндіріс көлемі – 156,4 миллиард теңгені құрайды. Аймақты құруға кеткен бюджеттің 1 теңгесіне 7,4 теңге инвестиция құйылған. Бұған қоса АЭА кәсіпорындары Салық кодексіне сәйкес түрлі салықтық жеңілдіктерді қолданады», деді ол.
Кеңес отырысында Шымкент қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Бақытжан Байғозиев «Оңтүстік» АЭА кәсіпорындарының жер учаскелерін алудағы проблемалары туралы баяндады.
«Күн тәртібінде қаралған мәселе шынымен де күрделі. Арнайы экономикалық аймақты құрудағы басты мақсат – өңірді жедел дамыту, өте тиімді, бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру еді. Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы АЭА қатысушыларына ақылы негізде уақытша пайдалануға жер учаскелерін беруге тиіс. Прокуратура тексеру жүргізу нәтижесінде инвестициялық түрлі қолдауларға қарамастан, басқарушы компания тарапынан жер учаскелерін АЭА қатысушыларына беру барысында әртүрлі әкімшілік кедергі жасалғанын анықтаған. Соның салдарынан инвесторлар өз міндеттемелерін келісімшартта белгіленген мерзім ішінде орындай алмай жатыр. Прокуратураның араласуымен АЭА-ның екі кәсіпкеріне жер учаскелері берілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокуратура арнайы акт түзетін болады», деді Б.Байғозиев.
Өз кезегінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ғанибет Әубәкіров кәсіпкерлерге бөлінетін жер учаскелерінің құжаттарын рәсімдеу барысындағы мерзімдердің созылып кету себебін түсіндіріп берді.
«Кәсіпорындардың жер учаскелерінің мемлекеттік актілерін рәсімдеу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына құжат тапсырылады. ХҚКО-да рәсімдеу уақыты созылатындықтан біздің жұмыс көп жағдайда кешеуілдеп жатады. Регламент бойынша ол 14 күн уақытты алады. Бірақ шын мәнісінде мерзім одан да асып кетіп жатады. Оның бірден-бір себебі – құжат рәсімдеудің қиындық тудырар тұстары көп. Кәсіпкермен келісімшарт жасалған соң жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеу мерзімінің тым кешігіп кететіні сондықтан», деді басқарма төрағасы.
Басқосуда кеңес мүшелері аталған келеңсіздіктерді болдырмау үшін құжат рәсімдеудің нақты әрі түсінікті алгоритмін құру керектігін алға тартты. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, оларды қолдауға барынша жағдай жасау қажеттігіне тоқталды.
Сонымен, жоғарыдағы мәселелерді талқылай келе кеңес мынадай қорытынды жасап, ұсыныстарды әзірледі. Біріншіден, Шымкент қаласының прокуратурасына кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарауға тиіс. Екіншіден, кәсіпкерлер палатасы қалалық прокуратурамен, кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірге кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруына жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Үшіншіден, қалалық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасына заңнамада көзделген нақты мерзімдерді көрсете отырып, АЭА қатысушылары үшін жер учаскелерін беру бойынша инвестициялық жобаларды іске асырудың қадамдық алгоритмін әзірлеу міндеттелді. Ең соңғысы «Оңтүстік» АЭА кәсіпкерлеріне жер учаскелерін бөлудегі кедергілерге қатысты қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне арнайы хат жолданатын болды.
ШЫМКЕНТ