Қоғам • 18 Қазан, 2024

Әлем тәжірибесіндегі азаматтық қоғам

99 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Демократия жолындағы еліміз азаматтық құндылықтарды қайта қарастырып, жан­дандырып жатыр. Басты мақсат – отан­дастарымыздың жауапкершілігін күшей­тіп, күнделікті өмірдегі мәселелерден бастап мем­лекеттік деңгейге дейінгі шешімдерді қабылдауда азаматтық-құқықтық белсенділік көрсетуге шақыру.

Әлем тәжірибесіндегі азаматтық қоғам

Азаматтық қоғам ұста­ным­­дары демократиялық инс­титуттарды нығайтуда, адам құ­қықтарын қамтамасыз ету­де, мемлекеттің тұрақты да­муында шешуші рөл атқа­ра­ды. Азаматтық қоғам құ­ра­мында халық мүддесін біл­діретін және қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), кәсіптік бірлестіктер, кә­сіподақтар, діни топтар, құқық қорғау бастамалары, экологиялық қозғалыстар бар. Олар мемлекеттік билік жүйесіне тәуелді емес, дегенмен билікпен бірлесіп елдің әлеуметтік, мәдени, саяси әрі экономикалық үдерістеріне әсер етеді. Бұл – азаматтардың мүдделерін білдіру; әлеуметтік қолдау және көмек көрсету; Үкімет қызметін қадағалау; қоғам өмірінің әр саласында сауат­тылықты қамтамасыз ету; адам құқығын қорғау; аза­маттарды жұмылдыру және қоғамдық бастамаларды қа­лыптастыру; демо­кра­тия­лық институттар жү­йе­сін дамыту; табиғатты қор­­ғау және орнықты даму жү­йесі.

Әр елдегі азаматтық қоғам­ның даму тәжірибесі оның тұрақтылықты, әлеуметтік әділетті және демократи­я­ны қамтамасыз етудегі ше­шуші рөлін көрсетеді, әлеу­меттік үдеріс пен құқық қорғау қызметіне ықпал етеді. Экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрақтылық даму үрдісіндегі бірқатар мем­лекеттің азаматтық қоға­мы халықтың әл-ауқатын жақ­сарту, білім деңгейін көтеру, жұмыссыздық көрсет­кішін төмендету және тағы да басқа мәселелерді шешуде үлкен үлес қосады.

CIVICUS (civicus.org) халық­аралық ұйымы әлем бойын­ша азаматтық қоғам жағдайына мониторинг жүргізіп отырады. Ұйым ақпа­ратына сүйенсек, әлем­дік тәжірибеде АҚШ, Скан­динавия елдері, Батыс Еуро­па мемлекеттері – азамат­тық мәселелерді шешуде көшбас­шылық орындарда.

АҚШ-та азаматтық құ­қықтарды қорғау, эко­логиялық қозғалыстар, діни ұйымдар міндеттері әлеу­меттік, құқықтық, мәде­ни, ішкі саясат, макроэко­но­микалық мәселелерді жеңіл­детеді:

  • Азаматтық құқықтар­ды қорғау. Мәселен, Аме­ри­калық азаматтық еркін­дік­тер одағы (American Civil Liberties Union) АҚШ азаматтарының әлеуметтік-құқықтық, білім беру және мәдениет салаларындағы құқық­тарын қорғайды, ал Афро-америкалық азаматтар дамыту қауымдастығы (National Association for the Advancement of Colored People) нәсілдік қысым­шыл­дықты жоюға атсалысады.
  • Экологиялық қозға­лыс­тар. Қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, орнықты даму мәселелерін шешу әрекеттері мен мұнай саласындағы компанияларды қадағалайды. Greenpeace, Sierra Club және өзге де экологиялық ұйым­дар көбіне парниктік газдар шығарындыларын азайту сияқты АҚШ-тың эко­логиялық саясатындағы негіз­гі өзгерістердің қозғаушы күшіне жатады.
  • Діни ұйымдар. Бұл ұйымдардың қайырымдылық, еріктілер және әлеуметтік қолдау сияқты әлеуметтік үдерістерге әсерін бағаламау мүмкін емес. Шіркеулер мен өзге де діни мекемелер қоғамдық өмірде, әсіресе аймақтық деңгейде маңызды рөл атқарады.

Енді Скандинавия елде­рінде мынандай ұстын­дар бар:

  • Әлеуметтік әл-ауқат және әділет. Азаматтық ұйым­дар әлеуметтік әділетті қам­тамасыз етуде, халықтың осал топтарын қолдауда және өмір сүру деңгейін жақсарту бағдарламаларын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады;
  • Экологиялық және ор­нық­ты даму қозғалыстары. Азаматтық ұйымдардың мемлекетпен бірігуі нәтижесінде Скандинавия – жаңартылған энергия көздері мен климат­тың өзгеруі бойынша көш­басшы.
  • Гендерлік теңдік пен әйелдер құқығы. Бұл ел гендерлік теңдік жөнінен әлемде алдыңғы қатарда тұр. Мысалы, Исландияда әйел депутаттар шамамен 48%-ды,
    ал Швецияда шамамен 46%-ды құрайды. Сонымен қатар экономикалық тәуел­сіздік, декреттік демалыс, әлеуметтік саясат бойынша әйелдер қауымының мүд­делері қарастырылады.

Ал Еуропа елдеріндегі аза­маттық қоғам мына сала­ларға назар аударады:

  • Қоғамдық қозғалыстар. Мысалы, феминизм қозға­лысы әйелдер теңдігін бар­лық салада сақталуын талап етуі нәтижесінде жұ­мыссыздық пен жалақы теңсіз­дігі мәселелері ашық қарастырылып отыр. Кә­сіподақтар жұмыс­шы­лар­дың құқығын қорғауы барысында бірқатар әлеуметтік, экономикалық тақырып төңірегінде ішкі сая­си шешім­дер қабылданады.
  • Адам құқықтарын қорғау ұйымдары. Human Rights Watch, Amnesty International ұйымдары тек Еуропа мемлекеттері ішін­де ғана емес, шетелдерде де өз міндеттерін атқа­рады. Әлемдік деңгейде бос­қындар мен мигрант­тар құ­қықтарының қарастырыл­уы­мен жаһандық деңгейдегі құқықтық нормалар жанданып жатыр.
  • Экологиялық бастамалар. Friends of the Earth және Extinction Rebellion ұйымдары ресми билік жүйесімен бірігіп экожүйені сақтау шараларын іске асыруының нәтижесінде өндіріс кешендерінен ат­мос­фераға залалды заттар­ды шы­ғару ауқымының төмен­деуіне септігін тигізді.

Қорыта келгенде, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, аза­маттық қоғамның дамуы әрбір елдегі саяси және әлеу­меттік жағдайлармен тығыз байланысты. Дамыған демократияларда азаматтық қоғам саясат пен қоғамдық өмірге белсенді әсер етеді.

 

Индира КҮНТУОВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшы-менеджері