Басылым • 19 Қазан, 2024

Қазақ кітаптары – Еуропа төрінде

940 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Германияның Майндағы Франкфурт қаласында 16-20 қазан аралығында «Frankfurter Buchmesse-2024» атты кітап жәрмеңкесі осымен 76 рет өтіп жатыр. Әлемнің 95 елінен мыңнан аса автор мұнда 4 мыңға жуық туынды ұсынып отыр. Біздің отандық кітап өнімдері тұңғыш қойылған көрме аясында 650 түрлі халықаралық мәдени іс-шара ұйымдастырылады екен. Франкфурт көрмесін тамашалаушылар саны биыл 215 мың адамды құрайды деген болжам бар.

Қазақ кітаптары – Еуропа төрінде

Тарихи жәрмеңкеге отан­дық баспагерлер Мәде­ниет және ақпарат министрлігі­нің қолдауымен алғаш рет қатыс­ты. Нәтижесінде, еуропалық көрермендерге еліміздің бас­па өнімдерін насихаттайтын көр­некі стенд ұйымдастырумен қатар, көрме сөресіне еліміз­дің 250-ден аса авторының шығармасы жайғасты.

«Біздегі баспалардан: «Мек­теп», «Алматыкітап», «Атамұра», «Ar­man-PV», «Steppe & World Publishing», «Astana-kitap», «Аmal­­Books» сынды мекемелер басып шы­ғарған өнімдерді көре аласыздар. Сонымен қатар жоспарлы мәдени шара аясында қазақстандық «Steppe & World Publishing» бас­па үйі аударған Михаэл Энденің «Аяқталмас хикая» және «Момо» кітабы, «Ал­ма­ты­кітап» баспасы «Ме­нің Қа­зақстаным» серия­сы­мен жарық көрген туынды­ларын ұсынады. Франк­фурт қаласындағы еліміз­дің Бас консулдығында «Қа­зақстан жазушылары мен бас­пагерлерінің ұлттық және әлем әдебиетіндегі рө­лі» тақырыбында әдеби-шығар­машылық басқосу өтеді. Жәрмеңке жексенбі күні америкалық поляк та­рихшысы Энн Эпплбаумға неміс кітап саудасының бейбітшілік сый­лығын тапсырумен аяқ­талады деп күтілуде», дей­ді ұйымдастырушы ведом­ствоның баспасөз қызметі.

Франкфурт кітап жәрмең­кесі­нің басты мақсаты – кітап саудасы мен нарығын халық­аралық аренада жан­­дандырып, жазушылар мен бас­­­па­­герлерге қолдау көрсету. Жәрмеңкенің 550 жыл­­дан астам тарихы бар. Ал­ғаш рет 1473 жылы өткі­зілсе, 1574 жылдан бастап жүйе­лі түрде қолға алынған. Франк­фурт кітап жәрмеңкесі Майнцта (Франкфурт маңын­да) Иоганн Гу­тен­берг негізін қалаған кітап баспа­сымен тығыз байланысты. Содан бері Франкфурт – Еуропаның кітап­тар астанасы атанған. Дәстүрлі жәр­­меңкеге әлемдегі үздік баспагер­лер, кітап сатушылар, кітап­ханашы­лар, ғалымдар, аудармашылар, сурет­шілер, тағы да басқа кітап ісіне қа­тысты түрлі сала өкілдері қатысады.

Осындай маңызды жәр­меңке төрінен қазақстандық өнімдердің де орын алуы құп­тар­лық дүние. Бұл туралы пікір білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті­нің төрағасы Рус­там Әли: «Отандық баспа­гер­лердің «Frankfurter Buch­messe-2024» кітап жәр­мең­кесіне қатысуы – біз үшін маңызды тарихи оқи­ға. Дүниежүзілік алаңда өзіміз­дің мәдени мұра­мыз­ды таныстырып, отан­дық авторлар мен баспа­герлерді әлемдік деңгейде көрсету мүмкіндігі туып отыр. Халықаралық кі­тап жәрмеңкесі аясында отан­дық басылымдар мен шығармаларды көрсетіп қана қоймай, маңызды кездесулер мен келіссөздер өткізіп, болашаққа арналған стратегиялық байланыстар орна­тамыз деп жос­парлап отырмыз», дейді.

Расында, бұл бастама отан­­дық кі­тап нарығын дамыту, оны жаңа деңгейге көтеру, автор­лардың шығар­маларын жаһанға таратуға мүмкіндік берері сөзсіз. Сондай-ақ кітап жәрмеңкесі аясын­да құқықтарды бас­қару, серік­тес­тік, жасанды интеллект пен маши­на­лық оқытуды қолдану, дерек­тер негізіндегі маркетинг және цифрлық трансформация тақы­рыптары бойынша пікір алмасу мен тәжірибе бөлісу жайы да жоспарда бар көрінеді.

Жаһанға әйгілі жәрмеңке­нің маңызы туралы Қазақстан Жа­зу­шылар одағының төр­аға­сы Мере­ке Құлкенов: «Бұл жәрмеңке Мемле­кет бас­шысының Ұлттық құрыл­тай­да айтқан кітап оқу мәде­ние­­тін қа­­лыптастырудың қан­ша­лықты маңыз­­ды екенін көрсетеді. Бүгінде біз кі­тап­тың, білім алу құралы ғана емес, қоғамның мәдени дең­гейін көтерудің негізгі тетігі екенін те­рең түсінуіміз керек. Қазақстан­ның әде­биеті мен мәдениетін халық­аралық аренаға шығару – одақ үшін үлкен жауапкершілік әрі тарихи міндет. Осы жәрмеңке арқылы әдеби мұра­­мызды жаңа биіктерге көте­реміз деп сенемін. Жазу­шы­­лар одағы әрқашан бұл үде­рісте қалам­герлерге қол­дау көрсетіп, олардың шығар­ма­ла­рын әлемге танытуға ба­рын салады», деп сөзін түйіндеді.