Еңбек • 19 Қазан, 2024

Жас буынды еңбекке қалай баулимыз?

299 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елдегі NEET санатындағы жастардың үлесі 7%-ды құрады. Көрсеткіш өткен жыл­­мен са­лыс­тырғанда 0,9%-ға төмендеген. Десек те бұл дерек 35-ке дейінгі біраз аза­­мат­­тың өмірден орнын таба алмай жүргенін көрсетеді. Оның үстіне отандық сарап­шы­лар олардың деструктивті топтардың оңай олжасына айналуы мүмкін екенін айтады. Кәсіби білімі мен тұрақты жұмысы жоқ жас буынды еңбекке қалай баулимыз?

Жас буынды еңбекке қалай баулимыз?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАПОВ, «EQ»

Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін газеттің өткен нөмірлерінде де қаузадық. Бұл жолы не оқу оқуға, не жұмыс істеуге ниетсіз NEET санатындағы азаматтар проблемасын көтермекпіз. Өйткені интернетті парақтап отырып, мына бір деректі көз шалды: үнемі тұрақты жұмыс іздеу азаматтардың әлеуметтік жағдайы­ның төмендеуіне, денсаулығын күтпеуіне, заңсыз әрекеттерге итермелейді екен.

Таяуда Сенат депутаты Дархан Қыдыр­әлі қазір қоғамда өршіп тұрған жасөс­пі­рім­­дер мен жас­тар қылмысының себеп-сал­­дарына толығырақ тоқталып, тәрбие мә­се­­лесінің ақсап жатқанына алаңдау­шы­лық білдірді. Сенатор жастар тарапынан аг­рес­сия, буллинг, вандализм, суицид, әлім­жет­тік, ерте жүктілік сияқты жаға ұстатар жайт­тардың өршіп бара жатқанын баса айтты. 

«Әлеуметтік желілер арқы­лы кең таралатын ойындар жас­тар­дың танымы мен талғамын ғана емес, таңдауы мен тағдырын да қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейірін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен зақым, білім ошақтары мен тәр­бие орындарында жастарға әлеуметтендіру моделін ұсына алмау­ сияқты себептерді де жоқ­қа шы­ғара алмаймыз. Тәлім­гер­дің ай­лығы төмен, сынып же­текшілігіне тө­ленетін ақы аз, сондықтан тәр­бие ісіне жіті кө­ңіл бөліне бер­мей­ді», дей келе Д.Қыдырәлі бола­шағымызды айқындайтын мәсе­ле­ге қалдық көз­қарасымен қарауға болмайтынын, кешенді, жүйелі жұмыс керек екенін алға тартты.

Яғни NEET сегментіндегі азаматтарды әлеуметтік қолдау, сапалы білім алуға, еңбекке араласуына көмек көрсету мемлекет, қоғам тарапынан бірлесе атқарылуға тиіс. Әлемдік тәжіри­беге үңілсек, NEET санатына енетін жастардың саны аз мемлекеттер екі негізгі бағытқа басым­дық береді екен. Бұл – мектепке дейінгі білім беру саласына инвестиция құю, жас буын арасындағы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде ғылыми әдіске негізделген бағдарламаларды жасау.

Саяси сарапшы Айман Жүсіпова да осыдан төрт жыл бұ­рынғы мақа­лаларында елімізде бұл санаттағы азаматтар са­нын азайту үшін жоғарыда атал­ған әдіске жүгіну маңыз­ды екенін жазады.

«Алғашқысы алдын алу бағы­тын­дағы профилактикалық тетік бола­ды. Оған қоса оқу ордала­рына инвестиция салу әсері тез арада білінбесе де, ұзақмерзімді болашақта бай­қалатыны бірқатар зерттеумен дәлел­денген. Ал қазіргі проблемаларды шешуге Жапония, Люксембург, Норвегия сынды мемлекеттердің тиімді тәжірибесін, бағдарламаларын зерттеу қажет», деді ол.

Мұны ескерген сол кездегі Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистрлігі 2022 жылы «Jastar» ғы­лы­ми-зерттеу орталығы базасында «Қа­­зақстандағы NEET жас­тар­дың әлеу­­меттік ұстанымда­ры» талда­ма­лық баяндамасын­ шығарды. Осы зерт­­теуде жас буынның 24,7%-ы елі­міз­­де мем­лекеттік жастар саясаты іске асы­рылып жатқанын білмейті­нін жаз­ған. Сондай-ақ NEET сана­тындағы азаматтардың мемле­кеттік бағдарламаларға қатысу деңгейі өте төмен екенін көрсеткен.

Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін әрі NEET жастардың ние­тін ояту мақсатында екі жыл бұрын Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» демеуімен Қазақстанның эколо­гиялық қоры көшпелі семинарлар ұйымдастырды. Нәтижесінде, 3 мыңға жуық жас азамат жұмыс іздеудің жолдарын меңгеріп, бизнес-жоспар жазумен қоса, кә­сіпкерліктің қыр-сырына қа­ныққан. Жастарға арналған мем­ле­кеттік гранттарға қалай қатысу керек екенін де үйренген.

– Оқу жобасында «Zhas project» туралы естіп, бағымды сы­нап көруге шешім қабылдадым. Ұсынған жобам биыл жеңімпаз­дар­дың бірі болып танылып, 1 млн теңге ұттым. Қаржыға бірден дрон мен объектив сатып алып, осал­ топтағы жандарға камерамен қалай жұмыс істеу керек, репортаж, сюжет жасауды онлайн түрде үйретіп жүрмін. Негізі оған дейін жұмыссыз едім, – деді Қостанай облысындағы «Zhas project» жобасының жеңімпазы Мерей Саматов.

Мерей секілді ауыл жастары­ның бизнеске ынтасын оятқан арнайы жоба аясында үздік бизнес-идеяға байқау да өткізілген. Оған 55 өтінім түскен. Сондай-ақ 20 жас үшін SMM негіздерінен қарқынды курс ұйым­дастырылыпты. Оның қо­­рытындысы бойынша қатысу­шы­­лар сертификаттарға ие бол­ған.

– Жоба ауыл жастары арасында кәсіп­керлік белсенділікті арттыру бағы­тындағы маңызды қадам болды. Әрі жастардың биз­несті ашудағы кедергілерін анық­тауға бағытталған зерттеулер­ жүр­гізілді. Жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті мемлекеттік қол­дау туралы материалдарды қам­ти­тын арнайы ақпараттық бұ­рыш­тар құрылды. Жобаны іске асыру барысында еліміздің 17 өңірін қамтыған көптеген оқыту іс-шарасы өткізілді. Жүр­гізіл­ген зерттеулер мен талдау нә­тижелері бойынша ауыл жас­та­рының мемлекеттік қолдау шара­лары туралы хабардар бо­луын арттыру бойынша ұсыныстары көр­сетілген есеп құрастырылды. Құжат еліміздің 8 өңірінде таныс­тырылып, алдағы уақытта кәсіп­кер­лікті қолдау саласындағы ж­ұмыс­тардың негізі болады, – деді Қа­зақ­станның экологиялық қоры­ның президенті Айгүл Әбдуәлиева.

Осылайша, кәсіби білімі мен тұ­рақ­ты жұмысы жоқ жас буынның ниетін оятуға мемлекет тарапынан іс-шаралар жасалып жатқанын аң­ғардық. Алайда жастардың жұ­мыс­қа орналасуындағы объек­­тив­ті проблема: жалақы аздығы, ең­бек нарығына енді аяқ бас­қан­ жас­тан тәжірибенің талап етілуі, білім деңгейі де NEET сек­то­рындағы азаматтар санының ұлғаюында ықпал етуші фактор екенін ескеру керек. Сон­дықтан мұндай жобалардан бөлек бұл санаттағы жастарды жұ­мысқа алу үшін жұмыс беруші­лер­ді де ынталандыру қажет. Мә­селен, біліктілігі төмен отандас­тары­мызды кәсіпке бау­лу үшін компанияларға субсидия беруді айтуға болады.