Құтқарушы • 19 Қазан, 2024

Батыл жігіт

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жігерлі жас жігіт Асланбек Тұрсынның құтқарушы қызметіне келгелі бір жыл болды. Оның бұл салаға келуіне әкесі әсер етіпті. Әкесі Дулат өрт сөндіру саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Бала Асланбек содан бері әкесін батыр санап, ізін жалғауды ойлайды. «Әкемдей қадірлі құтқарушы боламын, ел-жұртқа пайдамды тигізіп, адал қызмет атқарамын», деген сертіне де, сеніміне де берік.

Батыл жігіт

Асланбек былтыр Қарағанды жоғары техникалық колледжін «Төтен­ше жағ­дайлардағы қорғаныс» маман­ды­ғына оқып бітірді. Содан соң бірден Қарағанды облысы Төтенше жағ­дайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің №10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы болып қызметке тұрды.

– Біздің бөлім – шақыртуларға ең көп шығатын бөлімдердің бірі, тәулігіне он шақты түрлі қоңырау түседі. Әрине, жан түршігетін оқиғалармен де жиі ұшырасамыз. Оның бәрі жүрекке оңай тимейді. Бірақ әр құтқарушы ондай кезде тастай қатты, желдей жылдам болу керек. Секундтың өзі біреудің тағдырын шешеді. Абдырап қалу – ең үлкен қателік. Соған жол бермеу керек, – дейді кіші сержант Асланбек Тұрсын.

Асланбек – өзін ең алғашқы құтқару жұмысынан-ақ көрсете білген жас маман. Былтыр күзде пойыз бен жеңіл көлік қағысып, жан түршігетін жол апаты болды. Сонда көліктің ішінде көз жұмған екі адамның мүрдесін көре тұра салқындық танытып, ішіндегі қысылып қалған басқа жолаушыларға жылдам көмек берді.

– Құтқарушы мамандығында бас­тысы өзің мықты болуың керек, түрлі оқиға мен жағдай болады. Сол кездегі бар ойың – адам жанын аман арашалап қалу. Жас маман Асланбек бұл міндетіне адал. Шапшаң. Шымыр. Жүректі. Өзіне жүктелген басқа да жұмысына тиянақты. Жас болса да ұжымда беделі бар, – дейді №1 қарауыл бастығы, аға лейтенант Мадияр Нұрмұхан.

Жақында құрамында Асланбек бар құтқарушы топ қаладағы Молоков көшесіндегі 94-үйдің төртінші қаба­тын­дағы өрттен бір отбасыны аман алып шықты. Қызыл жалынның ішінен егде жастағы әжейді, кішкентай бала мен жасөспірім қызды құтқарды.

«Негізі оңай болған жоқ. Біз келсек пәтер іші қып-қызыл, от шарпып тұр. Ішінде адам барын біліп, жасақтағы үшеуміз де бір мезгілде кірдік. Мен әжейді алып шықтым, қасымдағылар екі баласын құтқарды. Аз уақыттың ішінде өртті де ауыздықтадық. Бастысы, ішіндегі адамдар аман. Өзім әр адамның өміріне араша түскен сайын, бойыма күш-жігер жинаймын», дейді жас құтқарушы.

 

Қарағанды облысы