Сенат • 21 Қазан, 2024

Бибігүл Жексенбай мәслихат тиімділігін арттыру шараларын ұсынды

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Бибігүл Жексенбай мәслихат тиімділігі мен халықтың мұқтажына орай әрекет ету туралы сөз қозғап, ұсынысын ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бибігүл Жексенбай мәслихат тиімділігін арттыру шараларын ұсынды

Фото: Сенат

Депутат мәслихат туралы заңнаманың жетілмегендігі және оның мәслихат депутаттарының өкілеттігін шектейтіні, әсіресе бюджет және ресурстарды бөлу мәселесінде негізгі кедергі болатыны туралы айтты. Мәслихаттарды қаржыландыру да ұдайы жеткіліксіз болып келеді, бұл олардың жұмысына және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру мүмкіндігіне әсер етеді.

«Мәслихат депутаттарының алдына халық мүддесінің білдіру жүктелген, бірақ сонымен бірге олардың заңнамалық және әкімшілік деңгейде мүмкіндіктері айтарлықтай шектелген. Мәслихаттардың шешім қабылдау өкілеттігі, әсіресе қаржы және бюджет бағытында жиі шектеледі. Бұл олардың жергілікті қажеттілік пен қоғамдық сұраныстарға тиімді жауап беру қабілетіне кері әсер етеді. Жергілікті өзін өзі басқару дербес десек те мәслихаттар атқарушы билікке аса тәуелді. Тұрғындар жергілікті басқару тетіктерінің жоқтығынан мәслихаттардың тиімділігі мен пәрменділігі төмендігін айтады. Мәслихат аппаратының қаржыландыруы толыққанды шешілмегендіктен оның функциялары талапқа сай орындалмай отыр», делінген Бибігүл Жексенбайдың депутаттық сауалында.

Депутат сонымен қатар шалғай аудандарды мамандармен қамтамасыз ету мәселесін қозғады. Оның пайымынша, азаматтар көбінесе мәслихаттың қызметі туралы біле бермейді және шешім қабылдаудан сырт қалады, ал бұл жұмыстың тиімділігін төмендетеді. Мұның бәрі жалпы мәслихат жүйесін, олардың рөлі мен жергілікті қоғамдастықтың дамуына ықпалын арттыру үшін реформалау қажеттігін көрсетеді.

«Мәслихаттардың жергілікті істерді басқаруға белсенді қатысуға мүмкіндік беретін қосымша өкілеттіктер қарастыру керек. Атқарушы және өкілді билік тармақтары арасындағы функциялардың қайталануын болдырмау үшін мәслихаттардың, әкімдіктердің және қоғамдық кеңестердің міндеттерін нақты айқындау керек. Депутаттардың халық алдындағы есеп беруін депутаттың сайлау алды бағдарламасымен байланыстыра отырып бір жүйеге келтіру керек», деді Бибігүл Жексенбай.