Тағзым • 22 Қазан, 2024

Өршіл өлең, өлмес рух

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл көрнекті балалар жазушысы, ғалым Бүркіт Ысқақовтың туғанына 100 жыл толып отыр. Балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ол – атақты ЕСЕП партиясын құрушылардың бірі. Автордың «Отан» өлеңін мектепте оқымаған, жаттамаған қазақ баласы жоқ шығар. Қаламгердің ғасырлық тойында Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы игі іс-шараның ұйытқысы болды.

Өршіл өлең, өлмес рух

Қарағанды облысы-ның мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасының қолдауымен қарымды қалам­гердің мерейлі жылына то­қай­ластырып, кі­тапхана ұжы­мы наурыз айынан бас­тап қазан айына дейін «Ша­быт шуағы» атты облыс­тық сахналық қойылым бай­қауын жариялаған еді. Қоры­тындысы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма теа­тр­ында өтіп, драматургтің «Әлім­нің әлегі», «Шыт көйлек», «Екі оқушы», «Ағалық ақыл» атты пьесаларын сахналады.

Бұл игілікті іс-шараға Ал­ма­тыдан арнайы келген қазақ радио­сының ардагері Айгүл Бүр­кітқызы жас өрендердің қазы­лығына төрағалық етті.

– Әкем – соңынан із қал­дырған, сөз қалдырған тұлға. Оның жазбалары, өлеңдері атын өшірген жоқ. Об­лыстық деңгейде алғаш рет на­сихатталып жатыр. Соған Ала­таудан көңілім алып-ұшып арнайы келдім. Пьесаларын қа­рашаңырақ Сәкен театрында жас өнерпаздар өте жоғары деңгейде сахналап шықты. Әр пьесасы өнегеге толы екен, – дейді ақынның қызы.

Өрендердің өнеріне Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды зерт­теу университетінің докторанты Әділет Жағыпар, Қа­рағанды мемлекеттік медицина университетінің ұстазы, филология ғылымдарының кан­дидаты, профессор Баян Ибрае­ва, Мә­дениет қай­раткері, С.Сей­фуллин атында­ғы Қара­ғанды облыс­тық академия­лық Қазақ драма театрының актері, режиссер Бекмұхамет Киекбаев баға берді.

Сонымен «Шабыт шуағы» облыстық сахналық қойылым бай­қауында I орынды Нұра ауда­ны, Изенді ауылының талант­ты оқушылары иеленді. ІІ орынға Қарағанды қаласын­дағы Ж.Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп оқу­шылары лайық деп танылды. ІІІ орынды Осакаров ауданы Молодежный кентінің мектебі мен Қарағандыдағы №36 жо­ғары мектеп оқушылары иеленді.

Мұнымен қоса, жан-жақтан пьесаны сахналап әкелген бал­дырғандарға арнайы аталым бойынша да марапат табысталды. «Үздік қойылым» аталымы М.Мамыраев атындағы №68 мек­теп-интернатына бұйырса, «Үздік декорация» аталымына Приозерск қаласы №2 мектеп лайық деп танылды. №53 мектеп-лицейінің оқушысы Сабыр Шыңғыс «Үздік актер», Ақтоғай ауданындағы К.Байсейітова атындағы мек­теп­тің оқушысы Ділназ Са­ғындық «Үздік актриса» атанды. «Үздік образ» аталымын Қара­ғандыдағы Ғ.Мұстафин атындағы мектеп оқушысы Ринат Ғалымжан жеңіп алды.

Айгүл Бүркітқызы шалғай ауыл­­дардан келген талапты ба­лаларға өз атынан қаржылай сыйлық тарту етті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыстық мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасының арнайы дипломы мен қаржылай сыйлығы үлестірілді.

Айдың аяғында ақынның туған жері Нұра ауданында «Бүр­­­кіт Ысқақұлы: тұлға тағы­лы­­мы мен тарихи заманы» атты респуб­ликалық ғылыми–прак­тикалық конференция өтетіні белгілі болды.

Академик Мұхамеджан Қа­ратаев: «Бүркіт Ысқақовтың «Тас еденнің ызғары» атты өлең­дер топтамасының қазақ поэ­зиясынан алатын орны ерекше. Оның бұл өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейім­­беттің мұңы, Ілиястың үні ес­тіл­гендей болады», деп баға бер­ген.

Күрескер тұлғаның есімі көмескіленбей, аты республика кө­ле­мінде ардақталуы керек деп ойлаймыз.

 

Қарағанды облысы