Шаруашылық • 22 Қазан, 2024

Өңірдің мол өнімі

91 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына басымдық беруді тапсырған еді. Биыл астықты аймағымыздағы егін ору науқаны табысты жүргізілді. Облыс бойынша 909,3 мың гектар алқаптан орташа түсімі гектарына 15 центнерден 1,3 млн тоннадан аса астық жиналды. Бұл – өңірдегі өте жоғары көрсеткіш.

Өңірдің мол өнімі

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, эко­номикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Аталған са­­лаға коммерциялық банк­тер­­­­дің қаражатын да тарту қа­жет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қар­жы инс­­титуттарын субсидия­лау шаралары қолға алынды. Банк­­­терге қатысты осындай тә­жі­­ри­бені қолдану керек», деп еді. 

Биыл Үкімет көктемгі егіс пен астық жинау науқанын оңтайлы жүргізуге қажетті жағдайдың барлығын жасады. Саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі бірінші рет 3 есеге ұлғай­тылып, рекордтық көрсеткішке, яғни, 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұл қаражат ди­қан­дарды тікелей несие­лен­діруге, пайыздық мөл­шерлемені төмен­детуге және фор­вард­тық сатып алуға жұмсалды.

Жалпы, агробизнеске мемлекет тарапынан тұқым мен тыңайтқыш сатып алудан бастап, экспорттық қолдауға дейінгі барлық кезеңде жан-жақты көмек көрсетіледі. Агрошаруашылықтарды қомақты қолдаудың нәтижесінде тек егін емес, картоп жинау жұмыстарында да көшелі көрсеткіштер бар. Шаруашылық құрылымдары 11,3 мың гектар алқаптан 299 мың тоннаға жуық өнім алды. Аймақ­тың ішкі қажеттілігі артық мөлшермен қамтылды.

ап

– Бұған, ауыл шаруашылығы техникаларын дер кезінде дайындау, жанар-жағармай материалдарымен қам­тама­сыз ету және мемлекеттік қолдау не­гізінде уақтылы ұйымдастырылған да­йындық іс-шаралары ықпалын тигізіп, 9 айдың қорытындысына сәйкес ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өн­дірісінің нақты көлем индексі 116,7 па­йыз­ды құрады, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.

Биыл егін ору науқанына 2 021 астық, 68 картоп комбайны және 74 картоп қазғыш техника, сонымен бірге 3 500-ден астам техника қырман жұмысына қатысты. Минералды тыңайтқыштардың құны үшін 81 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 2 млрд 113 млн теңге сомасында субсидия төленді.

Астық оруда, жоғары түсім көр­сет­кішіне Абай, Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарының шаруа­шылықтары қол жеткізсе, картоп тү­сімінің жоғары көрсеткішіне Нұра, Шет және Осакаров ауданындағы шаруашылықтар ие болып отыр. 33,6 мың гектар алқаптан 23,4 мың тонна майлы дақыл жиналды. Алынған шаруашылық өнімдерін сақтауға ар­налған қоймалар көлемі де жеткілікті. Аймағымызда картоп пен көкөністерді сақтау үшін сыйымдылығы 340 мың тоннаны құрайтын 137 картоп-көкөніс қоймасы бар.

– Өңіріміз мұндай табысқа алғаш рет кенеліп тұр. Тоқсаныншы жылдардан бері аста-төк түсім түспеп еді. Бұл – әуелі өңірдегі диқандардың еселі еңбегі. Мемлекетіміздің қолдауы болмаса мұндай мардымды көрсеткішке қол жетпес те еді. Әсіресе минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бойын­ша көп көмек көрдік. Өздеріңіз білесіздер, осы жыл шаруаларға оңай бол­ған жоқ. Дәнді дақылдар түрлі «сырқаттармен» бетпе-бет келді. Егін орағының сапасына кері әсерін тигізді. Осыған қарамастан көңіл көншітер көрсеткішке қол жеткіздік. Сәйкесінше, орақ науқанын толығымен абыроймен аяқтадық. Шаруашылығымыз құрылғалы алғаш рет біз 65 мың тоннадан аса дәнді дақыл, мың тонна майлы дақыл, 27 мың тонна картоп жинадық. Шаруашылығымыз тыңайған жерлерді игерген кезден бас­тап дәнді дақылдармен айналысып келе жатқан болса, картоп өсіруді тек тоғызыншы жыл игеріп келеміз. Бұл – біздің барлық білімі мен дағдысын осы нәтижелерге қол жеткізуге жұмсаған фермерлеріміздің еңбегі. Республика көлемінде өте жақсы өнім алдық, үшінші класс астығымыз 40 пайыздан асады. Сондықтан кәсіби мерекеміз қарсаңында ауыл еңбеккерлерінің мерейі таси түседі деген сенімдеміз, – дейді «Шахтер» ЖШС директоры Георгий Прокоп.

«Шанс» ЖШС басшысы Игорь Жабяк толассыз жауған жаңбыр ырысымызды еселеп, несібемізді молайтты дейді.

– Жауын-шашынның пайдасы мол болды. Кейінгі жылдардағы қуаң­шы­лықтан соң қарызданып-қау­ғаланып қалған шаруалар қауымы жи­ған өнімін өткізіп, еңселерін бір тіктейтін болды. Осылайша, агроөнеркәсіп ке­шені тұтасымен күш алғаны ерекше қуаныш. Ендігі шаруа – өнімді терең өңдеу. Осы бағытта да межелі нәтижеге қол жет­кіз­сек, – дейді «Шанс» шаруа қожа­лығы­ның басшысы Игорь Жабяк.

Бүгінде шаруашылықтар тарапынан күзгі тыңайтқыштар алуға шарттар жасалып жатыр. Егін жинау жұмысын жүргізумен астықты кептіруге бөлінген 15 мың тонна арзандатылған дизель отынын тасып алу кестеге сәйкес жүргізіліп, шаруашылықтарға литрі 245 теңгеден босатылып жатыр. Қазірдің өзінде 13 700 тонна дизель отыны тасылып алынды. Астықты кептіруге тағы 1 031 тонна бөлінді.

Диқандар келесі жылдың қамына да кірісіп кеткен. Астық алқабында дәнді дақылдар және картоп тұқымдарының қажетті көлемі толығымен қамтылды. Өсімдік шаруашылығы саласын мем­ле­кеттік қолдау шеңберінде шамамен 5 млрд теңге сомасында субсидия төленді.

– Бұған қоса, көктемгі егіс пен егін жинау жұмысын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ар­­қылы 17,2 млрд теңге сомасына 567 шаруашылықты қаржыландырды. Жыл ба­сынан агро­өнеркәсіп кешені саласына 21,4 млрд теңге сомасына немесе 111,0 па­йы­з инвестиция тартылды. 9 айда ауыл ша­руашылығы са­ла­сын мемлекеттік қолдау аясында, 2 491 шаруашылық құрылымына 16,3 млрд теңге сомасында субсидия тө­ленді, – дейді басқарма басшысы.

Сөйтіп, биыл Қарағанды облысының ауыл шаруашылығында рекорд орнады. Аймақ аграршылары егінге төнген қауіпке қарамастан, астық пен картоп жинау бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл жетістік аймағымыздағы агросаласының айтарлықтай дамып жат­қанын айқындайды.

 

Қарағанды облысы