Тұлға • 22 Қазан, 2024

Ерекше шығармашыл тұлға

139 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл туғанына 85 жыл толатын ақын Фариза Оңғарсынова ұлттық руханиятымызда қайталанбас қолтаңбасымен орын алған ерекше шығармашыл тұлға ғой. Фариза апайды поэ­зия падишасы, өлең-сөздің патшайымы дейтін. Өйткені ол кісі шын мәнінде ұлы ақын болды. Оны барша жұрт ойлы сөздер тұнған лирикасы, өршіл өлеңдері мен поэмалары үшін, титімдей жасандылығы жоқ ерекше болмысы үшін, мейірімді жүрегі, кіршіксіз көңілі үшін қадір тұтты. Барша жұрт үлкен-кішісіне, әлеуметтік тегіне қарамай, әсіресе жастар жағы айрықша қадірледі. Ақын әпкесі маңына үйіріліп жүретін, ақындыққа қол созған қыздар қаншама еді.

Ерекше шығармашыл тұлға

Менің ұғымымда, Фа­риза Оңғар­сы­но­ва­ны халықтың рия­сыз сүйіспеншілігіне бөлеген – тамаша поэзиясы­мен астаса көрініс табатын шын­шылдығы, әділетсүйгіштік қа­сиеті, әділдігі, әр мәселеге өзін­дік көзқарасы. Фариза апайымыз өлеңіне әрқашан жанымен сүйгенін, шын сүйсінгенін, сондай-ақ ұнатпағанын да арқау етті. Өз түйгенін танытуға келгенде ештеңеден тайсалмайтын, өжет мінез көрсетіп, батыл сөйлейтін. Ол Махамбет жырларынан нәр алған, өр мінезімен, өршіл жырларымен дараланған мінезді ақын еді. Отаншыл болатын.

Халық қалаулысы ретінде Мәжілісте қызмет істеген жылдары мемлекеттік тәуелсіздікті баянды етуге бағытталған іске аянбай үлес қосты. Әдебиет пен мәдениет мәселесін ұдайы назарда ұстады. Парламентте мәдениет туралы әзірленген заң жобасын қарау ойластырылып жүрген шақта менен де ұсыныс, пікір сұраған еді. Жазушылар одағында істейтін ол кезде баршамызды толқытқан жайттарды еске салып, өз білгенімше, заңда ескерілуге тиіс деген тұстарын қағазға түсіріп бергенмін. Сонда апайымыз үкіметтен заң жобалары орысша жазылып түсетінін, парламентшілердің де оларды сол қалпында қарастыра беруге оң иықтарын беріп тұратынын айтып қынжылды.

Ф.Оңғарсынова заңдардың мемлекеттік тілде жазылып, қа­былдануын көтерген, сол тарапта нақты әрекет еткен қайраткер болатын. Ол кісі өз тарапынан қазақ тілінде отбасы, ана мен бала тағдыры, оларды қорғау, ба­лалардың құ­қықтары туралы заң жобаларын жасап, талқылауға ұсынған. Бұл мемлекеттік тілде жа­салған тұңғыш құжаттар еді, бұл тарапта ол ізашар болып, қа­зақ парламентіне үлгі көрсетті.

Жалпы, Фариза Оңғарсы­но­ваның заңшы­ға­рушылықта ұс­танатын көзқарасы, менің ойымша, оның қай­та құру жылдары жариялаған публицис­тикасында мейлінше айқын тұжырымдалған деуге болады. Ол өзінің ұлт мүд­десі, ұлттық тіл тағдыры, ұлт­тық тәрбие ха­қындағы ойларын парламенттегі қызметінің тұғыры етті. Осы жерде Фариза апайымның тәуелсіз көзқарасы, ештеңеге алаңдамайтын кесімді шешімі менің тағдырымда өте маңызды да күрт бетбұрысты рөл атқарғанын атап айтқым келеді. Бұл өткен ғасырдың 70-жыл­дарының ортасындағы оқи­ға еді. Мен орталық комсомол коми­тетінің насихат бөлімінде қатар­дағы жауапты қызметкер болатынмын.

Апайдың «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің батыс өлкедегі меншікті тілшісі қызметінен Алматыға ауысқанына төрт-бес жылдай болған. Келген бетте «Қазақстан пионері» газе­тінің редакторы лауазымына бекіген-тін. Мені сол редакциядағы жұмысқа шақырды. Бұл мен күтпеген жағдай еді. Бірден баратынымды айттым.

Көп ұзамай апай менің кандидатурама келісім алғанын хабарлап, тез редакцияға келуімді күтетінін айтты. Алайда басшыларым маған ештеңе демеді, мен де үн-түнсіз жұмысымды істеп жүре бердім. Екі-үш күннен соң апайы­м қатқыл үнмен неге кешігіп жатқанымды сұрады. Олардың өзіне келісімін бергенін, үн­демесе, барып сұрау керегін ай­тып, телефон трубкасын қоя салды.

Мен кешікпей «Қазақстан пио­не­рі» газетінің жауапты хатшысы қызметіне бекідім. Бұл лауазым редактордың орынбасары іспетті мәртебеге сай келетін, тиісінше орталық комитеттің номенклатурасына кіретін-ді, содан да шығар, аппараттың жалпы жиналысында мені жаңа қызметке салтанатты түрде шы­ғарып салды. Шынында да, газет жұмысында маған бейтаныс нәрселер көп еді. Ақын ақыл-кеңе­сін айта отырып шексіз сенім артуы, алғашқы күндерде бұрын жауапты хатшы міндетін атқарған бөлім меңгерушісі, қазіргі үлкен жазушы Мәди Айымбетовтің қалтқысыз көмектесіп тұруы арқа­сында тапсырылған лауазым­ға жүк­­телетін міндеттерді қысқа мер­­­зімде жан-жақты игеріп алуға кіріс­тім.

Сол жылы ауыл шаруашы­лығын дамытуға елеулі үлес қос­қан тың игеруші қостанайлық механизатор Кәмшат Дөненбаева «Социалистік Еңбек ері» атағын алған. Тамаша ақын ғана емес, қаламы жүрдек журналист апайымыз оның ауылына барып қайтты, шұғыл түрде «Біздің Кәмшат» деген деректі повесть жазып, 1976 жылы жарыққа шығарды. Көп ұзатпай осы атақты тракторшы қыз туралы «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген» атты поэмаға ұласты. Жас ұрпаққа жазған өлеңінде жас өскін боп: «Батыр қызы халқымның Кәмшат апай – мақтаным. Мен де соған талпындым, атын есте сақтадым. Жұлдыздайын ең көркем жарқы­райды ордені, «Батыр бол, – деп, – сен де ертең» шақырғандай ол мені», деп жырлады.

Фариза Оңғарсынованың шы­ғармаларында әйел тақырыбы негізгі орын алатыны белгілі. Ол кісі тек Кәмшат сынды еңбек адамын ғана емес, қазақтың небір айтулы, өнерлі қыздарын жырына қосты. «Тартады бозбаланы магнитім» деп әнші Майраны, «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» деп ақын Сараны жырлады. Қазақтың композитор қызы Ғазиза Жұбанова, атақты Құрманғазының шәкірті болған күйші Дина Нұрпейісова, ән­шілер Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, ақын Мәриям Ха­кім­жанова, батыр қыздар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мә­метова дастандарына, өлеңдеріне арқау болды.

Ақын көптеген өлең-жыр­ында қыз-келіншектердің жиынтық бейнесін сомдады. Асыл сезім, ға­шық­тық, махаббат жайындағы өлең­дері оның ерекше дарыны мен үздіксіз ізденісі нәтижесінде жас­тар­дың көңілінен шығып жатты.

Бүкілхалықтық шығар­ма­шылық тұлғаға айналған Фариза Оңғар­сынова «Біреуді жақсы көрген қандай жақсы – нұрланып кетеді екен бар айналаң!» – деп баршаны сүйсіндіре жазды.  Жақсы көру, жақсы көру, не деген керемет ең! Өмірді сезінуге, қуанып көз ілуге – адамға жақсы көру керек екен», деген сөздермен адам баласына аса қажет ғажап сезім жайындағы көптің жанын жадырататын түйінді ойын айтты.

Мен ол кісінің қол астында 1975–1978 жылдары үш жыл істедім. Ол маған шексіз сенім артты. Тіпті сол шақтағы қалыптасқан стандартты ахуалға кереғарлау бас­тама көтергенімде де, қолымды қақпады. Мәселе былай болған еді. Мен мектептерде, пионер ұйымдарында жұмыс істейтін интернационалдық досты­қ, қысқаша КИД деп аталатын клубтардың тым тар ұғымда тү­сініп-қарастырылатынына ба­лалардың назарын аударуға ты­­рысқанмын. Сол мақсатпен достық туралы арнайы мақала жазып, жария еттім. Редакцияға интернационалдық достық клубтары, әр ұлт балалары, тіпті өзара дербес екі тілде тәрбие кө­ріп өсіп келе жатқан шәкірттер арасындағы қарым-қатынас жөніндегі оқушы хаттары топырлап келе бастады. Біз оларды қорытып, топтап жариялап жүрдік.

Газет бетінде үлкен диспут көтерілді. Жас өркен оқыр­ман­­дарымыз кейбір өзге ұлт ба­ла­ларының өзіндей құр­бы­ларына ашық менсінбеу­ші­лікпен қарап, ескірген лақап­тармен ма­зақтайтынын айтты. Әсіресе тіл мәселесіне ерекше назар аударды, тілдің маңызын жырлаған қазақ, қырғыз ақындарының өлең­дерінен мысалдар келтіріп, өз тіліне немқұрайды қарайтын, тіпті білмейтін және білгісі де кел­мейтін құрбыларын сынады. Сон­дай топтамалардың бірінен өз ішіміздегі «қырағы көрегендер» жа­зуға болмайтын жайтты, яғни «сая­си қате» тауы­п, тиісті орын­дар­ға жеткізе қойыпты. Содан біраз­ға созылған сергелдең басталды.

Фариза апай маған ешқандай реніш білдірген жоқ, газет бетіне шығарған идеямның дұрыстығын жоғарыдағыларға дәлелдеуіме, өз позициямды қорғауыма толық мүмкіндік берді. Мен марксизм-ленинизм классиктерінен, партиялық құжаттардан тоқы­ғандарымды алға тартып, жүр­гізген пікірталас бағытының да, мазмұнының да қате емес екеніне бұлтартпас аргументтер келтірдім. Ақыры мәселе менің түсінік жазып беруіммен аяқ­талды. Ал редакциядан бір іс папкасына толтырып алып кеткен оқушы хаттары ішінен кейбір шетін деп тауы­п, керек көр­гендерін алып қалып, басқасын қайтарып берген-тін.

Мұндай ой қақтығыстарының балалар ғана емес, ересектер арасында билеуші партияның қайта құру саясаты өрістеген шақта да, тіпті тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарда да орын алып жүргеніне Факең нақты мысалдар келтіріп, өзінің мақалаларында ашына жазып жүрді.

Оның ғаламат поэзиясымен сусындап қана қоймай, ұс­таным­­дарынан да үлгі алу бүгінгі ұрпаққа қажет-ақ. Фариза Оң­ғарсынова әсерлі де пәрменді ғажап шығармашылығымен, күллі бітім-болмысымен әрқашан оқырман жадында, әрқашан бәрімізбен бірге.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы