Н.Оңдасынов – Амангелді ұжымшарында. 1978 жылдың маусымы
Ел мен ер – егіз ұғым
Айналамыз туралы ұғым енді қалыптаса бастаған бала кезімізде «Ауыл неге Нұртас деп аталады?», «Ол кім болған?» деген сұрақтар туатын. Сонда ата-әжелеріміз оның осы ауылда туғанын, «совнарком» болғанын айтатын. Мектепте оқып жүргенде Нұртас Оңдасыновтың елге сіңірген ересен еңбегіне көбірек қаныға бастадық. Бұл ретте зердемізді ашқан алғашқы ұстазымыз Керімбек Сейітов еді. Ол бір мезет оқушыларын ертіп, мектептегі Оңдасынов музейін аралататын. Жұмыс кабинеті сияқты жасақталған музейден мемлекет қайраткерінің қолданған заттары – қалам-қағазы, кітаптары, көзәйнегі, қолшатыры, тіпті костюм, шляпа, плащ сияқты киген киімдері аса ұқыптылықпен тізіліп тұратын. Дегдарлықтың нышаны байқалатын кабинет бізге ерекше бір әсер сыйлайтыны күні кешегідей есімізде. Мұның бәрі – бала күнімізден санамызда қалған сәулелі естелік. Кейін көрнекті мемлекет қайраткері Н.Оңдасыновтың кеңес кезеңінде Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы – Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарғаны, яғни 13 жыл ел үкіметін басқарғаны, сол жылдары тындырған елеулі еңбегі жөнінде мол мағлұмат алдық.
Мемлекет қайраткері біздің ауылда, кезінде Түркістан ауданындағы Амангелді ұжымшары делінген жерде 1904 жылдың 26 қазанында дүниеге келген. Жастайынан жетімдіктің кермек дәмін татып, еңбекке ерте араласып, егін егіп, мал бағып, Ташкент ауып жалданып жұмыс істеген оның балалық шағы әбден қиыншылықпен өткен. Сол Ташкентте жүріп Ғани Мұратбаевтың жетім балаларға арнап ашқан мектеп-интернатында оқуына мүмкіндік туады. Әрі қарайғы өмір жолы оны бүкіл ел білетін Оңдасынов деңгейіне көтерді.
Оңдасынов қанша биікке көтерілсе де, туған жері үнемі ойында жүргенін өз естеліктерінде айтқан. Ол ең жоғары лауазымда жүрген жылдарында ел жақтың адамдарынан ауылының амандығын сұрап, хабар алып, елеңдеп жүріпті. Кейін зейнетке шығып, өмірінің соңында Мәскеуде тұрған шағында бұл сағынышы тіптен үдей түскен екен. Оның туған жерге әрбір сапары – өлкеміздің өшпес тарихы. Аға буынға айналған ауыл үлкендері Нұртас Оңдасыновтың туған-туыс ортасына қайырылған сәттері ерекше есте қалғанын айтып отырады. Сондай әңгіменің бірін жасы тоқсанға келген, көкірегі сайрап тұрған Қандәулет Нәлтаев қарияның аузынан естідік.
«Нұрекеңді алғаш рет шамамен он жасымда көрдім. Ол кісінің ауылға келгенінен хабардар болған ағайын жапа-тармағай дарияның жағасына қарай ағылды. Сонда үлкен жиналыс болды. Нұрекеңнің қасында кілең ығай мен сығайлар, министрлер жүр екен. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Оңдасыновтың «совнарком» болып дүрілдеп тұрған кезі еді. Қателеспесем, сол кезде оңтүстік өңірдегі елді мекендерге канал тарту мәселесі қарастырылып жатқан болуы керек. Министрлер кеңесінің төрағасы – ат үстінде жүрген азамат, жұмыс сапарымен жүргендіктен, ауылға көп аялдамастан әрі қарай кетті. Ал зейнет демалысына шыққаннан кейін Нұрекеңнің ауылға бірнеше мәрте жолы түсті. Менің есімдегі Нұрекеңмен дидарғайып болған ең күшті сәтім 60-жылдардың айналасында астанамыз Алматыға барған кезде болып еді. Ауылдан үш адам болып, ұжымшар басшысы Жақан (Жарылқасын Әзіретбергенов) мен Нұрекеңнің немере інісі Әбділдаға еріп барған едім. Олардың ниеті – Алматыдағы ауруханада төсек тартып жатқан Нұрекеңнің көңілін сұрау. Ал мен, шынын айтқанда, ҚазГУ-де оқитын інімнің жағдайын білуге жолға шыққанмын. Содан сол кісілермен ілесіп мен де Нұрекеңе кіріп шықтым. Бір өзіне барлық жағдайын жасап, даңғарадай палатаны берген екен. Жүзі сәл солғын тартып, даусы бәсең шыққанымен, әрқайсымызға жеке назар салып, әңгімелесіп, ауылдың жаңалығын сұрап, бір жасап қалды», деп ақсақал Оңдасыновпен жүздесуін есіне алды.
Сонымен қатар бұрын Мәскеуге барып, зейнеткер Нұртас Оңдасыновтың үйіне кіріп, амандасып қайтқан ауылдықтар да көп болыпты. Ондай кісілердің бірі жоғарыда атап өткен ұстазымыз Керімбек Сейітов екен.
«1980 жылы 26 тамызда Мәскеуге жолымыз түсті. Бұл олимпиада аяқталғаннан кейінгі уақыт еді. Негізгі баратын жеріміз – Белград қаласы. Әйелім сол қалада тәжірибеден өтпек. Содан Мәскеу арқылы өтетін болғандықтан, Нұртас Оңдасыновтың үйіне соғайық деп ұйғардық. Ауылдан төрт-бес дана сап-сары сопақ қауыннан алып алдық. Аңқыған тәтті иісі мұрын жарады. Мәскеуге түскеннен соң жолшыбай талай орыс тоқтатып, бұрын мұндай қауын көрмегенін айтып, қолқа салғаны бар. Сөйтіп Нұртас атаның үйіне түс кезінде, сағат үштің шамасында кірдік. Бізді жылы ұшырай, балаша қуана қарсы алды. Бұрыннан танитындай әрқайсымызды құшағына қысып, маңдайымыздан, бетімізден сүйіп шықты. Апарған қауынымызды қайта-қайта сипалап, иіскеп отырды. Ауылды қатты сағынғаны көрініп тұр. «Кімнің баласысыңдар?» деп жөн сұрады. Біз өзімізді таныстырып шықтық. Сосын орыс жеңгеміз әзірлеген дәмнен ауыз тиіп, біраз сұхбаттастық. Ақсақал ауылдың жаңалықтарын сұрады: ауылда қанша мал бар, жылқы көп пе, жердің оты қалай, биыл қанша гектар мақта егілді? Осындай сұрақтарды жаудырды. Мен мектеп пен үйдің екі ортасында жүрген мұғалім болғандықтан, бұлардың бәрінен жете хабарым жоқ еді. Толымды жауап бере алмай тосылып, біраз қысылдым. Әйтеуір, Нұртас атаның ауылға деген көңілі алабөтен екені, ел жаққа елеңдеп отыратыны айқын аңғарылып тұрды. Шаңырағына небәрі үш-төрт сағат қана аялдадық. Бірақ қария маған бір аптадай үйінде қалуды ұсынды. Бір кітап жазып жатқанын, соған деректер жинауға көмектесуімді өтінді. Ауылдан көп ұзап көрмеген, жасым жиырмадан енді асқан мен бұл ұсыныстан бірден бас тарттым. Мұным ақымақтық болғанын кейін түсініп, әлі күнге дейін өкініп жүремін», деді ағай.
Бұл әңгімелердің бәрінен Оңдасыновтың туған жеріне деген ерекше пейілі, ыстық сезімі есіп тұр. Ауылының жағдайына алаңдаған тұлға өзі қызметте жүрген кезінде септігім тие қоймады деп қынжылатыны да бар. Алайда құтқа баланатын дария жағасындағы тоғайымызды құжатпен бекітіп, ауылдың меншігі етіп тіркеп бергені ағайынның ырысын еселей түскен. Осы жөнінде Нұртас атаның немере інісі Нұрділда естелік қалдырған. Оның айтуынша, тоғайды меншіктеуге бір оқиға түрткі болыпты.
Бұрын Түркістан аудандық орман шаруашылығы басқармасының адамдары келіп, біздің ауылдан бес-алты шақырым жердегі тоғайдың шабындығын көктемде шөп жақсы шықсын деген мақсатпен өртепті. Сол кезде өрт шарпып үйтіліп қалған алты шошқаны босқа қалғанша пұлдап алмақ болып, ауылдағылар теміржол дәмханасына апарып өткізеді. Сөйтсе, мұны қабылдап алып қалғандар артынша «охотсоюзға» шағым түсіреді. Содан іс насырға шауып, арты сотқа баратын болыпты. Тоғайға қатысты ауылдағылардың көрген құқайы бұл ғана емес екен. Ауылдың дәл іргесіндегі тоғайдың бір ағашын бұтаса, мал түсіп кетсе, «лесхоз» бен ұжымшар арасында талай дау-жанжал туыпты. Осының бәрін тізіп, ауыл адамдары бірігіп Оңдасыновтың атына хат жазады. Ол хатты поштамен жолдаса, жетпей қалар деген қауіппен ауылдағы туысы Нұрділдаға қолқа салады. Сөйтіп Нұрділда ауылдың аманаты жазылған хатты Н.Оңдасыновтың қолына апарып тапсырыпты. Көп кешікпей, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысымен 10 мың гектарды алып жатқан тоғай мен шабындық аудандық орман шаруашылығынан алынып, Амангелді ұжымшарына беріледі.
Н.Оңдасынов өзі жазған «Мен – Түркістанның түлегімін» атты естелігінде осы тоғайды былай суреттейді: «Тоғайда жиде ағашы сыңсып өсетін. Ол гүлдегенде әтір шашқандай дала жұпар аңқитын, әсем хош иістен ләззат алып, бір жасап қалатынсың. Жиденің сырты жылтыр, қызыл-қоңыр түсті, балдыры жұқа, дәмді жемісі болады. Және жиде ағашының бір қасиеті – жемісті көп салады. Ол – құстарға, әсіресе, қырғауылға таптырмайтын қорек. Сондықтан болар, ол кезде Сыр бойы тоғайдың төресі әрі көркі қырғауылға толып кетеді. Оны атып та алады, тұзақ құрып та, құс салып та ұстайтын. Бірақ одан саны азайған емес. Кедейлер көктемде, қатты тарыққан кезде Ресейден арнайы келетін агенттермен қырғауыл басына 10-15 тиыннан баға қойып, шарт жасасатын. Ал олар қыс бойы дайындалған қырғауылды Мәскеу, Петерградқа апарып, ресторанда баптап, жеңсік тағам дайындап, әрбір мүшесін бір сомнан сатады екен. Мінекей, әрекетте берекет бар деген!»
Осы тоғай – әлі күнге дейін ауылымыздың бір бөлшегі. Дариясы мен жасыл желегі туған жердің несібесін еселеп тұр. Мұның өзі ел мен ер егіз ұғымға айналып кеткенін айшықтайды.
Тәуелсіз елдің тұңғыш ауылы
Ауыл өміріне өзгеріс енгізген ерекше жайт зейнеткер Оңдасыновтың туған жеріне жасаған 1978 жылғы сапарынан басталған. Нұртас атамыз ауылға келіп, мауқын басып, алқалаған ағайынмен емен-жарқын әңгімелесіп отырғанда Дәулет атты ақсақал көпшіліктің базынасын жеткізіп, іс басында жүргенде кішкентай ауылына көңіл бөлмегенін, тұрғындардың сусыз отырғанын, шәрге қатынайтын жол жоқ екенін айтып, біраз мәселені жайып салады. Осы әңгімеден кейін Нұртас атаның көңілі пәсейіп қалыпты. Сосын ұжымшар төрағасымен жеке сөйлесіп, ауылда қандай зәрулік барын тегіс сұрапты. Бұл қатарда жаңа мектеп те аталған.
Осыны көкейіне түйген Нұртас ата Алматыға барғанында Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағидолла Құбашевке кіріп, бұйымтайын айтыпты. Сонда оған қызмет істеп жүргенінде жершіл деп кінә таға ма деп туған ауылына, ағайын-тумаға қарайласа алмағанын, жақында ауылға барғанында ақсақалдар өкпесін білдіргенін, мойнындағы осы борышын өзіне тапсырғысы келетінін жеткізіпті. Оңдасыновтың бұл өтінішін Құбашев өзінің парызындай қабылдапты. Осы жөнінде оның мақаласы да бар.
«Мен ақылдасуға республиканың керекті министрлерін шақырдым. Олар – С.Чақабаев, Л.Гончаров, А.Тыныбаев, С.Әбділдин. Барлығы да – Нұрекеңді білетін, қатты сыйлайтын басшы қызметкерлер. Ақылдаса келе тиянақты шешім алдық. Жоспар – колхоздың орталығынан 1 700-2 000 метрлік 2 ұңғыма қазып, жабдықтап, су құбырын салу, 646 орындық жаңа типті мектеп, 12 км асфальтты жол, 2 көшені қоса және 1 000 гектар инженерлік жүйедегі егістік жерді дайындап, магистральды суландыру каналына қосу», деп жазыпты С.Құбашев.
Міне, осыдан соң көп ұзамай қаржы бөлініп, ауылдың төрт жағынан төрт құдық қазылып, мөп-мөлдір, ып-ыстық су атқылап шығады. Түркістан мен ауыл арасына жаңа жол түседі. Үш қабатты жаңа мектеп тұрғызылады. Мақта егуге мың гектар жер дайындалады. Сөйтіп, айналасы төрт-бес жылдың төңірегінде ауылымызға жаңа леп еніп, көркейіп шыға келеді. Осының игілігін әлі күнге дейін сезініп отырған ауыл тұрғындары Нұртас Оңдасыновқа, оның өтінішін жерде қалдырмаған Сағидолла Құбашевке алғысын жаудырып отырады.
Бұл өзгерісті көзімен көрген ауылдағылар аңыз ғып аузынан тастамайды. Қарияларымыздан «Құбашев Бакуге апара жатқан мұнай қазатын техниканы ауылымызға бұрып әкеліп, осы төрт құдықты қаздырған» деп айтып жүретінін талай естідік.
Осылайша ауыл халқын төрт құдық тіршіліктің нәрімен, зәулім мектеп білім нәрімен сусындатып келеді. Ауыл арасында «жылы су» деп аталып кеткен құдықтардың суын шипалы судай көретін басқа жақтың адамдары арнайы келіп түсіп кетеді. Бұл ыстық судың рақаты қыстыгүні қатты білінеді, халық су жылытып әуре болмайды. Жақсыдан шарапат деген – осы.
Ал Н.Оңдасыновтың соңғы аманаты – туған топырағында мәңгілік дамыл табу. Осы аманатын орындауды да С.Құбашев өзіне парыз санаған екен. Нұртас атамыз 1989 жылдың 4 қарашасында Мәскеуде бақиға озды. Ол кісінің мүрдесін туған жеріне жеткізуге мемлекет қайраткері С.Құбашев, сол кездегі Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілі С.Әбділдин, академик З.Молдахметов, Шымкент обкомының бірінші хатшысы В.Темірбаев, журналист Г.Оразалиева көп еңбек сіңірді.
Туған жердің аяулы перзентін ақтық сапарға шығарып салу рәсімі – ауыл жұртының есіндегі айтулы іс-шара. Сол сәтте ауылға жиналған халықта қисап болмапты. Алматыдан бастап еліміздің тұс-тұсынан келген қалың ел аза тұтып, ардақты азаматын төбесіне көтеріп, ел шетіндегі қорымға жаяу апарыпты.
Осыдан соң елге тұтқа, халқына адал болған қайраткердің екінші өмірі басталды. Туған жерінен топырақ бұйырып, заты да, аты да ауылымен астасып кетті. Бұлай деуге себеп – Нұртас Оңдасынов өмірден өткеннен кейін араға бірер жыл салып, ауылдың аты ресми түрде Нұртас деп атала бастады әрі кеңес заманының сарқыншағы ұжымшар деген атаудан біржола арылды. Осынау сауапты іске Амангелді ұжымшарының бұрынғы бастығы Жарылқасын Әзіретбергеновтің қосқан үлесі көп. Осы жазда ол кісімен жолыққанымда ауылға Нұртас аты қалай берілгенін айтып берді.
«1990 жылдың желтоқсан айында республика бойынша партия комитеті хатшыларының қоғамдық ұйымы құрылды. Мен бастамашыл топты басқардым. Сол кезде Орталық комиттеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков еді. Осы кісіге Нұртас Оңдасыновтың туған жері Амангелді ұжымшары деп аталатынын айта келе, соны Нұртас ауылы деп атасақ деген пікірімді білдірдім. Мұнымды дұрыс қабылдаған Өзекең бұл ұсынысты ауыл жұртшылығының атынан хатқа түсіріп беруімді сұрады. Сосын мен жалма-жан сол жерде-ақ отыра қалып, ақ параққа Н.Оңдасыновтың қысқаша өмірбаянын жазып, астына бір топ колхозшы деп қол қойып бердім. Мөрі де, нөмірі де жоқ. Содан арада жарты жыл уақыт өтіп, 1991 жылдың маусым айында Ө.Жәнібеков маған телефон соқты. Ол: «Сіздің ұсыныңызбен Амангелді ұжымшары Нұртас ауылы болып өзгерді. Бұрын Қазақстанда пәленшенің ауылы, түгеншенің ауылы деп ауызша аталып келген. Бірақ кеңес өкіметінің тұсында мұның бәрі жойылып еді. Ауылдар «совхоз», «колхоз», «село», «поселок» болып кетіп еді. Енді тұңғыш рет ауыл деп аталып тұрған осы – Нұртас ауылы. Енді баяғы заман қайтіп келеді, бүкіл елде ауылдар пайда болады», деді Өзекең. Содан мен қаладағы автобус паркіне барып, біздің ауылға қатынайтын автобустың жүргізушісіне «Амангелді ұжымшары дегенді өшіріп, Нұртас ауылы деп жаз», дедім. Сөйтіп ауылымыз ресми түрде Нұртас ауылы деп аталып кетті. Қарап отырсам, осынау үлкен іс әншейін ақ параққа жазылған хаттан басталып кетті», деді Ж.Әзіретбергенов.
Міне, ауылдың Нұртас аталуы тарихы – осындай. Бұрын ел аузында бейресми «совнаркомның ауылы» аталып келген елді мекен егемен еліміздің жылнамасында ресми түрде ауыл мәртебесіне ие болған алғашқы жер екен.
Бүгінде Түркістан облысының Сауран ауданына қарасты Нұртас ауылы – ынтымағы ұйыған, ырысы құйылған құтты мекен. Биыл Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығын атап өтуге ауыл халқы жаппай атсалысып, тік тұрып қызмет қылып жатыр. Мемлекет қайраткерінің туған күні қарсаңында ауылға жан-жақтан қонақтар жиналып, тұлғаның кесенесіне зиярат етеді, үлкен ас беріледі, көкпар ұйымдастырылады, мерекелік концерт қойылады. «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» дегендей, туған жердің төлқұжаты іспеттес төл перзенттің аты ел жадынан өшпек емес.