Аймақтар • 23 Қазан, 2024

16 автобуспен толықты

48 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласының аумағы жыл өткен сайын ұлғайып, халық саны артып келеді. Жаңадан бой көтерген шағын аудандарда халық тығыз орналасқан. Мәселен, бірер жыл бұрын «Ұлы дала» шағын ауданына санаулы бағытта ғана қоғамдық көлік қатынаған болса, кейінгі уақытта жаңа бағытта жү­ретін автобустар саны көбейді.

16 автобуспен толықты

Жергілікті атқарушы билік кейін-гі кездері қаладағы қоғамдық көліктерді жаңартуға айрық­ша назар аударып отыр. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған, тозығы жеткен автобустардың орнын қазір жаңа қоғамдық көліктер алмастырып жатыр. Жалпы, Та­раз қаласындағы автобустарды жаңарту мәселесін өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жеке бақылауына алған.

Біршама уақыт бұрын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қоғамдық көліктерді жаңарту жұмысы үздіксіз жал­ғаса беретінін айтқан еді. Сондай-ақ Та­разда аялдамаларды жаңалау жұмысы да қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

Облыс орталығында қоғамдық көліктерді жаңарту, жаңа бағыттарды іске қосу мәселесі қаланы дамытудың үш жыл­дық жоспарына енгізілген. Қала би­лігінің ықпалымен бірер күн бұрын Таразға тағы 16 автобус жеткізілді.

«Биыл әлеуметтік маңызы бар қалалық, қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығынын өтеу мақсатында 4,8 млрд теңге субсидия қарастырылған болатын. Бұдан бөлек, облыс орталығында 75 аялдама орнатылады. Әлбетте, бұл аз жұмыс емес. Жалпы, қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту жұмысын ілкі сәтке де тоқтатпаймыз. Бір сөзбен айтқанда, тұр­ғындардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында қолға алған жұмыс жалғасады», дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, «Автобус паркі-2020» ЖШС арнайы әкелген «TEG» маркалы су жаңа 16 автобус №55, №28 бағыттарда қызмет көрсетеді. Қоғамдық кө­ліктің ұзындығы 9,5 метр болса, сы­йымдылығы 34 адамға шақталған. Серіктестік соңғы уақытта автобустарды көршілес Қытай елінен әкеле бастаған.

«Автобус паркі-2020» ЖШС соңғы уақытта қоғамдық көліктерді жаңартуға қа­тысты ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Жергілікті атқарушы билік келтірген мә­ліметке жүгінсек, серіктестік бұған дейін №11, №34, №38, №46, №54, №55, №60, №61 бағыттарға қатынайтын қоғамдық көліктерді 100 пайыз жаңартқан болатын.

Облыс орталығында жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру, қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қала билігіне нақты тапсырмалар жүктеген.

Облыс әкімінің тапсырмасы аясында 2023 жылы қалаға 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, осы жылы су жаңа 133 автобус келген. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке сенсек, жыл соңына дейін қосымша 42 қоғамдық көлікті жет­кізіледі. Атқарылған жұмыстың нәти­же­сінде осы жылға жоспарланған 70 автобус алу жө­ніндегі меже артығымен орындалып отыр.

 

ТАРАЗ