Аймақтар • 23 Қазан, 2024

Тиімді жоба табысы

95 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ауыл аманаты» жобасының қатысушылары жергілікті бюджетке 93,3 млн теңге мөлшерінде салық төледі. Сондай-ақ елді мекендерде екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жөнінде облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Әуез Тайымбетов мәлімдеді.

Тиімді жоба табысы

«Ақтөбе» әлеуметтік-кә­сіп­керлік корпорациясы биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 463,5 млн теңге пайда тапса, жыл соңына дейін кіріс көлемі әлі де ұлғаяды деген болжам бар. Осы жетістікке шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысын жолға қою мен «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдікпен несие беру бағдарламасына бөлінген қаражатты игеру арқылы қол жеткізілді.

«Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған уақыттан бастап 2 702 өтінім мақұлданып, 15 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Осылайша, елді мекендердегі жұмыссыздықты азайту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту мақсатында үш жыл бұрын қолға алынған қанатқақты жоба тиімділігін көрсетті. «Ақтөбе» ӘКК жаны­нан ашылған фронт-кең­седе өтінімдерді «бір терезе» қағи­даты негізінде қарау жобаға қа­тысушылардың уақытын үнемдеді.

Сонымен қатар инвес­ти­циялық жобаларды несиелеу бағыты бойынша «Ақтөбе» ӘКК АҚ Ақтөбе облысындағы ең ірі сүт өңдеушілердің бірі «Айс плюс» ЖШС-ның асыл тұқымды ірі қара сатып алу арқылы сүт фермасын кеңейту жобасына қолдау көрсетті. 4,6 млрд теңге құрайтын осы жобаның 3,25 млрд теңгесі жеңілдікпен қар­жы­ландырылды. Бұл өз кезегіндегі өңірдегі сүт тапшылығын жоюға бағытталып отыр.

 

Ақтөбе облысы