Digital • 23 Қазан, 2024

Заманауи оқыту әдісі

93 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһанды дүрліктірген жасанды интеллектінің қарқыны күннен-күнге күшейіп, барлық салада басымдық алғанына куә болып отырмыз. Бұл технологияның пайдасы мен салдарына қатысты мәселелерді талқылау да жуық маңда толастайтын емес. Тіпті аталған жүйе сұрақтарға сапалы жауап беретіні себепті, көптеген ғалым төртінші өнеркәсіптік революцияның таяп қалғанын айтады.

Заманауи оқыту әдісі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жасанды зерде қа­зірдің өзін­де білім саласына үлкен өз­ге­ріс әкеліп жатыр. Осындай ақпараттық технологияларды оқыту кезінде тиімді пайдалану үшін белгілі бір шарттарды ескеру қажет. Мұндай шарттар түрлі педагогикалық зерттеулер арқылы анықталады. Бұған дейін мультимедиалық құралдар, гипермәтіндер және виртуалды шындық сияқты салаларда іргелі ізденістер болды. Енді жаңа технологияларды білім саласында ұтымды қол­дану жолдарын зерттеу қажет.

ТМД елдерінде жасанды зердені тиімді қолдануға қа­тыс­ты кейінгі 20 жылда бір­неше диссертация қор­ғал­ды. Мы­салы, сондай еңбек­тер­дің бірін­де «Rosenblatt Perceptron» ней­рондық желісі пай­даланыл­ған. Бұл – мектептегі инфор­матика пәніне арналған есеп­терді іріктеуге арналған жүйе. Осылай таңдалған мате­риал­­­­дар­дың көмегімен оқу нә­ти­желерін шынайы баға­лау­ды жүзеге асыруға болады. Басқа да зерттеулерде жасанды интеллект жүйелерін, онымен қоса информатиканы жалпы оқытудың тиімділігін анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Әлбетте, нейрондық желі мен жасанды интеллектінің игі­лігіне қатысты мұндай ізде­ністерді жалғастыру керек екені айтпаса да түсінікті. Алайда жасанды зерде ұсынған ақпараттардың оқушыларды да, мұғалімдерді де шатастырып, оқытудың маз­мұны мен әдістеріне кері әсе­рін тигізетін тұстары да жоқ емес. Аталған технология кейде жалған ақпарат көздеріне сіл­теме жасап, бастапқы дерек­көзге сәйкес келмейтін дәйек­сөздерді келтіреді. Мұндай қателіктер жүйенің әлі де то­лық қалыптаспағанынан әрі сұрақ қоюшының бұлдыр сауал­дарының салдарынан болуы мүмкін. Теориялық және эмпирикалық зерттеулерді есепке алмай жатып, осындай технологияларды пайдалану мұғалімдердің жылдар бойы қалыптасқан оқыту әдісіне әрі ғылыми қызмет жүйесіне теріс әсер етеді.

Зерттеулер нәтижесінде қалыптасатын жаңа тәсілдердің сөзсіз алғашқы кезектегі қолға алушылары педагогтер болуға тиіс. Ерекше атап өтерлік бір жайт, оқытудың мақсатын, маз­мұнын және әдістерін әзір­леуде табиғи және жасан­ды интеллектінің дұрыс үйлес­тірілуіне көңіл аудару қажет. Өйткені жасанды зерде кейде өңдейтін ақпараттың мағына­сын «түсінбейді» әрі тап­сырма­ны таза «технология­лық» түрде жүзеге асырады. Жо­ғарыда ай­тылған тұжы­рым­дарды ескере отырып, бір­неше зерттеуді ұсынуға бо­лады. Атап айтсақ, оқу мате­риал­дарының сапасын баға­лау мақсатында жасанды ин­теллектіні пайдалану, жасанды интеллект негізінде информатиканы оқытудың мақсаттары мен мазмұнын дамыту, атал­ған технология көмегімен оқы­ту құралдарын сұрыптау, біріз­ділендіру (унификациялау) және біріктіру, барлық пәнді оқытуда ерекше сыни ойлауды қалыптастыру.

Бақылау және бағалау жүйе­­­сінің тиімділігін артты­ру мақсатында жасанды интел­лектіні қолдану маңызды рөл ат­қарады. Мысалы, оқушылардың білімін әділ бағалау, олардың қабі­летін анықтау және білім жүйесінің даму ба­ғыт­тарын болжау үшін ЖИ-дің жәрдемі мол.

Сонымен қатар сабақтан тыс және тәрбие жұмыстарына ЖИ-ді қолдану кезінде адамның эмоциясы мен тәрбиелік ықпалын ескеру керек. Осыған байланыс­ты, жасанды интеллектіні қо­сымша құрал ретінде пайдалану арқылы оқушылармен жұ­мыс істеу әдістерін жетілді­ріп, ата-аналармен және ұстаз­дармен қарым-қатынасты оң­тай­­ландыруға болады.

Мұғалімдердің ғылыми-әдіс­темелік жұмыстарын дамы­ту мақсатында жасанды интел­лектінің мүмкіндігі зор. Мысалы, педагогикалық тәжірибелерде ЖИ-ді қолданып, ғылыми де­рек­көздерді табуға және тал­дауға болады. Сонымен қатар бі­лім саласындағы жобаларды же­­тіл­діруде оның пайдасы орасан. Сондықтан ЖИ-ді қол­дану жө­нінде мұғалімдерді даяр­лап, жаңа тех­нологияың жылдам өзге­рісіне дайын болуымыз керек.

Біздің ойымызша, бұл зерт­теулердің тізімі әлі толық емес, оны кеңейтіп, нақтылау қажет. Алайда қазіргі таңда ғылыми және білім ұйымдарында жасанды интеллект технология­ларын енгізуді бастау үшін осын­дай тізімді анықтау өте маңыз­ды. Білім саласында ЖИ-ді қол­дану жан-жақты зерт­теліп, ғы­лы­ми негізделген және нақты қажет­тілігі бар әдістерді талап етеді.

Жоғарыда аталған болашағы бар зерттеу бағыттары еліміздегі ғылым мен білімді дамытуға арналған түрлі бағдарлама мен жобаны жасауға кө­мек­теседі. Сонымен бірге ма­гис­транттар, докторанттар мен ізденушілер өздерінің шығармашылық жұмыстарын жоспарлауда бұл зерттеулерді пайдалана алады.

 

Есен БИДАЙБЕКОВ,

профессор-зерттеуші