Өнер • 23 Қазан, 2024

Рухани келісім кеші

128 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Рухани келісім күні қарсаңында Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі «Астана Опера» сахнасында «Рухани келісім туралы сөз» атты концерттік бағдарлама ұсынды.

Рухани келісім кеші

Сурет: nazarmedia.kz

Еске салсақ, Рухани келісім күні елімізде отыз жылдан астам уақыттан бері атап өтіледі. Мәдени кеш басында осы бірлік пен толеранттық мерекесінің идея авторы, композитор, «Мә­дениет арқылы бейбітшілік» ха­лықаралық қауымдастығының президенті, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Төлеген Мұха­меджанов құттықтау сөзін арнады.

Аталған кеш елорданың көне ұжымына айналған оркес­трдің құрылғанына 25 жыл толуына орай өтті. Концерт­тің дирижері – филармония оркестрінің көркемдік жетек­шісі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Абзал Мұхитдин.

Концерт шымылдығын атақ­­ты италиялық композитор Джу­лио Каччинидің «Ave Maria» атты шығармасы ашты. Вокалдық партияны «Астана Опера» солисі Лейла Аламанова орындады.

Ал ұлттық музыканы Тө­леген Мұхамеджановтың шы­ғармалары таныстырды. «Туған жер» аспаптық композициясын Мәдениет саласының үздігі Айымгүл Бекбаева (домбыра) мен Ботагөз Тәшімова (қобыз) шебер орындады. Ал «Адажио» шығармасында сим­фо­ниялық оркестр мен скрипка солисті Салтанат Орынбаева автордың терең бейнесін және орындау шеберлігін жоғары деңгейде көрсетті.

Кеш барысында филармония оркестрі романтикалық дәуірдің белгілі француз композиторы Жорж Бизенің №1 До мажор симфониясын орындады. Бизенің оркестрлік музыкадағы шеберлігін дәлелдейтін айтулы шығарманы «Жасөспірім симфониясы» деп те атайды. Тарихтан сыр шертсек, симфония 1855 жылы болашақ әйгілі композитор Жорж Бизе Париж консерваториясында Шарль Гуно курсында оқып жүргенде, яғни 17 жасында жазылған. Кейін «Жасөспірім симфония­сы» белгілі бір себептермен жоғалып, тіпті композитордың өмірбаяншылары да автордың мұндай шығармасының барын білмеген. Партитураны 1933 жылы музыка зерттеушісі Жан Шантавуан консерваторияның архивінен тапқан. Сөйтіп 1935 жылы – арада 80 жыл өткен соң, симфония алғаш рет Базельде Феликс Вайнгартнердің басқа­руымен оркестрде алғаш рет орындалды. Әлқисса.

Сондай-ақ кеш барысын­да оркестрдің Николай Рим­ский-Корсаковтың «Шехе­разада» симфониялық сюита­­сы көрерменнің ерекше ықы­ласына бөленді. Айта кетейік, сюита төрт бөлік­тен тұ­рады: олар ортақ көркем­дік ойды, ертегілік сипат пен му­зыкалық бейнелерді біріктіреді. Мәселен, алғашқы бөлігі – «Теңіз. Синдбад кемесі». Мұнда екі қарама-қайшы тақырып қозғалады. Біріншісі – жезді және ішекті аспаптарда ойнайтын сұлтан Шахриярдың салтанатты әрі қаһарлы тақырыбы. Екіншісі – Шехеразаданың тақырыбы – арфаның сүйемелдеуімен скрипка солистінің орындауын­дағы жұмсақ әуен шығыс өрне­гіне ұқсайды.

Сюитаның екінші бөлігі – «Календар-ханзада туралы хикая» Шехеразада тақырыбынан басталады. Кейін ол әңгімелеуді жаңа әңгімешіге беріп, ертегі ішіндегі ертегі басталады. Ал үшінші бөлігі «Ханзада мен ханшайым» – шығарманың лирикалық орталығы. Мұнда біз ханзаданың тақырыбын естиміз – бұл скрипкалардағы бірқалыпты әуен, ал ханшайым­ның би әуеніндегі жеңіл әрі қозға­лысты тақырыбы кларнеттің орындауында беріледі. Төртін­ші бөлігі – «Бағдаттағы мереке» – сюитаның барлық тақырып­тарын біріктіретін ауқымды финалы, барлық кейіпкерлерді мерекеге жинағандай әсер қалдырады.

Абзал Мұхитдиннің шебер басшылығымен симфониялық оркестр Римский-Корсаковтың эмоциялар палитрасын толық жеткізіп, көрермендердің көңілі­нен шыққаны ду-ду соғыл­ған қошеметтен-ақ аңғарылды.

Музыкалық кеш Рухани келісім күні идеясының толық мәнін көрсете алды. Бағдар­ламада да түрлі шығармалар таңдалып, шебер орындалды. Еліміз әр­дайым өркениеттер тоғысында, Шығыс пен Батыстың діндері мен мәдениеттерінің диалог алаңы болған. Осы дәстүрлердің мұрасы ретінде рухани, адамгерші­лік, төзімділік және өзара түсініс­тік қалыптасты, олар бүгінде еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі болып қалары сөзсіз.