Сурет: Charles Platiau / REUTERS
2023 жылғы нарықтың күрделі жағдайына қарамастан, технологияға салынған инвестиция көлемі артқан. Генеративті ЖИ (Gen AI) 2022 жылдан бері технологиялық даму саласындағы көрнекті трендке айналып келеді. Бұл технологияға деген қызығушылық пен инвестицияның айрықша өсуі роботтехника және иммерсивті шындық сияқты өзара байланысты үрдістерде инновациялық мүмкіндіктерді ашуы ықтимал. Зерттеуде оптимизм, инновация және таланттардың ұзақмерзімді қажеттіліктері сияқты санаттармен 15 технологиялық үрдістің ұзақмерзімді траекториялық дамуы көрсетілген. Технологиялық үрдістер бес ауқымды санатқа топтастырылған: AI революциясы, цифрлық болашақты құру, компьютерлер мен интернетке қосылудың шекаралары, озық инженерия және тұрақты әлем.
- AI революциясы. McKinsey компаниясының ЖИ-дің жай-күйі туралы кейінгі сауалнамасына сәйкес, респонденттердің 65%-ы олардың ұйымдары мен жұмыс орындары кем дегенде бір бизнес функциясында ЖИ-ді үнемі қолданатынын айтқан. Бұл былтырмен салыстырғанда ЖИ-ді пайдалану жағдайларының жылдық құны 2,6 трлн доллардан 4,4 трлн долларға дейін болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Былтыр OpenAI-дың GPT-4, Anthropic's Claude және Google's Gemini сияқты мәтіндік буын үлгілері, сондай-ақ Dall-E 3 және Midjourney сияқты кескін жасау құралдары салаcында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Жақында OpenAI-дің Sora мәтіндік-бейне генераторын іске қосуы технологияның әлеуетін тағы бір рет дәлелдеді. Тіпті музыкалық композицияда да төңкеріс болып жатыр. Бұл салада Suno сияқты жаңа модельдер әртүрлі стильдегі түпнұсқа туындыларды жасау мүмкіндігіне ие.
- Цифрлық болашақты құру. Зерттеуге сүйенсек, алдағы уақытта таланттар ландшафтында өзгерістер болады. ЖИ-дің жаңа буынының пайда болуы бағдарламалық жасақтама инженерлеріне өз уақытын таза код жасау тапсырмаларынан айырып, сәулет дизайны және мәселелерді шешу тапсырмаларына қайта бөлуге мүмкіндік береді. Аталған өзгеріс инженерлер арасында ойлаудың айтарлықтай өзгеруіне әкеліп қана қоймай, сонымен қатар компаниялардың таланттарды таңдауға, біліктілігін арттыруға және жұмысқа орналасуға деген көзқарасына да әсер етеді. Енді компаниялар жұмысқа маман алуда әлеуетті үміткерлердің кодтау дағдыларынан бөлек таланттарды сақтау және дамыту үшін біліктілікті арттырудың сараланған стратегиясын анықтауға инвестиция салады. Сонымен қатар үміткерлердің күнделікті тапсырмаларды орындауда аталған озық құралдарды қаншалықты тиімді пайдаланатыны, оларға бейімделе білетін қабілеттерін бағалауға басымдық береді.
- Компьютерлер мен интернетке қосылу шекаралары. Заманауи интернетке қосылу технологиялары тұтынушылардың және өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалардың тәжірибесінде төңкеріс жасауы мүмкін. Ұйымдар мен компаниялар өз байланыс инфрақұрылымын жақсарту үшін технологияларды кеңінен пайдаланып жатыр. Телекоммуникация саласы осы технологиядан түсетін кірістің шектеулі өсуіне қарамастан, 5G-ге инвестиция салуды талап ететін тұрақты қоғамдық қысымға тап болды. Компаниялар нарықта салаларындағы инновацияларды ынталандыру мен қаржылық қиындықтарды жеңу мақсатында спутниктік байланыс провайдерлері сияқты келесі буын технологиялық компанияларымен серіктестік орнатуды жалғастырып жатыр.
Зерттеуде мамандар келтірген мәліметтерге сүйенсек, 6G технологиясы өрісті дамып келеді. Бірақ салада мазалайтын сұрақтар әлі де бар. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі саласындағы зерттеулер, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және стандарттау арқылы прогреске қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда белгілі бір қолданбаларға қосылған 6G құнына байланысты шығындардың жоғары екені анықталды және телекоммуникациялық компаниялар бұл жаңа инновацияны қаншалықты сәтті монетизациялай алатыны әлі белгісіз.
- Озық инженерия. Зерттеуде жетілдірілген роботтық жүйелер әртүрлі физикалық тапсырмаларды автоматтандыруда жоғары мүмкіндіктерімен ерекшеленетіні атап өтілген. Пайдалану жағдайларының ауқымы тұтынушылық деңгейдегі қызметтерден бастап кәсіпорын деңгейіндегі құрастыруға дейін, макроэкономикалық жағдайларға да, технологиялық жетістіктерге байланысты да кеңейді. Макроэкономика тұрғысынан әлемде еңбек шығындарының өсуі, халықтың қартаюы және оффшорлық жұмыс күшіне қатысты қосымша кедергілер байқалады. Технологиялық тұрғыдан алғанда ЖИ физикалық роботтардың мүмкіндіктерін арттырып, дайындығын жеделдететін көптеген инновацияға әкелді. Еңсеруге болатын технологиялық және әлеуметтік кедергілерге қарамастан, кең ауқымды нарыққа ену өнімділікті арттырудың кілті болуы мүмкін. Бұл экономиканы қазіргі адамға бағытталған жұмыс орындарынан түбегейлі ерекшеленетін жаңа жұмыс әдістерін енгізуге бағыттайды.
- Тұрақты әлем. Электрлендіру және жаңартылатын энергия технологиялары Париж келісіміне сәйкес көмірқышқыл газының жаһандық шығарындыларын азайту үшін өте маңызды. Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін 2030 жылға қарай жаһандық шығындарды 45%, ал 2050 жылға қарай нөлдік шығындарға дейін азайту қажет. Бұл технологиялар кең таралған сайын таланттар арасындағы алшақтықты жою да өте маңызды болады. McKinsey зерттеуінің қорытындысы бойынша, 2050 жылға қарай климаттық технологиялардың құн тізбегі бүкіл әлемде шамамен 200 млн білікті жұмысшыны қажет етеді.
Электрлендіру және жаңартылатын энергия технологияларын одан әрі енгізу технологиялық жетістіктер мен ауқымды инвестициялар арқылы қол жеткізуге болатын шығындарды азайтуға байланысты болады. Есепке сүйенсек, болашақта технологияға қажетті литий, болат және мыс сияқты материалдарды жеткізу өзекті болуы мүмкін.
Түйіндесек, McKinsey компаниясының биылғы технологиялық үрдістер есебі – заманауи өнімдердің экономикалық даму, ғылым мен адамзат баласының болашағына әсерін бағамдауға мүмкіндік беретін зерттеулердің бірі. Есепте берілген мамандар қорытындылары мен статистикалық мәліметтер зерттеуші ғалымдарға, жалпы қызығушылығы бар қауымға қосымша көмекші құрал бола алады.
Айдана АМАЛБЕКОВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы