Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ
«Инватакси» қызметінің автокөлігі Талдықорған қаласының «Болашақ» шағын ауданында орналасқан 3 бірдей үйдің ауласына тоқтап, Гүлнар Нұрғалиева, Жадыра Қасымова, Нұрбек Тұрғанов сынды мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетіп, жұмысына жеткізді. Алдымен аталған шағын аудандағы №24 үйге келіп, көлік жүргізушісі мүгедектер арбасына таңылған Гүлнар Нұрғалиеваға амандасып, көлікке отыруына көмектесті. Гүлнар Талдықорған қаласының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі жұмыс орнына жетуге 10 жылдан бері «Инватакси» қызметін пайдаланады. Талдықорған қаласындағы «Ақжанель» медициналық сауықтыру орталығында медбике болып жұмыс істейтін Жадыра Қасымова да «Инватакси» қызметіне дән риза.
«Тағдыр талқысын көріп жүрсек те, біздің де арқалаған арман, алға қойған мақсатымыз бар. Тірлік етуіміз, қоғамға пайдамызды тигізуіміз керек. Бұл орайда «Инватакси» қызметінің облыс орталығында жұмыс істейтініне қуаныштымын. Жүргізушілер бізді көлікке отырғызып, діттеген жерімізге жеткізіп жүр. Олардың күлімдеп амандасқаны, жылы шыраймен тілдескені, қызметін ерекше шабытпен жасағаны бізді қуантады», деді қос балдақты серік еткен ақ халатты абзал жан.
Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, «Инватакси» қызметі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 41-бабы 3-тармағының 2-тармақшасына, Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығымен бекітілген «Автомобиль көлігімен мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету қағидаларына» сәйкес жүргізіледі. Жалпы, Жетісу облысында «Инватакси» қызметін 8 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырады. Облыста 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 293,4 млн теңге бөлініп, 14 жаңа «Инватакси» автокөлігі сатып алынып, бүгінгі күні барлық 14 автокөлік қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне берілді. Нәтижесінде, облыста «Инватакси» саны 1 жылда 2 есеге артты.
Айта кетерлігі, 2024 жылдың тоғыз айында «Инватакси» қызметіне облыста барлығы 60 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бүгінде Талдықорған қаласында 2 «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Оның бірі – «Ерлік» қоғамдық бірлестігі, мұнда 8 көлік бар, ал «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ «Талдықорған» корпоративтік қорында 5 көлік қызмет көрсетеді. Аталған қызмет түрінің жұмыс барысымен танысуға арнайы шыққан өңір журналистеріне шара барысында «Инватакси» жобасының үйлестірушісі Нұрбек Тұрғанов түсінік берді.
«Осыдан 10 жыл бұрын «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Роза Ақжаркенованың бастамасымен «Инватакси» қызметі құрылды. Осы жобаны іске асыра бастаған жылдары 3 автомобиль азаматтарға қызмет көрсетсе, қазір мемлекет қолдауының арқасында көлік саны 8-ге жетті. «Инватакси» қызметінің жүргізушілері мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа, оқуға, спорттық іс-шараларға, оңалту орталықтарына апарып, кейін үйіне жеткізіп отырады» дей келе, Н.Тұрғанов аталған әлеуметтік қызмет мемлекет есебінен тегін жүргізілетінін айрықша айтты.
«Инватакси» қызметін пайдаланушылар осы қызметті құруға, қолдауға, іске асыруға, дамытуға қатысқан барлық адамдарға алғыс жаудырып жүр.
Жетісу облысы