Туризм • 23 Қазан, 2024

Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға арналған үздік елдердің тізіміне енді

63 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық Lonely Planet журналы Қазақстанды жыл сайынғы Best in Travel 2025 рейтингінде саяхаттауға арналған ең үздік елдердің бірі ретінде таныды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға арналған үздік елдердің тізіміне енді

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Журнал сарапшылары жыл сайын саяхатшылар, қызметкерлер, авторлар және туризм саласындағы басқа да мамандардың ұсыныстарына негізделген бағыттарды мұқият талдап, үздіктерді анықтайды. 2025 жылғы таңдау Қазақстанға түсіп отыр. Біздің еліміз өзінің бай тарихымен, алуан түрлі табиғатымен және қайталанбас мәдени мұрасымен шетелдік сала мамандарын қызықтырған.
«Қазақстанның Lonely Planet секілді әлемдегі беделді басылымның Best in Travel 2025 рейтингінде болуы – еліміздің туризміне әлем бойынша қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Елдің шынайы мәдениеті мен алуан түрлі табиғатын халықаралық деңгейде ілгерілетуді жалғастыра отырып, біз тұрақты туризм принциптерін ұстанамыз», деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Әлемнің беделді басылымының тізіміне енген Қазақстан ежелгі дәстүр мен заманауи өмір тоғысқан ел ретінде сипатталған.
«Best in Travel 2025 — бұл біздің жыл сайынғы әлемге арналған жүрекжарды хатымыздың соңғы нұсқасы. Біз осы басылымға енген бағыттарды мақтан тұтамыз және ұсыныстарымыздың негізінде жатқан терең түсінік пен жергілікті біліммен бөлісуге қуаныштымыз. Біздің тізім келесі жылы саяхатшыларға жаңа бағыттарды ашуға шабыттандырады деп сенеміз», деді Lonely Planet-тің контент бойынша аға вице-президенті және атқарушы редакторы Нитя Чамберс.
Lonely Planet басылымының мақаласында: «Қазақстан – тек саяхаттайтын ел емес, ашылуы тиіс әлем, сапарға шығуды қажет ететін және тарихтың бір бөлшегі болатын ел. Ежелгі Жібек жолының сыбдыры Қазақстан қалаларын қоршап тұрған шексіз далада да естіледі», деп жазылған.

Айта кетерлігі, Қазақстанның туристік әлеуетін тек Lonely Planet журналы ғана емес, әлемге танымал туристік басылымдар да жоғары бағалаған. Мәселен, Conde Nast Traveler мен Wanderlust басылымдары Қазақстанды 2024 жылғы әлемдегі ең үздік саяхат бағыттарының тізіміне енгізген. Алматы қаласы The New York Times рейтингі бойынша 52 үздік туристік бағыттың қатарына кірді.