Әдебиет • 24 Қазан, 2024

Бабалар тарихының алтын парағы

267 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін Жошы хан туралы әртүрлі дүниелерді оқып келдік. «Ақсақ құлан – Жошы хан» туралы аңыз бен күй құлағымызға бала күнімізден сіңді. Тіпті мультфильмнен көріп өстік. Ол кезде бір түсті қара сұр экран болса да ұлттық құндылықтар молырақ сияқты еді. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан – Жошы хан» секілді мультфильмдер тамашалайтынбыз. Қазір бұлардың исі де жоқ. Мүмкін дәл сол уақытта телміретін басқа дүние болмады. Айтпағымыз ол да емес, Жошы хан еді ғой.

Бабалар тарихының алтын парағы

Біздің ұлттық әдебиетте жақсы сақта­лып, ұлы Шыңғыс қағанға (хандардың ханы, ұлы хан) Жошы хан өлімін естірткен аңыз толғаулы күй бүгінге тегін жетпеген-ау. Расында, Жошы хан туралы жастай естіген аңыз-әңгімелер жанымызға қаншалықты сіңісті болса, кейі­нірек қарасақ, оның тууы да, өмірі де, өлімі де жұмбақ екен. Ол ана­сы­ның құрсағында жатқанда, әлі қуатты хан­дыққа айналмаған Темужін кү­ренін меркіттер шауып, Бөрте ананы тұт­қындап алып кеткені туралы деректер ұшырасты. Бұған туған ұлы Жошының Шыңғыстан бұрын өлгені қосылды. Оның үстіне, ел ішіне нақты әдебиеттерден гөрі қытайлар түсірген «Шыңғыс хан» атты сериал кеңірек тарап кетті. Онда да Жошы кімнің баласы екені айқын емес, екіұшты көрсетіледі. Содан кейін бе, әлде бұрынырақта ма, осы тақырыпқа байланысты дөңгелек үстелдер өткенін білеміз. Бірақ мектеп жасынан естіп өскен күй мен аңыз, Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» трилогиясы Жошы ханды ұлы бабамыз ретінде көкейге қондырған. Ал биыл ғана жарық көрген «Жошы хан» атты Ұларбек Дәлейдің мына кітабы – жоғарыдағы әңгіменің бәріне нүкте қойған деректі тарихи роман.

«Жошы хан кім еді, оның мінез-құлқы, кешкен тағдыры, шеккен мехнаты, болмыс-бітімі, табиғаты, түпкі мұраты қандай, көксегені не?», тағысын тағы қаптаған сұрақ­тың нақты жауабы жоғары­да біз атаған тарихи романнан айқұ­лақтанады. Қытай жылнамалары, Раши ад-Диннің «Жамиғ ат-тауа­рих», М.Мағауиннің «Шың­ғыс хан» романын тағы бас­қа ең­бектерден нақты деректер мен сілтемелер көрсетіліп отырғандықтан, оқиғалары нанымды. Жошы өмірінің кейбір бұрмаланған тұсын қаз-қалпына түсіргендей қа­былданды. Онда бұлай деп жаңсақ жазылып кеткен, шындығы мынау деген сөз жоқ, әрине. Оқып отырғанда оқиғалар тізбегі осыған дейін орнығып қалған кей ақпараттың күл-талқанын шығарып отырады.

Әрине, Жошы туралы тол­ған­ғанда, Шыңғыс қағанды айналып өте алмайсыз. Қазақ ханды­ғының ілкі бастауы саналатын бұл тарих сондығынан да орта жол­дан бастап өте шыққанды көтер­мейді. Роман Есугейдің ерлі­гі мен қаһармандығын көктей өтіп, қоңырат Тай шешенге құда түсуінен басталады. Есугей аталары Қамбағай ханның татарларға кеткен кегі де әңгіме болмай қалмайды. Тай шешенге құда түсіп, Темужінді сонда қалдырып, қайтып бара жатқан Есугей жолай татарлар қонысына тап келіп, уланып шығушы еді ашық деректе. Жолда татарлар улап жіберген делінетін. Біз парақтаған Ұларбек Дәлейдің «Жошы хан» романында қият тайпасынан тарайтын боржығынның аталасы тайжуыттардың сардары Тарғытайдың ісі болып шығады. Есугей баһадұр құдалыққа жү­рерінде оның көмекшісі Тодо мен қырылдақ Тарғытайдың жасырын сөйлесетіні бар. Баһадұр қайтарында татар қонысын басып өтерін білген қырылдақ Тарғытай қастандығын Тодоның қолымен атқарады. Яғни татарлардың қонысынан дәм татып шыққан Есугей уланған соң, кінәліні алыстан іздемесі белгілі. Мұны айтып отырғанымыз – бұл сұмдықтың сырын бес-алты жасар ханзада Жошы ашады. Екі кештің арасында орда төңірегінде жүрген Қоршыны іздеп шығып, қансырап өлейін деп жатқан Тодоның үстінен түседі ғой. «Ба-алам... Сен кімсің? Өліп барамын, су, су берші...» дейді Тодо. «Ата, мен Есугейдің баласы Темужіннің үлкен ұлы Жошымын» ғой десе, сандырақтап жатқан Тодо: «Сен... Есугеймін дедің бе? Ме... мен Тодеген-Кіртемін. Өзің бағып өсірген Тодо. Темужінге құда түсіп қайтарда, татарлар қонысынан өткен соң Тарғытай берген уды сусынға қосып ішкізіп едім... Есугей, соғыстан келдің бе? Қымыз берші... Тарғытай берген қымыз шөлімді баспады», дейді.

Бұл құпия басқа емес, бала Жошының жадында қалуы тегін емес қой. 

Иә, Есугей өлерінде Темужінге ескі досым Тоғрылдан іргеңді ажыртпа деп өсиет қалдырған. Болашақ қаған бұл өсиетті бұлжытпай сақтайды. Бәйбішесі Бөрте Жошыға жүкті кезінде Темужін қоныс қарап сырт кетіп, меркіттер қонысын шауып, қатынын қолды қылады. Алайда меркіт шапқыншылары орта жолда Тоғрыл ханның ұлы Сәнгүннің қолына түсіп, дереу хан алдында жауапқа тартылады. Есугейдің қан қосып, қымыз ішіскен андасы Тоғрыл ханға Темужін баласы есебінде. Сондықтан келіні Бөртені ардақтап, күтіп-бағып ұстап, кейінірек Темужін Қасар мен Буыршы, Жошы-Тармала батырды Саба ноянмен жіберіп алдырады. Темужін өзі келмегендіктен, бұларды Тоғрыл хан ақылшысы Қойылдыр-Жошыға бес жүз жасақпен күзеттіріп жібереді. Жолда, боржығындардың қоны­сына жете бере, Бөрте толғатады. Бұған дейін Қожын-бике атты қыз­ды болған Темужін тұңғыш ұлын сонда көріп, ағынан жарылады:

– Саба ноянға еріп, Тоғрыл хан ордасына келген Жошы-Тармала батыр істің ығын тапты. Көшті ақылгөй Қойылдыр-Жошы бастап, жасағымен қорғап келеді әрі шауып келіп сүйінші сұрады. Ұлымның аты Жошы болсын! – деп еді дейді автор кітабында. Бұл – 1182 жылдың күзі. Осы күзде Темужін әкесі есебіндегі Тоғрыл хан мен Жамұқаға арқа сүйеп, үш меркітті шауып, жұртынан бостырады. Дүниеге Жошының келуімен алапаты арта түседі.

Ол кездегі көшпелі ел баласы бесіктен белі шыға атқа қонары белгілі. Жошы жас­тайынан махаббатқа малшынып өседі. Шыңғыс ханның басқа балаларындай, туған бауырлары Шағатай мен Үгедейдей қиғаштығы жоқ, өзімен өзі біртоға әрі үлкен жүректі парасат иесі ретінде суреттеледі кітап­та. Ол бала күнінен анасы Бөрте ғана емес, әжесі Өгеліннің, қала берді Темулін апасының бауырында аунап-қунап, қу­лық-сұмдығы былай тұрсын, жауыз­дықтың не екенін білмей ержетеді. Үнемі кешірімді, жаны ізгілікке қаншалықты жуық болса, қайсарлығы мен батырлығы да бір мысқал кем түспейтін Жошының әкесі қағанның басқа ұлдарына қарағанда қасіреті де сол болады. Жолы да болғыш, сонысына қарай тағдыры да ауыр жеңімпаз тұлға. Жүрегінде махаббат, елге деген жанашырлық сезім молайған сайын адам тағдыры да ауырлай берері тарихтан белгілі болса, соның бір мысалы Жошы дер едік. Бұл кітап жазылмай тұрып, Шыңғыс хан ұлдарының кім екенін тану мақсатында төрт ұлына қойған сұрағы мен олардың жауабы айтылатын ел аузын­да жүрген аңыз бар еді ғой. Қалған үш ұлының жауабы бір-бірінікіне ұқсас: жер жүзін жаулау, дүниені бағындыру, билігін күшейту болса, Жошының жа­уабы ғана өзгеше тұрыпты шықпаушы ма еді? Онда ел шауып, қан ағызу жоқ, үйір-үйір жылқы айдап, бейбіт елдің берекелі тіршілігін елестету ғана көрінеді. Сол ниеті мен пейіліне берген шығар, барлық қазақ ханының атасы Жошы ұлысы бүгінге дейін қарашаңырақ, түгел түрік жұртының төрі ретін­де атын жоймады. Сонау мыңжыл­дықтардан тамыр тартқан ру-тайпалар мен ірілі-ұсақты елдер байырғы мекенінде отырғанын көреміз. Нешеме ғасырлар мен дәуірлерден бері үзілмей келе жатқан алтын жүлгенің арналы басында ұлы Шыңғыс қаған мен оның парасатты һәм даңқты ұлы Жошының тұрғаны қазіргі Қазақстан үшін мақтаныш қана емес, өлмес мұрат, сөнбес шырақ, ұрпаққа рухани қуат дер едік. Жошыдан туатын Орда Ежен мен Бату ханның тұқым-тұяғы – ұлт үшін жан беріп, жан алысқан төрелердің соңы күні кешегі Әлихан Бөкейханға бір-ақ тіреледі. Демек, Ұларбек Дәлейдің «Жошы ханы» елдіктің алтын қазығын қаққан бабалар тарихының алтын парағы, Жошының тұлғасын жан-жақты көрсеткен татымды тауарих. Әкесі ұлы қаған жарлығымен қылышын қанға суарып, ел шап­қан оның жорық сайын қыбы қанып, мерейі асқанын көрмейміз. Алты жасында атасының қандай сатқындықтан өлгенін білген ханзадаға одан кейінгі өмірдің қалай тиері осы емеуріннен-ақ белгілі емес пе? Жан-жағын жаулап, тамам түрікті біріктірем деп жүргенде, ол мұраты төрткүл дү­ниені бағындыруға ұласып кеткен әке жарлығы төбесінде тұрса, көзі ақиып, жүрегіне кек қатып, қан тілеп тұратын Шағатайдың шалдуар, кесір мінезі алдынан шыға берсе... Қанша қаһарман, батыр болғанымен, онымен тайталасар ішіңде соншама ақыл-парасат жатса, Жошының тағды­ры әкесінікінен де ауыр да азапты, күрделі де мехнатты дер едік. Оның Шыңғыс ханнан бұ­рын қайтуында да осындай сыр­дың ұштығы жатса керек. Кітап­ты оқып болғанда, осындай әрта­рапты ой мен сезім, ізгілік пен зұлымдықты таразылаған сұрақ пен сауалдар бас көтеріп, ақыл-ойыңды әр тұстан иектеп, кейде Жошының жанын ауырт­қан Шағатай інісінше шаға­ды. Сырттан келген дау емес, қару­ланған қол емес, іштен жеген «жау» жаман. Ол қандай «жау» десеңіз, ханзада кезінде әке жар­лығымен ұлы жорықта жүріп, Құтұқа бастаған екі мыңға жуық ойратты қапыда қырып салу­дың орнына, аман-есен жібере салатыны бар. Сонда тұтқиылдан тап берер жерде тұрып былай ойлайды: «Қаны бір, жаны егіз, салты ұқсас осыншама жұрт бір-бірімен неге сонша бітіспес жаулыққа барады, осыншама қан-қасаптан пайда көретін кім?» деп ойлады. Күшейген сайын маңын жайпап бара жатқан әкесінің мінезін түсі­не алар емес». Осындай жақсылығының арқасында Жошы таңғұттар мен тағы басқа орман елдерін қан шығармай, қарамағына өткізеді. Тіпті кейбір жана­шырлықтары үшін әке тарапынан жазаланады.

Кітапта Жошының туғанынан қазақ даласына келіп хандық құрып, ақырында жазатайым опат болғанына дейін түгел суреттеледі. Байыпты еңбекті оқыған жан ұлт тарихының алтын беттерінен санасына сәуле сіңірері анық.