2009-2010 жылдары «Астана» журналында қызмет істедім, редакциядан үш журнал шығатын, қазақ тілінде және екі қосымшасы орысша. Үш журналға қатар атсалыстым. Бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат әуелі Герольд Бельгерден, кейінірек Анатолий Кимнен сұхбат ал деп тапсырма берді. Мен тек әдебиет туралы, қос жазушының өз шығармашылығына қарап интеллектуалды сұхбат жасадым. Бұл –менің сүйікті жанрым. Алматыға іссапармен Герағаңды іздеп бардым, әуелі телефонмен келісіп алдық. Ол кісі мені оқып жүретінін айтып, бірден ризашылығын білдірді. Алғашында Қарлығаш Исина құрбымды үйіне ертіп апардым. Дастарқанға қазы қойды, шай берді. Кейіннен жазушының үйіне бірнеше мәрте соқтым. Жазушының құдай қосқан жұбайы Раиса Закировна екеуі әрқашан қонақжайлықпен, жылы шыраймен қарсы алатын. Раиса Закировна Герағаңа бек лайық, дүниеге көзқарастары ұқсас адамдар болып шыққаны қуантты. Кейде жазушылардың әйелдері әдебиеттен, өнерден алшақ болады, рухы қабыспайды. Бұл екі жан – бір-бірін әбден тауып қосылған ғазиз адамдар.
Менде Герағаңның 8 кітабы бар. Соның алтауын өзі берген. Әр кітабына дерлік бауырмалдықпен, сонша жақын тартып, автограф жазып берді. Әрбір қолтаңбасында Герағаңның мейірбан жүрегі, жан жылуы, адамды биік бағалайтын тектілігі тұр.
Герольд Бельгер – XX ғасырда қазақ елінде болып өткен аласапырандар мен өзгерістер тудырған, тағдыр айдап, Еуразияның кең даласын жайлаған көшпелі жұрттың асыл тұяғы қазақ халқының сүйікті ұлы болу маңдайына жазылған шыншыл жазушы. Шығармашылығында депортацияланған неміс халқының тағдыры, неміс рухының биіктігі, адам тағдырлары терең суреттелген. Әулеттік романдар жазған жазушы. Кітаптарында автобиографиялық сипат бар, өз бейнесі, аяулы ата-анасы мен туыстары бар. Қазақтың тектілігі бар, қазақтың бауырмал, адамсүйгіш халық екені анық суреттелген.
Герольд Карлович аса ұқыпты, сергек адам болатын. «Резюме» атты орыс тілінде шыққан биоблиографиялық есеп кітабында («Ғылым» баспасы, 2009) өзіне қатысты, шығармашылығын түгендейтін 395 атау көрсетілген екен.
Өз басым «Разлад» атты романын егжей-тегжей талдап жаздым. «Әкем туралы әңгімелер» повесін де талдадым. Сұхбат бергенде маржандай қылып, сауалдарыма жауаптарын өз қолымен жазып берген қолжазбасы менде мұқият сақтаулы. Реликвия деп санаймын. Компьютерді Герағаң қаламады, біреулер сыйға берген екен, басуға зауқы соқпағанын айтты. Мәшіңкесі бар.
Герольд Карлович Бельгердің шығармашылығы туралы екі үлкен эссе жаздым, бірі – интеллектуалды интервью түріндегі эссе, бірі – классикалық эссе жанрында. Міне: 1) «Мне дорог нынешний мой день…». Интервью с Герольдом Бельгером. Журнал «Астана плюс», №6. 2009. Бұл сұхбат «Мәжнүн жүрек» атты кітабыма енді (2013); 2) «Герольд Бельгер. Тек пен жад», эссе. «Қазақ әдебиеті», №46. 31.10.2014. Бұл еңбегім «Сөз хикмет», атты кітабыма кірді, («Дәуір» баспасы, 2016).
Герольд Бельгер шығармашылығына мен әлі талай ораламын.
Бұл кісінің стилі таза реалистік стиль, көргенін, түйгенін жазды, өмірден алынған шынайы образдар жасады. Кітаптарынан сол дәуірдің суретін анық көре аласыз. Қазақстанға жер аударылған Еділ бойы немістерінің өмірі бейнеленген. Ол уақытта ФРГ-да қазақ жерінде неміс диаспорасы бар екенін білмеген де болар.
Жағынуды, мүләйімсуді, мәймөңкені бұл жазушы жек көретіні білініп қалатын. Мұндай адамдар өткен ғасырда туып, бұл ғасырға жұмбақ құбылыс болып қалатын сияқты. Өтірікті малданбайтыны жазуынан сезіліп тұрады. Туған неміс халқын сондай сүйетін қазақ патриоты болды бұл кісі. Қазаққа тән мінездері де анық білінетін. Олай болғаны да шыншыл жаратылысынан екені даусыз.
Қазақша сөйлегенде әншейін тіл білу емес, тілдің сүйегіне дейін, уызынан жарып өскен қаны қазақ, жаны қазақ тереңдікпен түйсінетін. Небір қазақы ескі сөздерді төгіп-төгіп жібергенде қайран қалдырады. Дүниетанымы аса биік адам. Еуропа, орыс, қазақ мәдениетін тел емген.
Ол бетің бар, жүзің бар демей, жалтақтамай сөйлейтін сыйлы азамат, қоғам қайраткері болатын. Соның бәрі шығармашылығында көрініс тапты. Герольд Карловичтің өз әкесі Карл Бельгер «Дом скитальца» атты романында, басқа туындыларында бар, анасы Анна Давыдовна, ағайындары жазушының сүйіп жазған кейіпкерлеріне айналды. Бұл адамдар адал еңбекпен өмір кешкен. Сол таңба барлық іс-әрекетінен, дүниетанымынан танылады.
Қазақ әдебиетінің ардақты ақсақалы Герольд Бельгер маған ақ батасын беріп кетті. Мен үшін ол кісінің әр сөзі қымбат. Кейде телефон арқылы пікірін айтатын. «Көкенай мен Қалқаман» атты әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған соң (22.11.2011 күні) сөйлестік. «Әңгімең өте көркем деңгейде. Оқылуы ауыр, өте тығыз. Мен астын сызып, екі күн оқыдым. Басқа біреу болса оқымас едім. Этнография, тарих, архаизация, ескі сөздер көп. Менің неміс басыма қабылдау қиын тұстары болды. Әңгімең үлгі боларлық. Бірақ қазіргі қазақ түсінбейді», деді Герольд Карлович. Ол кісінің: «Сен туралы пікірімді сұхбаттарымда сала беремін ғой», дегендегі дауыс ырғағы әлі құлағымда тұрған сияқты.
Неміс тіліне 4 әңгімем аударылды. Үшеуі жарық көрді. Екі жинаққа енді. Алматының Гете институтының жобасымен, стипендиясымен 2017 жылдың жазында бір ай Берлинде болып келдім. Бұл туралы «Берлин күнделігі» атты эссе «Ақ желкен» журналының 2018 жылғы №4 санында жарық көрді. Герағаң тірі болғанда бұған қатты қуанар еді деп ойлаймын.
Герольд Бельгер қазақ әдебиеті үшін тау қопарғандай тер төккен адам. Мемлекеттік марапаттары баршылық. Қазақ прозасының томдарын тау көтерген Толағайдай арқалап алып, көз майын тауысып, түпнұсқадан аударғаны қандай ғанибет. Аударма жанрында мол шаруа тындырды, бір адамның өміріндегі алтын уақытын қазақ әдебиетіне риясыз қиды. Қазақ әдебиетін орыс тілінде жарыққа шығаруда Герағаңның орны бөлек, аударманың бүкіл жүгін арқалаған жанкешті жазушы жалғыз өзі бір институт атқара алмайтын интеллектуалды ауыр еңбекпен айналысты.
Адалдықтың өнегесін, тектілікті Герольд Бельгердің өмір сүрген дағдысынан, кісілік асыл жаратылысынан көруге болады. Былайғы жұрттың ол кісіні шындап жақсы көретіні рас. Өте адал, асқан білімді, зиялы, еңбекқор, шыншыл болу, екіжүзділікті, аярлықты менсінбеу – екінің бірінің қолынан келмейтін аса биік қасиеттер.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы