Еңбек • 25 Қазан, 2024

Қадірі биік балықшы

348 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттің экономикалық дамуында Атырау өңірі балық шаруашылығының маңызы зор. Елімізде ауланатын балықтың отыз пайызға жуығы осы облысқа тиесілі. Ризығын теңізден айырған аға буын өкілдері еселі еңбегімен осы өлкенің ғана емес, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Осы бір бағалы кәсіпте үлкен жетістікке жете жүріп, оның қыр-сырын кейінгіге үйрете білген, ұрпақ сабақтастығын жалғаған қадірлі маманның бірі Тағай Жұмашұлы еді.

Қадірі биік балықшы

Ең алғаш елімізде балық шаруашылығын дамыту Атырау облысында іске асқаны белгілі. Соның ішінде қызыл балық – Атыраудың басты бренді.   Өткен ғасырда Каспий теңізінің бекіре тұқымдас балығы мен уылдырығының әлемдік нарықтағы үлесі 90 пайыз болды. Балық кәсібімен айналысатын  шаруашылық теңіз бен Жайық өзенінен қызыл балықты аса көп мөлшерде аулай отырып, еліміздің балық шаруашылығын дамытуда елеулі жетістіктерге жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен кейінгі жылдары бұл салада іргелі жұмыстар атқарылып жатыр. Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.

ва

Осы орайда Атырау өңірінде еңбекқор­лығымен дараланып, өз замандастарына үлгі-өнеге болған Тағай Жұмашұлы туралы сөз қозғамақпын. Еңбек адамдары – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Халық еңбекке бейім болса ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бай-қуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып қалыптасады. Сондықтан қарапайым еңбек адамының, өз ісінің шебері атанған азаматтардың беделін көтеру жұмыстың өнімділігіне сеп болары сөзсіз.

Халқымызда «Еңбегімен ер сыйлы, өн­бегімен жер сыйлы» деген сөз бар. Ерте көк­темнен таңмен таласа тұрып, кеш қарайғанға дейін балық шаруашылығында дамылсыз еңбек етіп, нәпақамды адалынан табамын деген еңбеккерлер көп. Жақында сондай жанның бірі – өз ісінің хас шебері, майталман маман Тағай Жұмашұлының есімі Атырау қаласының Қызылбалық ауы­лындағы көшелердің біріне берілді. Осы сал­танатты іс-шараға жергілікті әкімдік өкіл­дері, ауыл тұрғындары, туған-туыстар жи­­налды. Саланың ардагерлері Тағай Жұ­ма­ш­­ұлының өңір шаруашылығын өркенде­туге қосқан үлесі, еңбектегі қажырлы іс-қимы­­лы, көпке үлгі болған болмысы туралы та­ғылымды естелік айтты. Жергілікті тұрғындар еңбеккердің халқына жасаған қызметін үлкен құрметпен еске алды. Еңбек ардагерінің ұрпағы Аманжол Ұзақбайұлы ауыл тұрғын­дарына ас беріп, құран бағыштады.

п

Тағай Жұмашұлы 1911 жылы бұрынғы Гурьев облысы Новобогат ауданының (қазіргі Атырау облысының Исатай ауданы) Манаш ауылында дүниеге келген. Әкесі Жұмаш қарапайым балықшы болған. 1920 жылы әкесі өмірден өткеннен кейін Тағай 1925 жылға дейін анасының тәрбиесін көріп, жас­тайынан еңбекқор, елгезек болып өседі. 1925 жылдан 1930 жылға дейін өмірдің қиын тауқыметін арқалаған 14 жастағы жас бала балықшы ағайындарына ілесе жүріп қайыққа мініп, кәсіп жасап, отбасын асыраған. Тиянақтылығымен көзге түскен ол 1930 жылдан бастап «Қызылбалық» ұжымшарына қабылданып, еңбек жолын балықшы кәсібінен бастайды. 1935 жылдан звено жетекшісі болып, жыл сайынғы міндетті жоспарын үздіксіз орындап отырады. Соның нәтижесінде 1939 жылы сол кездегі билік тарапынан бірнеше рет марапат алған. 1963 жылы КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының Жарлығымен балық өндіру мен балық өнімдерінің өндірісінде мемлекеттік жоспар мен міндеттемелерді орындауда қол жеткізген табыстары үшін жерлестері арасынан алғашқылардың бірі болып Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұл үлкен жетістік кейінгі ұрпақтарына өшпестей үлгі-өнеге болды. Тағай Жұмашұлы – біздің нағашы атамыз. Оның тұңғыш қызы Марқама Тағайқызы – менің анам. Нағашы атамыз Атырау еліне танымал, ел дәулеті жолында аянбай тер төккен азамат.

Бүгінгі ұрпақ Тағай Жұмашұлының еңбекқорлығы мен жұртына жасаған жақсылығын мақтан тұтады. Осы орайда өткен тарихты дәріптеп, жас ұрпақты тәрбиелеуде осындай еңбек адамдарының ерлігін ұмытпай, үлгі көрсетіп жатқан аудандық, ауылдық әкімдік басшыларына алғысымыз шексіз. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөз бар. Бүгінде Тағай атадан тараған ұрпақ  еліміздің әр саласында еселі еңбек етіп жүр.

Мемлекет басшысы еңбек адамына деген құрметті арттыру маңызды екенін атап айтты. Осыған орай тындырымдылығымен еленген жандарды мемлекет тарапынан қолдап, көтермелеу – игі қадам. Бұл жұртшылықты қоғам ісіне сергек қарауға, елді көркейтуге белсене атсалысуға жұмылдырады. Сол тұрғыда қарапайым кәсіп иелеріне құрмет көрсету, алдыңғы толқын ағалардың еңбегін ұмытпай бағалай білу өз ісінің шеберлерін құрметтеу құндылығын нығайта түсері анық.

 

Қаныш МОЛДАБАЕВ,

ТМД және Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі

АСТАНА