«Салтанат» мемлекеттік би ансамблі қазақ биін жаңа тақырыптармен, бейнелермен байытып, шеңберін кеңітті әрі қазіргі ұлттық сахналық бидің негіздерін дамытты. Бүгінгі таңда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлілігін толық насихаттай алатын жалғыз кәсіби би ұжымы болып отыр.
Аты аңызға айналған ансамбльдің 70 жылға жуық ғұмырында ұжым құрамында сан мыңдаған кәсіби білікті балет әртістерінің үлкен шоғыры еңбек етіп, жас бишілердің бірнеше буыны өз шеберліктерін шыңдады. Гастрольдік сапармен Түркия, Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Франция елдеріне барып, қазақ халқының ұлттық өнерін, дәстүрін, халық биі мен әлем халықтарының билерін паш етті. Биыл да ансамбль үшін жемісті жыл болды. 23 қыркүйек күні Ресей елінің мәдени астанасы Санкт-Петербург қаласында өткен «Балтийский дом» театр-фестиваліне ұсынған түрлі ұлт арасындағы достық, бірлік пен татулықты насихаттайтын концерті жоғары деңгейде өтті. Алпысқа жуық өнер шебері мен балет әртісі қатысқан фестивальді «Салтанаттың» жұлдызы жоғары болды. Ал өнерлі ұжымның елорда халқына әкелген жаңа концерттік бағдарламасында қазақтың ұлттық биімен әлем халықтарының билерін үздік үндестікте ұсынып, көпшілік жоғары бағалады. –Республика күні мерекесі халықпен қайта қауышқалы бұл күннің маңызы мен мәнін одан сайын ұғына түстік. Осынау дәргейі жоғары ұлттық мерекені ту еткен «Салатанат» мемлекеттік би ансамблінің сіздерге арнап әкелген тамаша тартуы көңілдеріңізден шығып, кәсіби би өнерінің құдіреті мен қасиетін жан-жақты қырынан әйгілей алды ғой деп ойлаймыз, – деп әңгімесін бастаған ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген әрі қарай: – Сұлу да сымбатты Алатау бөктерінен айбыны асқақ Арқаға келген сайын ерекше шабытқа бөленеміз. Елордаға табанымыз тигенде шығармашылық жаңалығымызбен бөлісіп, өнерді бағалайтын көрерменнің қошеметін көргенде бір марқайып қаламыз. Бүгінгі «Күн дидарлы Қазақстан» атты концертімізде репертуарымызға жаңадан енген билерді, қазақтың ұлттық және әлем халықтарының билерін, соның ішінде Азия халықтарының билерін топтастыруға тырыстық. Өздеріңізге ұсынған бағдарламамыз да «Азия аңыздары» деп аталды, – деп сөзін түйіндеді әртіс.
Иә, би өнері – тұтас ұлттың тарихынан, өткені мен бүгінінен сыр шертіп, болашаққа бастайтын сегіз қырлы, бір сырлы ғажайып өнер. Әр би қойылымының астарында сол халықтың арман-мақсаты, ұлы мұраты мен ертеңге деген сенімі жатыр. Би деген жай қимыл-қозғалыс емес, сол халықтың салт-дәстүрінен, танымы мен талғамынан хабар беретін өнер. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында ұйымдастырылған кештің шымылдығы премьера «Самғау» қойылымымен ашылды. Атап айтсақ, ансамбль моңғол биі «Вензеля», өзбек биі «Хорезм термәләрі», «Көңілді серуен», «Жастық жалын», тәжік биі «Идона», ұйғыр биі «Долан», корей биі «Кальчум», татар биі «Женихи», қытай биі «Liming», сонымен қатар «Жарық», «Ел салтанаты», «Қыз қуу» сынды ерекше би қойылымдарын ұсынды.
Бекзат өнер салтанат құрған мазмұнды кеште халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Біржан Айтахмет, Асылхан Шалқаров әннен шашу шашты. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында Мәдениет саласының үздігі Рахат Сәрсенов домбыраның үнін әуелетсе, аспапты жанына серік еткен Айгерім Елемесова көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Тарихы терең ансамбльдің Республика күніне арналған концертіне келген Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары шексіз қошемет көрсетіп, жылы лебіздерін білдірді. Кеш соңында ұжымға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Гүлдер» ансамблінің атынан ықылас гүлі табысталды.
Айта кетейік, саф өнерімен танылып, әлемге қазақтың биін насихаттап жүрген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі келер жылы 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Талай дарын ансамбльдің аяғынан тік тұрып, қалыптасуына еңбек сіңірді. Қазіргі таңда жас буын өкілдері де сол сара жолды әрі қарай жалғап, қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтуге атсалысып жүр.