Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамыту, оны жаңғырту мəселелеріне үнемі назар аударып, қоғамның үйлесімді дамуы ұлт денсаулығын қамтамасыз еткен жағдайда ғана мүмкін болатынын үнемі айтып жүр. Медицина саласын дамыту – еліміздің əлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі. Медициналық қызмет көрсету деңгейі арқылы ұлттың даму көрсеткіші айқындалады.
– Ең алдымен, біздің ғылыми қауымдастық халықтың барлық топтары мен əлеуметтік санаттарына медициналық қызметтердің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мəселесін шешудің жолдарын табуы қажет. Бұл мəселенің шешілмеуі – қазіргі уақытта урбанизация үдерісінің жеделдеуінің, ауыл халқының үдере көшуінің негізгі себептерінің бірі. Медициналық мамандардың тапшылығын шешу, олардың дайындығы мен біліктілігін арттыру жолдарын табуымыз керек, – деді академия президенті Ақылбек Күрішбаев.
Академия басшысы қазіргі уақытта, климаттың өзгеруі мен экологиялық жағдай шиеленісіп тұрған жағдайда, медицина мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту мəселелері ерекше өзекті. Әсіресе медицина саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдауға қатысты мәселе көп. Ұлттық ғылым академиясының міндеті – Денсаулық сақтау министрлігіне саланы ғылыми қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құруға жəрдемдесіп, өңірлік Ғылым жəне технологиялар жөніндегі кеңестері арқылы жергілікті атқарушы органдарға өңірлердегі халыққа медициналық қызмет көрсетудің өзекті мəселелері мен міндеттерін ғылыми тұрғыдан шешуге көмектесу екенін айтты.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіштерінің бірі Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін халықаралық рецензияланатын басылымдардағы зерттеушілердің жарияланымдарының көлемі екенін атап өтті.
– Соңғы 3 жылда зерттеушілеріміздің мақалалар саны 2 еседен астам өсті, мәселен, 2020 жылы 469-дан 2023 жылы 955 мақалаға дейін ұлғайды. Соңғы 3 жылда Хирш индексі бар ғалымдар үлесінің артуы – 7,7 пайыздан 15 пайызға дейін өсіп, оң үрдіс байқалып отыр, – деді министр.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде нақты өндірістік міндеттерді шешуде ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайту, қолданбалы ғылымды дамыту қажеттілігін атап өтті. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев медицина саласында аса маңызды болып отырған кадр мəселесін шешуде қолға алынған жұмысқа тоқталды.
– Əсіресе ауылдық елді мекендерде маман тапшылығы қатты сезіледі. Əлеуметтік қолдау аясын арттыру арқылы мамандарды ауылдық елді мекендерге тарту жалғасын тауып жатыр. Биыл медициналық, фармацевтикалық 100 маманды ауылға жіберуге 407 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар дəрігерлердің резидентурада оқып, шетелде тағылымдамадан өтуіне мəн беріп отырмыз, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Көшпелі отырыста баяндама жасағандар медицина саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарды қолдау, балалар медицинасындағы проблемалар мен инновациялар, онкология, микробиологияны дамыту, МƏМС реформасына қатысты ойларын ортаға салды.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қаржыландырудың жетіспеушілігі, маман тапшылығы, медицинаның қолжетімділік деңгейі туралы сөз қозғады. Осы мәселелердің алдын алу, диагностиканы жақсарту мен емдеуге технологияны тиімді пайдалану керектігіне баса назар аударылды. Мұнымен қоса дəрілік заттар мен цифрлық медицинаның отандық өндірісін дамыту қажеттігі айтылды. Өңір басшысы Е.Бөлекпаев осындай маңызды отырысқа мұрындық болған Ұлттық ғылым академиясына алғысын білдірді.
– Қарағанды өңірінің осы отырысты өткізу алаңы ретінде таңдалғаны қуантады. Кеншілер шаһарында отандық медицина саласының дамуына үлес қосқан көптеген медицина майталмандары білім алған Қарағанды медициналық университеті орналасқан. Біз Қарағандының медициналық кадрлар даярланатын отандық денсаулық сақтау саласында өзіндік орны бар орталыққа айналғанын мақтан тұтамыз. Денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға ықпал ететін заманауи инновацияларды енгізу арқылы медициналық білім, ғылым жəне практиканың интеграциясына үлкен мəн береміз. Бұл бағыттағы маңызды қадамның бірі – медициналық қызметтерді цифрландыру контексінде телемедицинаның белсенді дамуы. Аталған оң өзгеріс шалғайдағы елді мекендерде де білікті медициналық көмекке қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік берді, – деді әкім.
Алдағы уақытта көшпелі отырыста көтерілген мәселелер мен оларды шешу жолдарына арналған Жол картасы әзірленеді. Көшпелі отырыс соңында меймандар қарағандылық ғалымдардың ғылыми жаңалықтары мен өнімдерін ұсынған ғылыми-инновациялық көрмені тамашалады.
Қарағанды облысы