Еске алу кеші басталмай тұрып, көпшілік әншінің рухына бір минут үнсіздікпен құрмет қылды. Есті ән тыңдармандары жақсы біледі, Сейілден көз жазып қалған соң рухани досы, қазақтың әнші қызы Роза Әлқожа «Сейіл жүрек» атты сағыныш тұнған әнін жазған еді.
«...Жүрсең-дағы кей нәрсеге кейіп жүрек,
Сендегідей жоқ ешкімде мейір жүрек.
Сейілден соң кетсе-дағы пейіл жүдеп,
Сейіл жүрек, Сейіл жүрек...», деп келетін сағыныш сазын әнші Гүлдана Мақшонова шырқап, кеш көрермендерінің көңілін тербеп, көзіне жас үйірді.
Бұл кештің бұрынғы кештен ерекшелігі, әншінің ізінен ерген ізетті інілері, қаракөз қарындастары ән шырқады. Өнер иесі шырқаған әндерді, сүйіп тыңдаған әуендерін Қуандық Төкенов, Аяжан Әкеева, Арайлым Жүкенова, Ақжол Мүрсәлім, Шыңғыс Сәрсенбай, Ербота Ұзақбаев, Қасиет Мұқатаев, Нұрғиса Рахатұлы, Сейілбек Бохаев секілді таланттар мен «Тәттімбенд» вокалдық аспаптық ансамблі нақышына келтіріп орындады.
Кешке арнайы келген дәстүрлі әннің дүлдүлі, «Арқаның қызыл асығы» атанып кеткен Жақсыгелді Кемалов пен филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов сахна төріне көтеріліп, әншінің шығармашылық жолы, әнге деген риясыз махаббаты, ел ішіндегі сыйы жөнінде естеліктерімен бөлісті.
Сейіл Аяғанның асыл жары, шығармашылығының шырақшысына айналған Қымбат Түсіпбекованы да ел алдына шығарып, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің ұжымы сый-сияпат тапсырды. Өйткені дәл кеш өткен күн – Сейіл әншінің дүние дидарын ашқан күні.
«Ортамызда Сейіл әншінің өзі болғанда, 53 жасқа толар еді. Үйде өнердегі достарымен бірге думандатып жатар ма еді? Еске алу кешінде әндері шырқалғаны жалғыз менің жаныма батпайтынын, сіздерге де оңайға түспейтінін жақсы сезініп отырмын. Өзі үнемі «сұлу ән, саған адалмын» деп отыратын. Расымен, өнерге деген махаббаты шексіз еді. Сол себепті еліне сыйлы болды деп ойлаймын. Сейілді төбесіне көтерген халықтан айналып кетейін», деді көңілі толқып, көзіне жас іркіген Қымбат жары.
Ол ғажап орындаушы ғана емес, сырлы сазгер еді. Кеш барысында ақын Қайрат Асқардың сөзіне жазылған Сейіл Аяғанның «Бал сезім» әнін Ербол Алшынбай тамылжыта орындады.
Аңыз әншінің Астанадан арнайы келген туған інісі Шыңғыс Мұқаев ағасы үнемі шырқайтын «Таңғы тілек» әнін гитарамен орындағанда, ел-жұрт үздіксіз қол соқты. Гитара шертісі, үніне дейін айнымай қалғандығына қайран қалысты.
Сейіл Аяған көпшіліктің жүрегіне «Жас қалам» әні арқылы жол тапқан еді. Ұстазы Қорабай Есеновтен үйренген шоқтығы биік туындыға кезінде бейнебаян түсіріп, онысы «Youtube» желісінде 5 миллионнан аса қаралым жинапты. Ретро-хит есебіндегі әнді төл шәкірті Мұрат Қоңыр шырқап салып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кеш шымылдығы осы туындымен жабылды. Көрермен тік тұрып ықылас көрсетті.
Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің концерт залына көрермен сыймай кеткенін көрдік. Кешті мейірлене тамашалаған өнерсүйер қауымнан біз шын талантқа көрсетілген тағзым мен өнерге көрсетілген құрметті аңғардық. Сейіл ағамыз алты ішекті гитараны қалай қолына алғанын, өнерге келгені жөнінде бір естелігінде былай бөліседі:
«Алты жасымда әке-шешем маған домбыра алып бергені есімде. Ол кезде күні бойы ойын қуып үй көрмейміз. Кешке қарай ұйқыға құлаймыз. Түн ортасы ұйқылы-ояу домбырамен айқайлап ән салатын көрінемін. Әке-шешем көрші-қолаңнан қысылғаннан, ертесіне «балам, түнде айқайлауға болмайды. Күндіз айт әнді», дейді екен. Сөйтсе, әкемнің апасы Қазыкен шешей ата-анама: «оятпаңдар, балаға бір құдірет қонғалы жүр», десе керек. Қазыкен апа кезінде өлең шығарған, ән салып, мандалин тартқан кісі. Кейін домбырам сынып қалды. Содан кеңшарға гитара келді. Қазақ радиосынан Қорабай Есенов құйқылжытып жатады. Қазір қайдам, бізді ол кезде Қазақ радиосы тәрбиеледі ғой. 7-8 жасымда гитара тартып, сол кісілердің орындауындағы және басқа да дәстүрлі әндерді өз әлімше салатынмын. Сөйтіп, домбыраны гитараға алмастырдым. Көбіне гитараны домбыраша тартып, көсіп-көсіп алатыным содан қалса керек. Кейін бұл өз стиліме айналды. Негізі, мен эстрада жанрында жүргеніммен, табиғатым – қазақтың халық әндері».
Міне, содан бері есті әндерді ғана шырқаған Сейіл Аяған ғұмыр бойы сұлу әнге адалдық танытып өтті.
Көпшілік кештен «шіркін-ай, Сейіл салған ән қандай еді!» деп қимай тарқасты. «Бұл Сейіл – тірі қалған оғызыңдай, Гитара – Қорқытыңның Қобызындай» деп басталады ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлының «Сейілдің гитарасы» атты өлеңі. Гитарасы шаңырағында адал серігін үнсіз күтіп, әлі күнге ілулі тұр екен. Иә, оның әрбір ішегі шертілсе, шер сілкінуі мүмкін.
Қарағанды облысы